Жаңалықтар

Елордада ауқымды «Опералия-2024» халықаралық фестивалі басталды

Елордада ауқымды «Опералия-2024» халықаралық фестивалі басталды
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі 03.06.2024 22:18 320

Астанада «Опералия-2024» халықаралық музыка фестивалі басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Іс-шараға Испания, Италия, Қазақстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Грузия, Украина және Чехиядан танымал әртістер қатысады. Қазақстанда екінші рет өтіп жатқан фестиваль - опера, балет және симфониялық өнердің көркемдігін айшықтайтын негізгі мәдени іс-шаралардың бірі.

Фестивальдің ашылуында белгілі итальялық әртістер Дезире Ранкаторе, Альберто Газале және Джулио Пеллигра «Астана Опера» солистерімен бірге опера өнері жауһарларынан ариялар орындады.

Мен Қазақстанға келгеніме және осы маңызды дебюттік қойылымға қатысқаныма қуаныштымын. Мен қазақстандық көрерменге итальялық опера арқылы сүйіспеншілік пен алуан түрлі сезімдерді жеткізгім келеді. Біз орындаған керемет репертуардың арқасында көрермен сахнада сомдаған кейіпкерлердің барлық көңіл-күйі мен эмоциясын терең сезіне алды деп үміттенемін, -  деді Джулио Пеллигра.

Айта кетейік, биыл Қазақстан мен Италия арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. «Опералия» екі ел арасындағы әртістерімен өзара алмасу жоспарларын іске асырудың бір бөлігі болды. Меморандум қазақ мәдениетінің әлемдік мәдени кеңістікте орнығуына мүмкіндік береді.

«Опералия-2024» аясында «Астана Операда» Қытай мен Ресей әртістерінің қатысуымен гала-балет өтті.

Фестиваль қазақстандық опера өнерін насихаттайтын алаңға айналды. Көрерменге Ғ.Жұбанованың «Еңлік – Кебек», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Е.Рахмадиевтің «Алпамыс» және «Қамар сұлу» операларынан үзінді қойылды. Қонақтарға «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің музыкасына, Анвара Садықова мен Алмат Шамшиевтің хореографиясына қойылған «Жәрмеңке» жаңа би нөмірі мен  Steppe Sons фольклорлық тобының балама музыкасына Анвара Садықованың «Сарматтық абыз әйел» атты тағы бір қойылым ұсынылды.

Түрлі елдер мен дәуірлердің өнерін біріктіретін фестиваль 13 шілдеге дейін жалғаспақ. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға