Еліміздің үш облысында есірткі таратқан қылмыстық топтар ұсталды
Есірткіні байланыссыз тәсілмен таратуға маманданған ұйымдасқан қылмыстық топтар Батыс Қазақстан, Абай облыстарында және Алматы қаласында құрықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Polisia.kz мәліметінше, Алматы және Семей қалаларында каннабис тобының есірткі заттарын сатумен айналысқан алматылық тұрғындар ұсталды.
Гашиш пен марихуананы сату Telegram қосымшасы арқылы жүзеге асырылған. Топты ұйымдастырушы чат құрып, онда гашиш пен марихуананың әртүрлі сорттарының құны туралы ақпарат салып отырған. Топтың басқа мүшелері өздеріне тиісті қылмыстық рөлдерге сәйкес есірткіні заңсыз сақтаумен, дозаларға бөлумен, оларды Алматы мен Семей аумағында тасымалдаумен және жасырумен айналысқан. Қылмыстық топқа қатысушылар қамауға алынып, ұйымдастырушыға іздеу жарияланды. Жалпы бір килограмнан астам гашиш тәркіленді, - делінген мәліметте.
Орал қаласында тағы бір қылмыстық топ ұсталды. Күдіктілер каннабис тобының есірткісін сатумен айналысқан. Олардан 540 грамм гашиш тәркіленді. Топты ұйымдастырушы Telegram мессенджерінде интернет-дүкен құрып, есірткі сатуға басшылық еткен. Есірткіні өткізу интернет-дүкеннің әкімшісі және жалдамалы есірткі жасырушылар арқылы жүзеге асырылған.