Елорда әуежайында 19 рейс кешігіп жатыр
Елорданың Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы штаттық режимде жұмыс істеп тұр, дегенмен, кейбір рейстер кешігіп жатыр. Бұл туралы El.kz ақпараттық агенттігі әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қазіргі кезде ұшып келуі тиіс 13 рейс, ұшып кететін – 6 рейс кешігіп жатыр.
Рейстердің кешігуіне ауа райы жағдайы мен осыған байланысты әуе кемелерінің кеш ұшуы себеп болған.
Әуежайда, соның ішінде ұшып-қону жолағында қар тазалау жұмысы үздіксіз жүріп жатыр.
Жолаушылар соңғы ақпаратты call-орталықтардан, сондай-ақ анықтама бөлімдерінен ала алады.
Еске сала кетсек, бұған дейін желтоқсан айында да елорда әуежайында қолайсыз ауа райынан ұшақтар кешіккен еді.
Кеше Астана әкімдігі 35 градус аяз болатынын ескертіп, тұрғындарды абай болуға шақырды.