Жаңалықтар

Еліміздің жалпы ішкі өнімі 5 пайызға өсті – премьер-министр

Еліміздің жалпы ішкі өнімі 5 пайызға өсті – премьер-министр
Фото: t.me/KZgovernment 12.07.2023 11:04 941

Еліміздің жалпы ішкі өнімі 5 пайызға өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Смайыловтың сөзінше, жалпы ішкі өнімнің өсуіне тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және қызмет көрсету салалары үлес қосты.

Өңдеу өнеркәсібі бойынша машина жасауда – шамамен 30%, оның ішінде автомобиль жасауда – 40%, локомотивтер мен вагондар өндірісінде – 36%, электр жабдықтарын шығаруда 35% өсім тіркелді. Жеңіл өнеркәсіп – 24%-ке, оның ішінде текстиль өндірісі 42%-ке жуық өсті, - деді премьер-министр.

Сусындар, азық-түлік, пластмасса бұйымдары, минералды өнімдер, дайын металл бұйымдары өндірісі де ұлғайды.

Оқи отырыңыз:

Химия өнеркәсібінде өсім – 3,5%-ті құрады.

Тау-кен саласындағы оң серпін шикі мұнайдың 5,6%-ке және табиғи газдың 2,5%-ке ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.

Құрылыста 12%-тен астам орнықты өсім қалыптасты.

Ауыл шаруашылығында өсім – 3%.

Қызмет көрсету саласы шамамен 5%-ке өсті. Ол сауда-саттықтың 10,4%-ке, ақпарат пен байланыстың 8,8%-ке және көлік саласының 7,4%-ке өсуі есебінен қамтамасыз етілді.

Тау-кен өндіруді есепке алмағанда негізгі капиталға салынған инвестициялар 14%-ке жуық өсті.

6 айдың қорытындысы бойынша барлық негізгі макрокөрсеткіштің өсуі Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында тіркеліп отыр. Сондай-ақ өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі Ақтөбе облысында – 8,4%-ке, Қарағанды облысында – 7%-ке, Қызылорда облысында – 1,7%-ке, Батыс Қазақстан облысында 1%-ке жуық төмендеп кеткен, - деді Смайылов.

Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында негізгі капиталға салынған инвестициялардың төмендеуі байқалғанын атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға