Елизавета
Тағдыр талқысына түскен аналардың бірі Ташкент қаласында тұратынын біліп алғанмын. Хат жазып хабарластым да. Ал іздеп барып әңгімелесуге де асыққаным рас. Естіп-білуге деген құштарлық мені Ташкент қаласына асықтыра түскендей еді. Себебі онда 1937 жылғы Алматы қалалық және облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Жанайдар Сәдуақасовтың жолдасы, бұрынғы «Алжирдің» тұтқыны Елизавета Александровнаның тұратынын білдім. Наурыздың орта шенінде Ташкент көкорай шалғынға бөленіп жадырап тұрған шағы екен.
Бұдан бұрын Елизавета Александровнаның маған жазған хатында: «Ваше письмо я получила и, конечно очень расстроилась и переживала за все то тяжелое страшное время, за все что пришлось перенести, и что нужно забыть, но не забывается», деп толқи отырып көп нәрсенің астарын ашқандай болып еді. Ол хат менде сақтаулы. Дегенмен де жүз рет естігенше бір рет көрген артық демекші, мен Елизавета Александровнаны арнайы іздеп бардым.
– Мені 1938-жылы март айында тұтқындады. Менің тергеушім «Өзіңізбен көп сөйлесе берудің мүмкіндігі жоқ, алысқа жүретініңізді біліңіз, ал ұлыңызды біз балалар үйіне аламыз», – деп қысқа қайырды. Ол кезде менің ұлым Рүстем екі жаста болатын. Алайда менімен бірге тұратын әпкем Рүстемді өзінің баласы ретінде НКВД-ға келіп өтініш жазып, жалынып әрең алып қалды. Мені «қара құзғынға» отырғызғанда ұлым Рүстем «мама, мама!» – деп жанұшыра айқайлап маған ұмтылды. Амал қанша, жанұшыра сәбиім шырқырап жылап, әпкемнің қолында қалды. Тергеуші мені Алматының түрмесіне алып келіп темір тордың ішіне кіргізді де жіберді. Мен сол күңгірт қапаста төрт ай болдым, сол камерада өзіме таныс, бейтаныс әйелдермен сонша күнім мен түнімді өткіздім. Олардың көпшілігі қазақ әйелдері болатын. Сол төрт айдың ішінде мені тергеуші тергеуге бір-ақ рет шақырды. Тергеу үш-төрт минутқа ғана созылды. Соңдағы сұрағаны «Күйеуіңіз Жанайдар Садуқасовтың контрреволюциялық іс-қимылы жөнінде сездіңіз бе?» – дегеніне мен: «Бұл мүмкін емес. Жанайдар ондай қылмысқа бара қоймайды. Оның ары таза» – деп жауап бердім. Міне, бар болғаны тергеудің барысы осы. 1938-жылы маусым айында камераның кішкене ғана тесігі ашылды да маған үкімге қол қоюды бұйырды. Үкімге «Отанын сатқандардың» әйелі ретінде сегіз жылға бас бостандығымнан айырылғанымды жазыпты. Мен таңдана отырып қол қою керек болған соң қол қойдым. Басқа амалым жоқ еді. Қайсыбір әйелдер сегіз жылға, қайсыбіреулері бес жылға сотталып күңіреніп жылап жатқаны әлі есімде. Келесі күні сол қаптаған әйелдермен бірге мені де тұтқындар вагонына тиеп, этаппен белгісіз бағытқа аттандырды емес пе? Ақмола әйелдер лагеріне алып келді. Дәрігерлік комиссия менің денсаулығымды тексеріп, ТФТ яғни тяжелый физический труд – «ауыр еңбекке жарамды» деп белгі қойды. Иә, балам саған өтірік, маған шын, өмірі қолыма күрек ұстап көрмеген мен көресімді көрдім ғой. Жер де қаздырды, ор да қаздырды. Кірпіш те құйдым, үй де салдым. Құрылыстың саласында істеуіме тура келді. Қар тоқтату жұмыстарына жіберді. Қамыс орып, оны көліктерге тиегенімізді айтсаңшы. Үш жылдан кейін бізді тағы басқа жұмыстарға бөліп тастады. Мені Карлагтың нөмірі алтыншы «Котыр» бөліміне ауыстырды. Айтып-айтпай не керек, маған берілген сегіз жылды тәмамдап Алматыға қайта оралдым. Алматыға келдім-ау, мұнда туыс-туған жоқ болып шықты. Сөйтсем олар Ташкентке көшіп кеткен екен. Екі жасында менен айрылып қалған Рүстемді олар бағып-қағып ер жеткізіпті. Жанайдар Садуақасовтың баласы дегеннен қорқып фамилиясын Мангелдин деп жазған екен. Қазіргі кезде геология-минералогия ғылымының докторы болған Рүстем Мангелдиннің тағдыр тауқыметі осындай. Мангелдин деген фамилия қайдан табылды дейсің ғой. Біздер апалы-сіңілі екеуміз де қазақ жігітіне тұрмысқа шығып едік. Мені халық жауының әйелі ретінде ұстап кеткенде Рүстем әпкемнің күйеуінің фамилиясына жазылып тағдыр жазмыштың қаһарынан аман қалды. Қазір ол Индияда командировкада.
– Елизавета Александровна, күйеуіңіз Жанайдар ағай туралы білгіміз келіп отыр...
– Жанайдар ағаң екеуміз 15 жыл түтін түтеттік. Ешуақытта ренжісіп көргеніміз жоқ. Мен оның ақылды да байсалы қалпын әлі күнге ұмыта қойғаным жоқ. Адал да ақжарқын азамат еді. Және оның «халық жауы» екеніне сенбедім. Себебі ол халқының нағыз адал ұлы болатын.
– Елизавета Александровна, білсеңіз біз 19 ер азаматтың Алматы маңында көмілген жерін аңықтадық. Сол азаматтардың ішінде Жанайдар аға да бар...
– Құдайым-ау, рас па, бұл не дегенің...
Не сенерін де, не сенбесін де білмеген Елизавета Александровна дел-сал қалпында отырып қалды. Әрі жүрек тұсын ұстап, өткен уақыттың елестері көз алдына келгендей дегбірсіздене бастағанда бәріміз: «Сабыр етіңіз, тыңышталыңыз», – деп бәйек болғанымыз рас.
Елизавета Александровна Жанайдар Садуақасов жөнінде көптеген тың деректер айтып берді. Дәл қазірге дейін айтылмаған естеліктер сонау бір кезеңдердің келбетін көз алдымызға келтіргендей болды. Елизавета апай денсаулығы дұрыс болса күйеуінің жатқан жеріне барып тағзым етуді қайта-қайта айта берген еді. Біз қайтарда Ташкент аспаны сұрланып сала берді. Елизавета апай бізді қимастықпен шығарып салды.
– Алматыдағы апайларыңа сәлем айт, балам, – дейді ол әлсін-әлсін.
Жанайдар Садуақасов жөнінде Сәкен Сейфуллин «Тар жол тайғақ кешу» романынан хабардар едік. Одан кейінгі өмірі жөнінде нақты дерек болмағаны да рас. Аналардың өмірбаян деректерінің біршама бай екенін сезгендей болдым. Елизавета Александровна Садуақасова қазір Ташкент қаласында тұрады.
"АЛЖИР" естеліктер жинағы/Құрастырушы: Болат Жүнісбеков
Құрастыруға қатысқандар: Әбдірахманова Лауренсия, Жақсыбаева Рахима,
Ергельдинова Жанар, Айағанова Эльмира, Төлепбергнова Гүлнұр.