Жаңалықтар

Қараусыз иттерге қамқорлық қажет

Елордадағы ит питомнигінің бүгінгі ахуалы 
Қараусыз иттерге қамқорлық қажет
07.08.2019 11:18 9790

Қазақстанда үй жануарларының қараусыз қалуы мен қоғамдық орындарда жүруі қалыпты құбылыс. Осындай келеңсіздіктің алдын-алуы үшін арнайы мекемелер жұмыс істейді. Алайда сол кәсіпорындарда жануарларды ұстау мен күтіп-баптаудың бекітілген қағидаты жоқ. Қалай дейсіз ғой?! Мәселен, Нұр-Сұлтанда ит атудан гөрі аулауға басымдық берілсе де, бас шаһардан тысқары жатқан аудандарда ит өлекселерінен аяқ алып жүру мүмкін емес. Петропавлда да оқтын-оқтын оқтың даусы естіліп, тұрғындардың тынышын алатын сәттер жиі болады. Ақтөбеде бір жылдың ішінде ит-мысықты атуға 54 миллион теңге жұмсалады екен. Қыруар қаржы қаншама тіршілік иесінің көзін жоюға жаратылады. Сонда ит пен мысықты ату соңғы шешім бе?

(Суретте: иттерді қадағалаушы)

Иесіз ит пен мысық неліктен азаймайды?

Қазір иесіз ит пен мысықты атып, «қырып» тастаудан басқа амал жоқ. Жауапты мекемелердің сөзі осы сыңайда. Дегенмен, белсенді топтар мәселе мұнымен шешілмейтініне сенімді. Себебі, бір иттің көзі жойылғанмен, жылында екі рет ұрпақ тарататын тіршілік иелері өздігінен көбеймесе, азаймайды. Сондықтан оларға вакцина егіп, залалсыздандыру мен кастрация (ұрпақ тарату мүмкіндігін шектеу-авт.) жасалуы тиіс. Сонда ғана қаңғыбас иттер мен мысықтар қатары азайып, бұл мәселе жүйеленеді. Десе де, аталған жұмыстар жауапты мекемелерде үнемі жүргізіліп отырады. Бірақ өз нәтижесін берер емес. Неге? Себебі, кастарция жасату науқаны жылында бір-екі мәрте ұйымдастырылады. Оның өзінде белгіленген уақыт аралығында ғана ит пен мысығыңызды тегін емдете аласыз. Мысалы, бас шаһарда тамыз басталғалы бері ит пен мысығын құшақтап «Византия» ветеринарлық медицина орталығында кезегін күткендердің қарасы қалың. Қазірдің өзінде тегін кастрация жасау кезегі қыркүйекке дейін бос емес. Демек, елордалықтардың көбісі үй жануарларын залалсыздандырып та, кастрация жасатып та үлгермейді деген сөз. Ал бұл аталған түйткілдің түйіні тарқамайды дегенді білдіреді. Жыл санап иесіз иттердің өздігінен көбейіп жатуының бірден-бір себебі осы. 7-8 күшікті бір-ақ туатын төбеттер иелері оның күшіктерін далаға тастамасқа шарасы жоқ. Кейбірі питомниктерге өткізіп те жатады. Ал қожайындарға ит пен мысығына кастрация жасатып алу қалтаға ауырлық түсіреді. Үй жануарын өзіңіз емдетіп, популияциясын тоқтату құны 10-15 мыңның айналасында. Бұл операция жануарлардың қарнын тіліп жасалатындықтан оның тігістерінің жазылуы үшін кемі екі апта уақыт қажет. Жараның жазылуы үшін үнемі қадағалап, арнайы стирилдеп отыру тағы бар. Бұл жануар иелерінің қолынан келмейтіндіктен қожайындар оларды ветеринарлық орталықта қалдыруға мәжбүр. Ал мұнда ит пен мысықтың бір күн түнеп шығуы 5 мыңның шамасында. Енді есептей беріңіз...

(Суреттерде: Нұр-Сұлтан қаласындағы ит пен мысық питомнигінің аумағы)

Питомниктегі тазалық пен тәртіп  

Тағы бір мәселе жауапты мемлекеттік мекемелердің жұмыстарына салғырт қарауы. Басқа өңірлерді былай қойғанда, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Астана ветсервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны қарамағындағы питомник «ит байласаң тұрғысыз» жағдайда. Жыл сайын қазынадан қыруар қаржы сұрататын аталған мекеме жалғыз питомниктегі жұмысты жөнді үйлестіре алмай келеді. Бұлай деуміздің өзіндік себебі бар. Питомник айналасы алқам-салқам, іші қоқыс пен жануарлардың дәретіне кілкіп тұр. Мал ветеринары мен қызметкерлердің арнайы киімсіз жүретіндігін айтудың өзі артық. Мұнда тау-тау болып үйілген қоқыстар жаңбыр мен қар суынан сіресіп, қатып қалған. 300 итпен мысыққа арналған алқап шұрық-тесік қаңылтырмен қапталған. Сол себепті иттер питомниктің сыртында босып жүреді. Ал ескертпелерін ескерте алмаған мұндағы тұрғындар иттерді өздері өлтіруге көшкен.  

(Суреттерде: Нұр-Сұлтан қаласындағы ит пен мысық питомнигінің аумағы)

Юлия Педченко, «Стоп отлов» қозғалысының жетекшісі:

Тұрғындар иттерден қорқа ма, әлде жиіркенеді ме түсінбеймін. Питомниктің сыйқын өздері көріп жүр. Барлығы ашық-шашық, тесік. Иттер сол тесіктерден шығып-кіріп жүреді. Бұл дұрыс емес. Қоршаулардан жануарлар шықпауы керек. Бірақ бұған назар аударатын жергілікті билікте адам жоқ. Сондықтан жағдай осындай. Алайда солай екен деп иттерді дәрі беріп, өлтіруге болмайды ғой. Бірде ауладан 10-шақты иттің өлекселерін жинадық. Бұл осындағы тұрғындардың тірлігі деп түйдік. Мұның барлығы «Астана ветсервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны басшылығының бюджеттен бөлінген қаржыны жүйелі жаратпауынан орын алып отыр. Себебі, алақандай аумақты тазарту мен иттерді топтастыратын қоршаулар салуға көп те ақша кетпейді. Сыртын қоршау жұмыстары 200 мың теңгеге бітетін іс. Егер жұмыс күшін тарту мәселе болса, соны еріктілердің өздері-ақ жасауға дайын. Ол үшін біздерге соқыр тиын да қажет емес. Барлығын тегін жасаймыз. Талай мәрте қала әкіміне, жауапты кәсіпорынға ұсыныстарымызбен шықтық. Біздерге құрылыс материалдарын сатып алып берсеңіздер, біздер барлығын реттейміз дедік те.  Ешқайсысы ескерілген емес. Олар мұны қалыпты, жануар күл-қоқыстың ортасында болуы керек деп санайды. Ал жаңа әкімнің табалдырығын бастырмайды, - дейді ол.  

(Суретте: Иесін күткен мысық)

Ұйым жетекшісінің иттерді топтастыруға арналған қоршаулар туралы сөз етуінің жөні бар. Өйткені, мұнда жеткізілген ит пен мысықты аталған мекеме 60 күн ас-сумен қамтып, тұрақтатуға тиіс. Осы уақыт аралығында иелері табылмаса олар белсенді топтардың қолына тапсырылады. Ал еріктілер жаңа қожайын іздеп, жануарларды табыстағанға дейін оларды қалтасынан ақша шығындап, тамақтандыруға жауапты. Яғни, мұнда арнайы қоршаулардың болмауына байланысты еріктілер келгеніне 60 күн толмаған ит пен мысықты да тамақтандырып келеді. Тіпті, мұнда чиптелмеген иттердің көптігі сондай олардың ұрғашысы мен еркегін ажырату қиын. Бұл жөнінде мекемеде арнайы мәлімет те жоқ болып шықты. Мұның себептерін аталмыш мекеме басшысының орынбасары Медет Қылышбаев былай түсіндірді:

– Питомниктегі тазалықтың сақталмауына иттердің шамадан тыс көбеюі түрткі. Бұл питомник 300 итке арналған. Ал қазір мұнда 700-ден аса ит бар. Яғни, 400 ит артық, - деді ол.

Ал 500 итке арналған жаңа питомниктің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуге дайын болса да неліктен жұмысын бастамай тұрғанына қатысты басшы орынбасары жарытып жауап бермеді. Ең қызығы, жаңа питомникке ескі питомниктегі артық 400 ит көшірілмейді.

(Суретте: Нұр-Сұлтан қаласындағы ит пен мысық питомнигінің аумағы)

Ит пен мысықты кімдер қоректендіріп отыр

Бөлінген қаражатты ретімен жарататын болса, 300 емес, 700 итті де жеке үйшікте ұстауға мүмкіндік бар дейді зооқорғаушылар. Сондай-ақ, бұралқы иттердің аштан қатпасы үшін күніне 4-5 қап жарма сатып алынады. Азық белсенділердің қалтасындағы соңғы тиынға алынатын кездер де болады екен. Мұны ешкім жоққа да шығара алмайды дейді олар. Күніне салмағы шамамен 100 келідей болатын жармаға сауда орындарында еті сылынған құр сүйек қосылып 700 литр ботқа қайнатылады. Бұл иттердің кешкі және түскі асы саналады.

– «Стоп отлов» қозғалысының белсенділері «күл болмасаң бүл бол» деп қолды бір сілтеп тастап кетсе де болады. Себебі, біздер бұл еңбегімізге ақы алып отырғанымыз жоқ. Алмаймыз да. Біздер мұндағы ит пен мысыққа жанымыз ашиды. Сондықтан барлығын тастап кетуге дәрмен жоқ. Біздер питомникті қоршап, 60 күндіктер, көпкүндіктер, жынысы бойынша иттердің арнайы үйшіктері болғанын, тазалықтың сақталғанын ғана сұраймыз. Ең сорақысы, мұнда қызметкерлер мен еріктілерге арналған дәретхана салуды да айтып келе жатқанымызға біршама уақыт өтті. Арнайы қоршаулар болса, мемлекеттік мекеменің тәулігіне 60 күн толмаған ит пен мысықты қалай тамақтандыратынын көрген болар едік, - дейді Юлия Педченко.

(Суреттерде: Нұр-Сұлтан қаласындағы ит пен мысық питомнигінің аумағы)

Қомақты қаржы қайда жұмсалады?

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Астана ветсервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына аталмыш мәселелерді шешу үшін қазынадан 113 млн. теңге бөлінген. Қыруар қаражат осы проблемаларды реттеуге жетпей ме деген сұраққа мекеменің бас маманы Асем Мусина:

– Ит пен мысықты аулауға және арнайы пештерде өртеу шараларына 70 млн.теңге жұмсалады. Сырқаттанған иттерді емдеу, олардың денсаулықтарын сақтау үшін 23 млн. теңге қаралса, 20 млн. теңгеге тұрғындардың ит пен мысықтарын тегін залалсыздандыру мен кастрация жасатуы жоспарланған. Осы қаржының 2 млн. теңгесі иттерді чиптеуге жұмсалмақ. Жоспар бойынша 8000 ит, 3000 мысыққа вакцина салу көзделген. Сондай-ақ, қала тұрғындары өздерінің ит пен мысығын питомникке келмей-ақ, арнайы сайттан көре алады, - деді ол.

(Суретте: Үй жануарларына егілетін вакцина) 

Бір қызығы, мекеме қызметкерлері мұнда 60 күн толмаған иттердің нақты санын білмейді. Сонымен бірге, бас маман айтқандай, ит пен мысығын іздегендер мекеме сайты арқылы питомникке түскен үй жануарларының тізімін көре алады деген өтірік болып шықты. Себебі, аталмыш сайт соңғы бір жылда жаңармаған.

Жанайқайымыз жоғарыдағыларға жетпей жатыр деген зооқорғаушылардың өтінішімен аталмыш мекеменің ит аулау шарасына да қатыстық. Әсіресе, құрылыс маңында қаңғыбас иттерді көп кезіктіруге болады.

(Суретте: қала тұрғынының бұралқы иттердің көп жүретін жерлерін көрсетіп тұрған сәті)

Мына күшіктердің жүргеніне 2-3 аптадай болды. Осы маңайда құрылыс жүріп жатыр. Ол жерде күшіктер өте көп. Қабырғалары жабысып, тек терілері қалған. Аяп кетіп, мына үш итке тамақ бергенмін. Үйреніп алып, ауладан кетпей қойды. Ал өзімінің үйде үлкен итім бар. Бұларға да қомқорлық танытуға мүмкіндік жоқ, - деді Ұлытау, 38 үйдің тұрғыны.

Шаһардың шетаймағында иттерді үй ауласының сыртына байлап бағу да белең алған. Десе де, аталған мекеме осындай өрескел қателікке бой алдырған тұрғындарға ескерту беруге құқықтары жоқ. Сондықтан Бостандық, Ұлытау көшелерінің учаскелік полицейлеріне аталмыш мәселені назарға қоямыз. 

(Суретте: Бостандық, 1 үйдің қас беті)

Қаңғыбас иттердің көбеюіне жануарлардың жауапсыз қожайындары да кінәлі. Сондай-ақ, жергілікті биліктің мәселенің салдарымен күресіп, себебіне үңіле алмай отырғандығынан болып отыр. Питомниктегі төбеттер қоқыспен ойнап жүргенін ескерсек, олардың денсаулығы жайында әңгіме қозғап, «екпе егіліп жатыр» деп есеп беріп, қаржыны көкке шашу қисынға сыймайды. Қысқасы, жергілікті атқамінерлер «ит не жесе, соны құсады» дегенді ескерсе дейміз.

(Суреттер автордыкі) 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға