Жаңалықтар

Елорда тұрғындары мен қонақтары еврей, неміс, болгар мен поляктардың фольклорларына терең бойлай алады

Елорда тұрғындары мен қонақтары еврей, неміс, болгар мен поляктардың фольклорларына терең бойлай алады
27.08.2019 18:06 2188

28 тамызда сағат 17:30-де елордалық Жетісу саябағында (Сарайшық,13/1) Конституция күні мен Еуропалық мәдениет күніне арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының мерекелік концерті (Этнос күні іс-шаралар кезеңі аясында) өтеді.

Мерекелік концертке Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, мемлекеттік орган өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, елордалық этномәдени бірлестіктер мен БАҚ өкілдері қатысады деп күтілуде.

Шара барысында қоғамдық бірлестіктер мүшелерінің шығармашылық бағдарламасы бойынша арнайы нөмірлер көпшілікке ұсынылады. Өнер көрсететін шығармашылық ұжымдар қатарында «Алеф» еврей мәдени-ағартушылық және қоғамдық-саяси қоғамы», Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысының «Возрождение» немістер қоғамы», «Злата» болгар мәдени орталығы» мен  «Polacy» қоғамдық бірлестігі бар.

Ұйымдастырушылардың ақпаратына сәйкес, аталмыш шарада көрермендер еліміздегі этностардың мәдениетімен, әдет-ғұрыптарымен танысып, олардың  фольклорларына терең бойлай алады.

Ол бойынша еврей, неміс, болгар мен поляктардың ғажайып жақұттары көрермендерге жіті таныстырылады. Фестиваль барысында елорда тұрғындары мен қонақтарына ұлттық билер мен театрландырылған көріністер ұсынылады. Әрі белгілі әндер шырқалады.

Еуропа мәдениеті фестивалі бір ай бойы өткен «Этнос күні» іс-шаралар кезеңін қорытындылайды.

Сахна алаңындағы киіз үй жанына «Шығыс қырлары», «Славян мәдениеті күні», «Кавказ мәдениеті күні» және «Еуропа мәдениеті күні» дәстүрлі фестивалдерінің қатысушылары жиналып, барша жұртшылыққа игі тілектерін жеткізеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға