Елордада әйелдер арасында хоккейден турнир өтті
Астанада хоккейден Бұлбұл Картанбай атындағы қайырымдылық турнирі өтті,деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шара Халықаралық әйелдер күніне орайласа ұйымдастырылды. Оған әйелдер хоккей академиясының 6 командасы қатысты.
Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов атап өткендей, бұл турнирдің мақсатының бірі – жазатайым оқиға кезінде зардап шеккен елордалық спорт мектебінің тәрбиеленушісіне қолдау көрсету.
"Турнир үнемі өткізіліп тұрады. Сол себепті биыл демеушілер табатын мүмкіндік болды. Түскен қаражаттың бәрі Диас Мараттың көмегіне жұмсалады. Жас хоккейші бірнеше жыл бұрын жарақат алған, әлі күнге дейін ауыр жағдайда жатыр", - деді Еркеғали Корбозов.
Алайда іс-шараның негізгі күн тәртібі Халықаралық әйелдер күні болды, сондықтан турнирдің барлық қатысушысына сыйлық ретінде жабдықтар мен өзге де спорттық аксессуарлар тапсырылды.
Айта кету керек, Бұлбұл Картанбай – еліміздегі алғашқы әйелдер хоккей академиясының негізін қалаған. Ол сондай-ақ ұлттық әйелдер хоккей лигасының алғашқы Қазақстандық ойыншысы болып саналады.