Жаңалықтар

Елорда – Елбасының жүзеге асқан арманы

Профессор, тарих ғылымдарының кандидаты Талғатбек Махметұлының еліміздің астанасы туралы тарихи әңгімелері
Елорда – Елбасының жүзеге асқан арманы
06.07.2020 16:55 5097

Бүгін – Отанымыздың жүрегі, елорданың туған күні. Сонымен бірге мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 80 жас мерейтойы. Мемлекеттік мереке қарсаңында еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласы болуына ат салысқан азаматтардың бірі, Мемлекеттік тарих институтының аға-ғылыми қызметкері, профессор, тарих ғылымдарының кандидаты Талғатбек Махметұлы өз оқырмандарымен онлайн кездесу өткізіп, елорда жөнінде тарихи әңгімелерін айтып берді. 

Елорда – Елбасының жүзеге асқан арманы

Нұр-Сұлтан қаласының, бұрынғы Астананың, оған дейін Ақмола атанған елордамыздың 20 жылдан астам уақыттан бері байырғы тұрғындардың қатарына қосылып, қызмет етіп келе жатқан азаматтардың бірі – Талғатбек Махметұлы. Ғалымның ел тарихына қосқан үлесі ерекше.

Өткен ХХ ғасырда Қазақстанның астанасы болу бірнеше қалаға, атап айтқанда Орынбор мен Қызылордаға, Алматы мен Ақмолаға бұйырған еді. Сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның алғашқы астанасы 1997 жылға дейін Алматы болғаны да баршаға мәлім.

– Мен Алматы қаласында жұмыс істеп, отбасын құрып өмір сүрген едім. Әсем астанамыз болған Алматыны біз осы күнге дейін құрметтейміз. Ол тарихтан өзінің ерекше орнын алған қала деп есептеймін. Жалпы Қызылорданы да кемітуге болмайды. Бұрынғы Орталық Комитетте істеп жүргенде тәуелсіздік алғаннан кейін Қызылордада әріптестерім, өмір сүріп қызмет етіп жатыр. Біразы осы Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатыр. Алматыда отыз бес жыл өмір сүріп, жұмыс істесем, қазіргі елордамызда тұрып жатқаныма 23 жылға жуық уақыт болды. Нұр-Сұлтан қаласының тарихы Қазақстан тарихының құрамдас бөлігі болып табылады, – деді тарихшы.

(Суретте: Профессор, тарих ғылымдарының кандидаты Талғатбек Махметұлы)

Профессор Талғатбек Махметұлы 10 жылға жуық Нұр-Сұлтан қаласындағы Астана Медицина университетінде «Қазақстан тарихы» кафедрасын басқарған. Сонымен бірге ол – өзінің оқыған дәрістерінде, өткізген сабақтарында шәкірттері мен білім алушыларға ел тарихына арнап дәрістер өткізген оқытушы ғалымдардың бірі.

– 1997 жылы алғашқы көшке ілесіп, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласына, бұрынғы Ақмолаға, көшіп келген болатынбыз. Ол кезде Парламенттің Сенат аппаратының құрамында редакциялық баспа бөлімінде бас консультант болып қызмет істейтінмін. Көшіп келгенде бұрынғы Астанада 290-300 мыңға жуық тұрғыны болатын, – деді Талғатбек Махметұлы.

Ақмола қаласының да тарихтан алатын орны ерекше. Ол сонау ертеде орта ғасыр кезінде бастауын Бозоқ қаласынан алған. Бұл туралы тарихтан баршамызға белгілі. Әсіресе 1998 жылы жертөлелердің негізінде архитектор ағамыз, ғалым Кемел Ақышевтің белгілеуі бойынша қазба жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі күні осы Бозоқтың тарихына біз үлкен көңіл бөлудеміз. 

Елорда – Елбасының жүзеге асқан арманы

– Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы деп атауға болады. Ақмола қаласының өрлеу кезеңі Кеңестік кезең болып саналады. Жалпы Бозоқ ертеде болса, кейін Ақмола бекінісі 1830-1832 жылдары салынып аяқталып, Ақмола округі құрылған еді. Кейін 1868 Ақмола округы негізінде Ақмола облысы құрылып, оның құрамына бірнеше уезд кірген болатын. Сол бірнеше әкімшілік аумақтың құрамында Омбы уезі де болған. Омбы – байырғы қазағымыздың жері деп айтуға болады. Менің де туған жерім Омбы облысында орналасқан. Сол жерде туып өскенбіз. Содан кейін бірте-бірте білім алып, Алматылық болып, Қазақстандық болып кеткенбіз. Ақмола облысының сол кездегі тарихтан алатын орны ерекше. Ақмола облысының құрамында бірнеше уезд болды. Соның ішінде Омбы, Көкшетау, Петропавл және де басқа да қалалар болды. Жиырмадан астам әкімшілік ауылдар болды. Жарты миллионға жуық халқы болды. Сол халықтың 75-80 % өзіміздің қаракөз қарапайым қазағымыз еді. Ал енді Ақмоланың екінші өрлеу кезеңі Кеңестік кезеңде шамамен алғанда Қазан төңкерісі болған кезең, 1991 жылдың басына дейінгі кезең деп айтамыз. 1961 Ақмола қаласы сіздерге мәлім Целиноград болып өзгерген. Тың өлкесіне айналған болатын. Сол кезде КСРО-ның басшысы Никита Хрущев тың өлкесін құрып, соның құрамына Қазақстан өңіріндегі бес облысты кіргізіп, кейін сол тың өлкесін толығымен Ресейге қаратып, Мәскеуден тікелей басқармақ болған. Біздің сол кездегі басшыларымыз қарсы болып, әзер дегенде оны тоқтатып, тың өлкесі Қазақстанның құрамында қалған еді. Тың өлкесі кезінде Ақмола біраз гүлденіп, көркейіп экономикалық әлеуметтік жағынан біршама үлкен жетістіктерге жеткен болатын. Бірақ оның кемшіліктері де аз болған жоқ. Әсіресе әлеуметтік ұлттық сипатын алсақ, ол кезде қазақ мектептері жаппай жабылып қалды, – дейді профессор.

Елорда – Елбасының жүзеге асқан арманы

Қазіргі тәуелсіз Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласына өзіндік үлесін қосқан Талғатбек Махметұлы 1994 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесінің хатшылығының құрамында қызмет еткен.

Сол жылы шілде айында кезектен тыс өткізілген пленарлық отырысқа жоғарғы кеңестің басшысы, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келген болатын. Ол кезде марқұм Әбіш Кекілбаев ағамыз бізді басқаратын. Үлкен кеңес құрылып, бір күнге созылып, екі отырыс болды. Сол екі отырыста Нұрсұлтан Әбішұлы баяндама жасап, астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы мәселені көтерді. Сонда өзінің туған күнінің құрметіне, әзіл ретінде айтып, тарту ретінде сыйлық ретінде менімен келісіп, мені қолдайтын боларсыздар деген сауал жасаған болатын. Баяндама барысында астананы көшіру туралы негізгі себептерін түсіндірген еді. Ол кез қиын-қыстау уақытта экономикамыздың құлдырап, талай қиындықтарға ұшырып жатқан кезеңі болатын. Жаппай азық-түлік және басқа бұйымдардың қымбаттаған кезі еді. Бірнеше ай бойы зейнетақы мен жалақы төленбей жатқан кезде соның барлығына қарамастан осындай қиын уақытта неге сондай шешімге бел буғандығы жөнінде бірнеше депутаттар сауал жолдаған болатын. Аталған отырыста сұрақ қойылып, Алматыдан неге көшеміз, осында да мемлекетімізді дамыта бермейміз бе деген сияқты пікірлер айтылды. Бөгет жасап, қарсылық білдіргендер де болды. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы байыпты түрде, дәлелді түрде «Алматының жағдайын өздеріңіз білесіздер, жаңа мемлекет құрып жатқанда жаңа астанамызды көркейтуге бәрібір де қаншама қаражатты жұмсаймыз. Сол қаражатты Алматыда жұмсағаннан Ақмолаға жұмсау әлдеқайда тиімді болар еді» деп оның барлығын дәлелдеген болатын, – деді профессор.  

Елорда – Елбасының жүзеге асқан арманы

Сонымен бірге тарих ғылымдарының кандидаты өз әңгімесінде біздің жаңа астанамыз орталықта болғаны дұрыс. Қай жағынан болса да Ақмоланың алып отырған орны, географиялық Еуразиядағы орталықта орналасқандығы екендігін атап өтті. Сол кездегі Ақмола бүгінгі Нұр-Сұлтан Қазақстанның шығысы мен батысын, оңтүстігі мен солтүстігін барлығын бірыңғай басқаруға, жан-жақты назар аударып отыруға мүмкіндік болатынын да айтты.

 – Және де сол кездегі басшылығымыздың саясаты неғұрлым Қазақстанның астанасын орталықта ұстап, шекарадан алысырақ болғанын ескерген еді. Өйткені әр түрлі қаупі жағдайлардан өзімізді алдын алуымыз, тәуелсіздігімізді нығайтуымыз керек болды. Соның арқасында 1997 жылы 10 қаңтарда алғашқы шепке ілігіп, біз де парламенттің құрамында Ақмола қаласына көшіп келген болатынбыз. Содан бері міне қаншама жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Ал енді тұңғыш президентіміздің 1997 жылғы 6 мамырдағы жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілгені сіздерге мәлім. Ал Астана қаласы өткен жылғы наурыз айында 23 наурызда Нұр-Сұлтан қаласы болып аталған еді. Ал енді Ақмоланың Астана болуы 1997 жылдан басталады. 22 жылдан асып, 23 жылға аяқ басып бара жатыр. Бұл қаламыздың тарихымыздан алып отырған орны ерекше. Халықаралық деңгейде де маңызды қалалардың біріне айналып отыр. Оған дәлел ретінде 1999 жылғы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша бұрынғы Астана қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының бейбітшілік қаласы атағына ие болғанын естеріңізге салғым келеді, – деді ғалым. 

Елорда – Елбасының жүзеге асқан арманы

Қазіргі уақытта біздің астанамыздың, елордамыздың, аумағы – 797,33 шаршы шақырымды құрайды. 2020 жылқы 1 қаңтардағы санақ бойынша қала тұрғындарының саны 1 136 008 адамға жетіп отыр. Қаламызда 4 ауданнан тұрады. Ол Алматы, Сарыарқа, Есіл және Байқоңыр. Нұр-Сұлтан қаласының орталығынан солтүстікке қарай құрғақ далалы өлкеде орналасқан. Қала аумағы жайылма жер бедері түрінде келеді. Есіл өзені елорданың басты су көзі болып саналады. Ауа райы көп континентальді. Қысы суық әрі ұзақ. Ал жаз мезгілі –  ыстық.

– Біз –  өз елордамызды құрметтейміз. Соның белді де, беделді тұрғындарының бірі екендігімізді мақтан тұтамыз. Осы сәтті пайдаланып, барша халықты осы атаулы мерекемен құттықтағым келеді. Қаламыз өркендей берсін! Дәрежесі аса берсін! Қазіргі уақыттағы эпидемияның кезінде біздің қаламызда тағы да төтенше жағдайлар жалғасуда. Соған қала тұрғындарын шыдамдылыққа шақырғым келеді. Бір-бірімізді қолдайық, Президентіміз бен үкіметіміздің тарапынан қойылған міндеттерді қолдап, жүргізіліп жатқан іс-шараларға біз де атсалысуымыз керек. Әрқайсымыз отбасымыздың, өзіміздің денсаулығымызды сақтап, көршілеріміздің де жағдайын ойлауымыз керек. Сондықтан бұл эпидемиядан біз жуық арада арылып, қайтадан тік тұрып, экономикамызды, мәдениетіміз бен ғылымымызды өркендетуге атсалысуға дайынбыз деп тілек білдіргім келеді. Елордамыздың мерекесімен барлық Қазақстандықтарды құттықтап, онлайн кездесуді ұйымдастырған Ұлттық Академиялық кітапхана ұжымына алғысын білдіремін, – деді тарих ғылымдарының кандидаты.

Біз де өз тарапымыздан Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтарын елорданың туған күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қазығын қағып, елдігімізді қалыптастырған, әлеуетін арттырған, бас шаһарымыздың негізін қалаған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегін ұлтымыз әрдайым жоғары бағалайды. Халықты ыдыратпай, береке-бірлігін арттырып, қуатты елге айналдырған Елбасымыздың мерейтойы құтты болсын! Мемлекетіміз мәңгілік елге айналып, тәуелсіздігіміз баянды болсын!


Бөлісу:
(Суреттер:Чингиз Майсеиттікі ) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға