«Елорда аруы» дарынды жастар алаңының жеңімпазы анықталды
Астанада «Елорда аруы» дарынды жастар алаңының ақтық сыны өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Байқау бір жыл бойы көптеген іріктеу кезеңін өткізіп, «Қайырымдылық шаралар» аясында балалар үйі бүлдіршіндерін жаңа жылдық мерекелік концертімен құттықтап, «Қарттар үйі» тұрғындарына қасиетті Рамазан айында ауызашар берді, президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен басталған «Ұлттық киімдер» күнінде «Ұлттық нақыштағы киімдер» фотосессиясын өткізіп, «Өз құқығын білу», «Қоғамдағы қыздарға бағытталған қылмыстарға жол бермеу» жөніндегі психологиялық тренингтер сияқты әлеуметтік және мәдени іс-шаралармен жалғасын тапты.
Байқаудың басты мақсаты - еліміздің дарынды жастарын жан-жақты дамыту, ана тілін, төл мәдениетін бойына сіңіріп, ұлттық киімін, өнерін қоғамға насихаттауды үйрету, - делінген ұйымдастырушылар таратқан мәліметте.
Байқаудың ақтық сыны салтанатты шоу-концерт түрінде өтті.
Еліміздің белгілі спорт және мәдениет жұлдыздары, өзге елден келген елшілер және үздік бизнес тұлғалар, жас волонтерлер, жоғары және арнайы орта оқу орындарының белсенді студенттері көрермен болды.
Қатысушы аруларға ұсынылатын киімдер мен әшекейлер 100 пайыз Қазақстан сәнгерлерінің бұйымдарынан тұрды.
Әлеуметтік жоба қатысушылары бұған дейін де қайырымдылық саласын дамытып, қайырымдылық қызметтің ашықтығын, волонтерлердің рөлін арттыру және волонтерлікті дамыту мақсатында қаржы жинап, даяшылар орнына өздері қызмет етіп, үлкен кісілерге құрмет көрсеткен еді. Мұндай шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда, - деп қосты ұйымдастырушылар.
Байқауға қатысушылар өздерін әр қырынан көрсетті. Финалда ең үздіктер марапатталды. Бас жүлдені Айзия Өтебалы алса, 1-орын Жұлдыз Жұмабайға, ал 2-орын Виктория Ночевнаяға берілді. Үздік үштікті Әйгерім Спандияр алса, «Көрермен көзайымы» номинациясы Ақсұңқар Шәкейге бұйырды.