Жаңалықтар

Елімнің тағдыры – менің тағдырым!

Ақмола облысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған форум өтті.
17.03.2015 09:02 8766

Ақмола облысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған форум өтті. Форум Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, «Елімнің тағдыры – менің тағдырым!» тақырыбындағы деректі фильмнің көрсетілімімен өрбіді.

Елімнің тағдыры – менің тағдырым!

Сахна төрінен жиналған қауымға құттықтау лебізін білдірген аудан әкімі Құдайберген Бексұлтанов шараның мақсат-міндеттерін таныстырып өтті. «Қазақстан – 2050 Стратегиясында» Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «Бабаларымыз тірі болу үшін бір болса, біз – әрдайым ірі болу үшін бір болуымыз керек» дей келе: «...Алдымен, алдыңғы толқын – аға буын! Сіздердің көрегендіктеріңіз бен өмірлік тәжірибелеріңіз кейінгі буынның ақиқат жолынан адаспай, алға басуына септігін тигізеді.

Ортаңғы буын отандастарым! Сіздердің еншілеріңізге алып империяның күйреп, жас, тәуелсіз мемлекеттің түлеген кезеңі тура келді. Сіздердің күрделі де қиын шешімдер арқылы жинаған өлшеусіз тәжірибелеріңіз – қиындықтардан өтуімізге қажетті баға жетпес қазына.

Ал, кейінгі толқын жастарға айтарым: Сендер – болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер. Біздің бүгінгі атқарып жатқан қыруар шаруаларымыз – тек сендер үшін жасалуда!» деп форумның өзектілігін Елбасының сөзімен айқындай түсті.

Форумда, сондай-ақ, «Шахтер» ЖШС басшысы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Г.Прокоп, аудандық мәслихат депутаты, «Қайнар» ЖШС басшысы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері С.Нығметов, аудандық мәслихат депутаты, «Отқанжар» ЖШС басшысы, және «Құрмет» орденімен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Қ.Отарбаев, Алғабас ауылының тұрғыны, шаруа қо­жалығының басшысы И.Гартман, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша аудандық медицина орталығында балалар дәрігері қызметін атқарып жүрген В.Омельченко, Қытай Халық Республикасынан қайтып оралған қандасымыз, Майоровка аулының тұрғыны Сәбира Тоқан сөз сөйледі.

Форумда сөз алған аға буын өкілдері өз өмірлерін ауданның, егемен еліміздің тағдырымен байланыстыра отырып, өнегелі өмірдің бейнесін айқын да әділ ұштастыра білді. «Құрметті нұралықтар!» деп мемлекеттік тілде сөз бастаған балалар дәрігері В.Омельченко жастарды қалыптасқан егеменді еліміздің шарықтап даму жолында аянбай еңбек етуге шақырса, Қытайдан қоныс аударған қандасымыз С.Тоқан «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген халық даналығында айтылғандай, ата жұртына қайтып оралғанына еш өкінбейтінін, алыстан келген қандастарына есігін айқара ашып, барымен бөліскен бауырмал жұртына алғысын білдірді.

Алғабас аулының тұрғыны, шаруа қожалығының басшысы И.Гартман: «Кезінде тарихи Отаным – Германияға кету мүмкіндігі болған кезде, мен бас тартым. Себебі, менің Отаным – Қазақстан Республикасы!» деді ағынан жарылып.

«Елімнің тағдыры – менің тағдырым!» форумының аясында қатысушылар «АТОМ» жобасының петициясына қол қойды.

Сонымен қатар, сахнаға мектеп оқушылары Зейнікен Мұқағали мен Гизатулина Алина көтеріліп, патриоттық мазмұндағы рухты өлеңдер оқыды. Аталмыш форум аясында аудандық мектеп оқушылары арасында «Үздік шығармалар» байқауы ұйымдастырылған болатын, соның қорытындысы шығарылып, жеңімпаздары марапатталды. Аудандық форумның ресми бөлімі аяқталған соң, көрермендерге концерттік бағдарлама ұсынылды.

Ауданымыздың, еліміздің дамуы жолында бірлесіп жұмыс атқарып жүрген ағаларымыздың өмір жолынан көкейіне керегін кестелеп үлгерген жастар – ерекше толқыныспен, болашаққа деген жаңа сеніммен тарасты.

 

Т.Пішенбаева

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға