El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі «Үркер-2023» сыйлығын жеңіп алды
«Үркер-2023» баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы ұлттық сыйлықтың он екі номинациясы бойынша жеңімпаздардың есімдері белгілі болды. El.kz тілшісі Амангүл Тілей «Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал» номинациясының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жыл сайынғы ұлттық «Үркер» сыйлығы қазақстандық журналистер қауымдастығы үшін басты сыйлықтардың бірі. Биыл байқау 12 номинация бойынша өткізілуде, оның ішінде медиа саласын дамытуға үлесін қосып жүрген медиа мамандары үшін үш жаңа номинация қосылды. Атап айтқанда, «Үздік халықаралық БАҚ», «Үздік подкаст», «Үздік YouTube каналы».
Байқауға баспа, радио, интернет-журналистика саласында қызмет етіп жүрген журналистерден барлығы 450 өтінім, солардың ішінде ең көбі «Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал», «Жылдың үздік сұхбаты», «Үздік өңірлік БАҚ», «Жылдың үздік аналитикалық материалы» және «Жылдың үздік репортажы» номинациялары бойынша келіп түсті. Үздік жұмыстардың құрамын беделді журналистер, медиа менеджерлер бар қазылар алқасы анықтады.
Журналистика саласындағы «Үркер-2023» жыл сайынғы жүлдесін марапаттау рәсімі Астанадағы «Қазмедиа» орталығында өтті.
Амангүл Тілейге мүсін мен бір миллион теңге табыс етілді.