Елордада балалар обырына қарсы қандай шаралар жүзеге асып жатыр
![Елордада балалар обырына қарсы қандай шаралар жүзеге асып жатыр Елордада балалар обырына қарсы қандай шаралар жүзеге асып жатыр](/storage/storage/element/2025/02/16/mainphoto/142663/1200xauto_U6XZiNF1E4oWnhUJEzfo2iqH3nWMLiTIhsuHWqR9.jpg)
Қазақстанда жыл сайын шамамен 600 бала қатерлі ісікке шалдығады. Бұл туралы Астана қалалық штаттан тыс балалар онкогематологы, жоғары санатты дәрігері Татьяна Саблина елордада коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстанда балалар онкологиялық ауруларын екі ірі республикалық көпсалалы медициналық орталық емдейді. Оның бірі – Астана қаласындағы Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығы. Ал балалар арасында кең таралған онкологиялық ауруларға жедел лейкоздар – қан түзу жүйесінің аурулары, орталық жүйке жүйесінің ісіктері, жұмсақ тіндердің ісіктері, сүйек және ішперде арты кеңістігінің ісіктеі мен бүйрек ісіктері жатады.
Дәрігерлер қатерлі ісікті емдеуде халықаралық стандарттарға сәйкес заманауи хаттамаларды қолданады. Атап айтқанда, қатерлі жасушаларға тікелей әсер етіп, сау тіндерге зиянын азайтатын таргеттік терапия кеңінен қолданылады. Стандартты химиотерапия көмектеспеген немесе ауру қайта өршіген балаларға туыстық және туыстық емес донорлардан сүйек кемігін трансплантациялау жүргізіледі.
Ауруды ерте анықтау – сәтті емделудің басты факторы. Осы мақсатта ерекше белгілерді алдын ала анықтау мақсатында ата-аналарға арналған жадынама әзірленді. Ерте диагностика емнің тиімділігін едәуір арттырады. Онкологиялық аурулардың алдын алудағы маңызды қадамдардың бірі – адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинация. Бұл екпе жатыр мойны, тік ішек және басқа да онкологиялық аурулардың даму қаупін төмендетеді. Қазақстанда 11-13 жас аралығындағы қыздарға аталмыш вакцина Ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілген. Мемлекет балалардағы онкологиялық ауруларды анықтау және емдеу әдістерін жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Ата-аналар мен қоғам дертті ерте анықтаудың маңыздылығын түсініп, уақытылы медициналық тексерулерден өтіп отыруы қажет. Балалардың денсаулығы – ең маңызды құндылығымыз, - дейді Татьяна Саблина.
![Telegram](https://el.kz./static/site/images/tel26.png)