Елордада әскерге аттанған жастарды салтанатты түрде шығарып салды
Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда «Айбынды жастар – Қазақстанның тірегі» әскери-патриоттық акциясы өтті. Осылайша, салтанатты жағдайда көктемгі әскерге шақырылғандар ҚР Қарулы Күштері қатарына қабылданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Әскерге шақырылушылар алдында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов, Астана әкімінің орынбасары Есет Байкен, «Қарулы Күштердің ардагерлері» РҚБ басшылығы, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының генералдары мен офицерлері, әскери колледж ұландары және гарнизон әскери бөлімдерінің мерзімді әскери қызметінің әскери қызметшілері сөз сөйледі.
«Отан алдында азаматтық борыш өтеу – үлкен мәртебе. Бүгінгі таңда елордада жасөспірімдер арасында әскери-патриоттық тәрбие бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Қорғаныс істері департаментімен бірлесіп шақыру науқаны және салалық бағыттағы басқа да іс-шаралар өткізіледі. Биыл Астанадан Қарулы Күштер қатарына 100-ден астам жас жауынгер аттанды. Жақында әскери жиындарды өткізу үшін жаңа кешенді ғимарат пайдалануға берілді. Сондай-ақ, шайқастарға қатысқан ардагерлер ұйымдары, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтары іс-шараларды қоғамдық негізде ұйымдастырады. Қала мектептерінде әскери дайындықтың бірінші курсы оқытылады. Бүгінгі іс-шараны біз дәстүрге айналдырамыз. Өйткені, әрбір жасөспірім Отанды қорғаудың қасиетті парыз екенін білуі керек», – деді Астана әкімінің орынбасары Есет Байкен.
Ол сондай-ақ іс-шара үш кезеңнен тұратынын айтты. Бұл әскери техникамен және қару-жарақпен танысу, болашақ сарбаздарға берілетін тапсырмалар, сондай-ақ әскери концерт.