Жаңалықтар

Елордада 406 мыңнан астам адам спортпен тұрақты айналысады

Бұл туралы қала әкімдігі мәлім етті
Елордада 406 мыңнан астам адам спортпен тұрақты айналысады
Фото: gov.kz 24.01.2023 14:53 1602

Бүгінде елорда тұрғындарының 33,08%-ы дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады, олардың саны 406 мыңнан астам адамды құрайды. Қалада бұқаралық спорттың қалай дамып келе жатқаны туралы онлайн-брифингте Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елордада бұқаралық спортты дамыту бойынша көптеген іс-шара өткізілуде.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша қалада дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде 406 552 адам айналысады. Бұл тұрғындардың жалпы санының 33,08%-ын құрайды. (2020 жыл 370 772 адам, 31,7%). 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 35%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр», - деді Самат Жылқыбаев.

Ол өткен жылы елордада алғаш рет бокс, көркем гимнастика, жекпе-жек өнері орталықтары, жекпе-жек залы ашылғанын еске салды, онда жаттығулар қаланың құрама және спорт мектептері үшін тегін өткізіледі.

Қала тұрғындары үшін жаппай дене шынықтыру сабақтарына қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Көктал-2 және Өндіріс елді мекендерінде екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Онда 10 спорт түрі бойынша мыңға жуық бала жаттығады. Мұндай кешеннің құрылысы тағы екі елді мекенде жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ «Толқын» спорт кешені мен «Жастар» сарайында жөндеу жұмысы жүріп жатыр.

«Бұқаралық спортты қаржыландыру 3 есеге артты. Қ. Мұнайтпасов атындағы футбол стадионы мен «Қазақстан» спорт сарайын қайта құру және жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Жоспар бойынша аяқталу мерзімі – 2024 жыл. Бұдан басқа 2022 жылы қалада мамандандырылған спорттық медициналық орталық және «Арғымақ» ат-сауықтыру кешені ашылды. Спорттық медициналық орталық спорт медицинасын, оңалту және қалпына келтіру саласындағы ең заманауи жабдықтармен жабдықталған. Түрлі деңгейдегі жарыстарға, оқу-жаттығу процесіне медициналық сүйемелдеуді жүзеге асырады. Спорттық және басқа да жарақаттардың алдын алу, емдеу, қалпына келтіру секілді жағдайлар қарастырылған», - деді спорт басқармасының басшысы.

Ат спорты кешені ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлерін (конкур, көкпар, аударыспақ, бәйге, теңге ілу, жамбы ату) дамытуға, сондай-ақ иппотерапия әдісімен мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуға мүмкіндік береді. Бұл жұмысты 2023 жылы бастау жоспарланып отыр.

Елордада жоспарланған спорттық іс-шараларға келетін болсақ, 19 ақпанда қалада жыл сайынғы «Бұрқасын-2023» қысқы фестивалі өтеді. Оның алаңында шаңғы жарысы, гір тасын көтеру, белбеу күресі, арқан тарту, авто және мотоспорт және т.б. сияқты 10 спорт түрінен жарыстар өтеді.

Бұдан басқа, алдағы ақпан-наурыз айларында қысқы триатлоннан жарыстар, ат спортына бірнеше жарыс, «солтүстік өңір» көкпары, сондай-ақ алдағы Наурыз мерекесіне байланысты бірқатар бұқаралық спорттық іс-шаралар жоспарланған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға