Жаңалықтар

Елорда құтқарушылары мұзойыққа түсушілерге ескерту жасады

Шомылу рәсіміне 52 жеке құрам қызметкерлері, 11 бірлік техника жұмылдырылған 
Елорда құтқарушылары мұзойыққа түсушілерге ескерту жасады
18.01.2020 21:27 3333

Шоқыну мерекесіне орай мұз ойықтарға шомылу рәсімі бүгін де бұқаралық сипат алды. Елорданың «Градн Алатау» ТК ауданы және «Астаналық» саябақ жағалауында шомылушылар үшін жағдай жасалған. Ал суық суға түсушілерді Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері қатаң бақылауға алған. Сонымен бірге, аталған екі орында 4 жедел жәрдем бригадасы мен 12 құтқарушы кезекшілік атқаруда. Астананың саршұнақ аязына қарамастан суға шомылып жатқандардың қарасы көп. Осы ретте, El.kz тілшісі шомылу науқанына қатысып, ондағы қауіпсіздік қызметімен танысып қайтты.

(Суретте: «Градн Алатау» ТК ауданында шомылуға арналған орын)

Шомылушылар арасында балалар да бар. Олардың қауіпсіздігі ерекше назарда. Құтқарушылар оларға суға түспес бұрын арнайы ескерутлер жасап, судан шыққан беттен ата-анасының немесе сенімді өкілдерінің күтіп тұруын қадағалауда. Сонымен бірге, шомылушыларға сүлгі мен халат дайындап тұратын адамдарды сайлап қою керектігін, аяқта резеңке аяқ киім болуына ерекше мән беруде.   

– Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Шоқыну мерекесіне байланысты суға шомылу орындарында 52 жеке құрам қызметкерлері жұмылдырылды. Сонымен бірге, 11 бірлік техника қызмет жасауда. Сонымен қатар, жергілікті әкімшілік пен полиция қызметкерлерімен арнайы орындарда бақылау күшейтіліп, медицина қызметкерлері де түні бойы кезекшілік атқарады. Шомылу басталар уақытта арнайы рейд жұмыстары жүргізіліп, ескерту парақтары таратып, түсіндіру жұмыстарына да мән беруде. Бұқаралық сипат алған бұл рәсім аяқталғанша төтеншеліктер кезекшілік атқарады, - деді Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Эльдор Раимбеков.

Құтқарушылар балаларға, суық суға алғаш түсушілер мен егде жастағы, денсаулығы нашар адамдарға мұз ойықтарға түсу қауіпті екенін айтады. Бұл қатарда алкогольді ішімдік ішіп шомылушылар да бар.

– Мұз ойықтарға шомылу науқаны басталмас бұрын адамдарға ескерту парақтарын таратып, түсіндіру жұмыстарын жасадық. Қазір 6 құтқарушы «Градн Алатау» ТК ауданында кезекшілік атқарудамыз. Әзірге төтенше жағдайлар тіркелген жоқ, - деді құтқарушы Нұрлан Бекенов.  

(Суретте: Бой жылытуға арналған көлік)

Жалпы, шомылу кезінде терең тыныс алып, демді ұстаған күйде суға кіру ең бірінші талап. Ал шомылардан бұрын денені қыздырып, түрлі жаттығулар жасау қажет екен. Суық суға бірінші аяқпен түсетіндіктен оның сезімталдығын жоғалтпау өте маңызды көрінеді. Ол үшін ойыққа ыңғайлы, тайғанамайтын әрі оңай сырғитын резеңке аяқ киім кию міндетті.

– Суға шомылу өте ыңғайлы жасалған. Судың тереңдігі 1 метрге шамалайды. Арнайы баспалдақтар арқылы мұзойыққа түсуге болады. Одан соң әйелдерге және ерлерге арналған жылы палаткаларда киінуге мүмкіндік бар. Одан бөлек, жылынуға арналған көліктердің бар екені айтылды. Негізі, ойыққа жетуге дейін ең дұрысы бәтеңке немесе жүн шұлықты қолданатынмын. Бұл жолы оған қажеттілік болған жоқ. Өйткені, киіну орны мен мұзойыққа дейін тақтайдай тегіс ағаш еден қойылған. Сондықтан резеңке аяқ киім кидім. Бұл судағы қатты тастардан аяқты жарақаттап алмас үшін қажет болды, - дейді шомылушы Аида.

Расында, ойықтарға баспалдақтар арқылы түсуге мүмкіндік бар. Олардың беріктігін құтқарушылар сәт сайын бақылауда. Бір мезетте 100-ге жуық адам сиятын арнайы палаткалар да бар. Осымен 7 жыл қатарынан суға шомылатын Ернар биыл күзет пен бақылаудың күшейгенін әрі шомылушыларға жағдай жасалғанын ерекше атап өтті.

– Биыл шомылуға өте ыңғайлы орта жасалған. Әрі күзет күшейген. Бұл өте орынды деп санаймын. Себебі, ойықтарға баспен секіретіндер бар. Бұл суық судан есеңгіреп қалуға апарады. Кейбіреулер өзін көрсету үшін мұз ойықтар 1 минуттан артық тұруды да ойлайды. Бұл да қауіпті саналады. Сосын кейбір адамдар былайғы уақытта жүзе алатын болса да, суық судан оны ұмытып қалуы мүмкін. Сондықтан артық әрекетке бармаған жөн, - дейді қала тұрғыны.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға