Жаңалықтар

Еліміздің ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев AMSA вице-президенті болып сайланды

Еліміздің ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев AMSA вице-президенті болып сайланды
Фото: Olympic.kz 26.02.2025 23:45 106

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы Әлімжан Ақаев жаңа құрылған Азияның интеллектуалдық спорт түрлері қауымдастығының (AMSA) вице-президенті болып сайланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі ҰОК-ге сілтеме жасап. 

Ол бұл ұйымға Орталық Азия елдерінің өкілі ретінде енді.

Азияның интеллектуалдық спорт түрлері қауымдастығы – Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) мойындаған спорттық ұйым. Ол өңірде интеллектуалдық спорт түрлерін және киберспортты дамытуға жауапты.

AMSA-ны құру туралы шешім кеше Бангкокте өткен құрылтай жиналысында қабылданды. Жиынға 29 елдің өкілдері қатысты.

Азия ойындарының спорттық бағдарламасы Олимпиадаға қарағанда әлдеқайда кең әрі ауқымды. Сондықтан Азия Олимпиадалық кеңесінің бастамасымен аймақта интеллектуалдық ойындар мен киберспортты дамытуға бағытталған жеке ұйым құру туралы шешім қабылданды.

"AMSA-ның басты мақсаты – тек интеллектуалдық ойындар мен спортты дамыту ғана емес, сондай-ақ Азия елдеріндегі спорт федерациялары арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында үлкен жетістіктерге жетеміз деп сенемін", – деді Әлімжан Ақаев.

Айта кетейік, қауымдастық төрағасы болып Азия Олимпиадалық кеңесінің вице-президенті, киберспорт, жекпе-жек өнері және интеллектуалдық спорт түрлері жөніндегі комитетінің төрағасы Гордон Танг тағайындалды. AMSA-ның штаб-пәтері Сингапурде орналасады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға