Жаңалықтар

Елорда мектептерінде оқушылардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі

Елорда мектептерінде оқушылардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі
Фото: Астана әкімдігі 07.02.2025 14:09 97

Елорданың білім беру жүйесінде 800-ден астам ұйым бар. Қаланың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазіргі уақытта қаладағы барлық оқу орны автоматты өрт дабылы жүйесіне қосылып, 100 пайыз цифрлық бейнебақылау, турникет және бірінші санатты лицензиясы бар күзет ұйымдарымен жабдықталған. Сондай-ақ, барлық камера мен дүрбелең түймелері басқару орталығына қосылған.
Білім басқармасы балаларға қатысты қауіпсіздік іс-шараларын күнделікті бақылауда ұстайды.

«Құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмыс күшейтілді. 2024 жылы алдын алу кеңестері бойынша 2018 отырыс өтті, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 89,6%-ға көп (2023 жылы – 1064). Ювеналды полиция есебінде 193 кәмелетке толмаған бала тұрса, мектеп есебінде 785 оқушы тұр, бұл көрсеткіш 154,1 пайызға өсті, бұл білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмыстардың күшейтілгенін көрсетеді. Есепке алынған кәмелетке толмағандармен жұмыс жеке жоспар бойынша жүргізіледі; әрбір мектеп оқушысы мен колледж студенті үшін әлеуметтік портрет құрастырылды.

Оқушылар арасында жанжал туындаған жағдайда жедел әрекет ету үшін 16 мобильді топ құрылды, - деді қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары.

Елорданың жалпы білім беретін мектептерінде қосымша білім беру ұйымдарының 135 филиалы жұмыс істейді, оларда 213 556 оқушы, ал мектеп жанында жұмыс істейтін үйірмелерде 84 377 оқушы білім алуда. Қаладағы оқушылардың 81,5 пайызы үшін бос уақытты тиімді ұйымдастыру іс-шарасы қолға алынған.

Кәмелетке толмағандар арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында іс-шаралар өткізілуде.

Сонымен қатар, арнайы «Психологиялық қолдау орталығы» құрылды, оқушылар мен ата-аналарға тегін психологиялық және консультативтік көмек көрсететін кабинеттер жұмыс істейді. Қорғаншылық және қамқоршылық қызметін күшейту мақсатында қосымша 100 әдіскер бөлінді. «Жаңа оқу жылынан бастап педагогикалық психологтар үшін қосымша 200 штаттық бірлік бөлінді, - деді спикер.

Қалалық прокуратурамен бірлесе отырып, өмірлік қиын жағдайға тап болған балалардың баспанасы, тұрмыстық жағдайы, материалдық жағдайы тексерілуде. 3673 тексеру өткізіліп, анықталған 42 отбасыға психологиялық-әлеуметтік көмек көрсетілді.

Білім беру ұйымдарында бұзақылыққа қарсы бағдарлама жүзеге асырылуда. Осы мақсатта пилоттық жобаға 5 мектеп енгізілді.

Осы бағдарлама аясында бұзақылықтың алдын алу және азайту (сабақ, тақырыптық ауысым, бірлескен оқу) және анықталған буллинг жағдайларын шешу бойынша іс-шаралар жүргізілуде.

Бұл ретте бес мектепте DosbolLIKE бағдарламасы жүзеге асып жатыр.

Осы бағдарлама аясында мұғалімдер «Білім беру ұйымдарындағы буллингтің алдын алу бағдарламасының ғылыми-тәжірибелік негіздері» тақырыбында біліктілігін арттырудан өтеді.

Елорданың білім беру ұйымдарында QR коды бар «Balaqorgau» тақтайшалары орнатылды. Оқу орнының әр бөлімінде 111 сенім телефоны жұмыс істейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға