Жаңалықтар

Еліміздің салық саясатын қандай өзгерістер күтіп тұр?

Еліміздің салық саясатын қандай өзгерістер күтіп тұр?
Фото: pixabay.com 12.07.2024 11:00 924

Жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаев салық мәселесіне қатысты заңға қол қойды. Келесі жылдан бастап Қазақстанда жаңа салық режимі жұмыс істейді. Ол инвестиция тартып, бюджет кірісін арттырып, бизнестің дамуына және өндіріс көлемінің ұлғаюына септігін тигізеді. Еліміздің салық саясатында қандай өзгерістер болатыны жайлы El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі зерттеп, жаңа заңнамалық құжатқа шолу жасады.

Мамандар аталмыш заң жобасын ең күрделі әрі көп талқыға түскені деп мойындап отыр.

Жаңа салық кодексі нақты қандай ережелерден тұрады? 2025 жылдан бастап елде не өзгереді? Тізбектеп өтейік. 

Жаңа салық кодексінде 25%-ға дейін букмекерлік кеңселер мен ойын бизнесінің салық мөлшерлемесін көтеру міндеттеледі. Осы тектес мөлшерлемені банк секторына да енгізу мақсаты тұр.

Корпоративтік табыс салығы 20% деңгейінде сақталады. Әлеуметтік кәсіпорын мен өндеуші өнеркәсіп салықтары 10% қысқарады. Ауыл шаруашылық өнімдерін шығарушылар кірістерінің 3%-ын салық төлеуге жұмсайды. Инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында дивидендтерге салынатын салық мөлшерлемесін 10%-дан 5%-ға төмендету, сондай-ақ, ғылым, пайдалы қазбалар мен өндіріс саласына қаржылай демеу жасайтын инвесторларға жеңілдік беру де қарастырылған.

Салық кодексінің жаңа редакциясына үш арнайы салық режимі енгізілмек. Бұл - өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін ең минималды 4% мөлшеріндегі арнайы салық режимі болады деген сөз. Режимді ай сайынғы табысы 1 млн 250 мың теңгеден аспайтындар төлеуге міндеттеледі. Екіншісі – шаруалар мен фермерлер шаруашылығына арналған режим. Бірыңғай жер салығының орнына жеке табыс салығы төленеді. Шағын бизнес режимі – ең көп сұрақ астында қалғандарының бірі. Жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимінде салық мөлшері 3%-ды құрайды. Оны болашақта бөлшек сауда салығымен біріктірмек ниетте. Кәсіпкер тұтынушыларға қызмет көрсеткен жағдайда салық мөлшерлемесі 2%, ал заңды тұлғаларға 8%-ды құрайды-мыс. Ұсынылатын табыс мөлшері жылына 500 млн теңгеден көп емес. Бұл өзгерістер бизнесті бөлшектеуді болдырмайды. Айта кету керек, бүгінде жеңілдетілген декларация бойынша 1 млн 900 кәсіпкер жұмыс істейді.

Десе де, бұған дейін бөлшек салық режимінде жұмыс істеген кәсіпкерлер үшін бұл жағымды жаңалық емес. В2В секторының өкілдері болып табылатын 30 мыңнан астам бизнесменнің ойы осы. Бүгінде олар 4%-дан 8%-ға дейінгі мөлшердегі салық төлейді. Олардың 2 млрд 200 млн теңге көлеміндегі шекті табыс мөлшерін 500 млн теңгеге дейін қысқарту жоспарланып отыр.

Алайда, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Корпоративті табыс салығын 25%-ға өсіруге қарсылық танытты. Ол соңғы екі жыл екінші деңгейдегі банктер үшін сәтті болғанымен, аса табысты болмады деген ойда.

Сондай-ақ, сән-салтанат салығының мөлшерлемесін өсіруге бағытталған жұмыс жүргізіледі. Жылжымайтын мүлік объектілері бойынша жиынтық құны 450 миллион теңгеден асатындары үшін мүлік салығының жоғары ставкаларын орнату ұсынылуда. Кедендік құны 75 млн теңгеден асатын жеңіл автомобильдерге акцизбен қосымша салық салынып, қымбат алкоголь және темекі өнімдеріне, қымбат теңіз кемелеріне, ұшу аппараттарына акцизбен қосымша салық салу көзделіп отыр.

Пайдаланыла бастағанына 10 жылдан асқан көліктердің салығы 30%-ға, 20 жылдан асқандары 50%-ға дейін төмендейді.

Жеке табыс салығына қатысты азаматтардың жүктемесі біршама азаяды. Егер қазір жалақыдан ұсталатын салық көлемі 14 АЕК (51 688 теңге) болса, бұл сумма 30 АЕК (110 760 теңге) дейін көтеріледі. Бұл – жалақының салық салынбайтын бөлігі ұлғаяды деген сөз.

Заңды тұлғаларға корпоративті табыс салығының мөлшерлемесін 20-дан 10%-ға дейін түсіру ұсынылып отыр.

Сонымен қатар Қазақстанда қайта өндірілетін шикізат пен материал импорты үшін ҚҚС төлеуді 1 жылға дейін кейінге шегеру мүмкіндігі туды.

Салық және өзге де міндетті төлемдер, сондай-ақ, салық жеңілдіктері кем дегенде 20%-ға қыстартылады. Бұл - жеке және заңды тұлғаларға ортақ өзгерістер.

Салықтық әкімшілендіруге қатысты салықтық есеп формасын 30%-ға қысқарту, жер, мүлік пен көлікке салынатын салық көлемінің мөлшері 1 млн теңгеден аз болса ағымдағы төлемдердің есебін тоқтату сияқты өзгерістер қарастырылды.

Осыған орай, Тұран-Астана университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Бауыржан Ысқақ тақырыпқа қатысты ой қосып, салық кодексінің қазіргі уақытта қоғамдық талқыға салынып жатқаны өте орынды деп пайымдады.

2025 жылдан бастап жаңадан салық кодексінің енгізілуі экономикалық белсенді топ үшін маңызды. Сол себепті тақырыптың жалпыхалықтық талқыға түскенін орынды деп білемін. Әсіресе, қосымша құн салығын 12 пайыз өсімі деңгейінде қалдыруды орынды деп санаймын. Өйткені, фискалды органдардың негізгі ұстанымы - салықтық ставкаларды көтеру арқылы бюджеттің кіріс бөлігін толтыру. Әйткенмен, әлемдік экономикада "бұл - сәтті тәжірибе" деп айтуға келмейді. Мысалы, Оңтүстік Корея мемлекетінде қосымша құн салығының ставкасы - 10%. Бұл бюджеттің кіріс бөлігін толтыратын кәсіпорындарға үлкен стимул әрі мотивация болды. Сол арқылы Корея әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатарына кіріп отыр,-деп нақтылады ол.

Спикердің айтуынша, АҚШ-та сонау Рейганның кезінде 2,5 есеге дейін салықтық ставкаларды түсіру, түрлерін азайту экономикаға үлкен қозғаушы күш беріпті. Рейганомика деген түсінік содан қалыптасқан. Қосымша құн салығын 12 пайызға дейін төмендете отырып, салық төлеушілерді көлеңкелі экономикаға кетіп қалмай, экономиканы белсенді қызмет жасайтын салаға айналдыру мүмкіндігі бар. 2001-2009 жылдары сондай тәжірибе болған. Қосымша құн салығы, корпоративтік табыс салығы сияқты салықтарды азайта отырып, экономикаға үлкен стимул берілген болатын.

Салық бойынша берешегі бар кәсіпкерлер шотының бірдей бұғаттанбауы маңызды. Бұрында салықтық тексеруден кейін кәсіпкерлер шоттарының жабылуына қарай ыңғайланса, бүгінде шетелдік тәжірибені енгізе отырып, әрі қарай жұмыс жасауына мүмкіндік беру, қолдау көрсету сияқты бағытқа бет бұрудамыз»,-деп түсіндірді профессор.

Бауыржан Ысқақ барлығына да ең төменгі 4 пайыздық төлем енгізудің өзі болашақта көптеген шағын және орта бизнес субьектісіне жақсы серпіліс береді деп сендіруде. Оның болашақта 50 беттен аспайтын, сапалы кәсіпкерлер үшін түсінікті тілмен жазылған, жеңілдетілген механизмдері бар, экономиканың көлеңкелі тұсын азайта отырып, бюджеттің кіріс бөлігін толтыруға бағытталған салық кодексі болатынына сенімі зор.

15 шілдеге дейін әлі де талқыланады. Кодекс ел болашағына тиімді құжат болады деп үміттенемін,-деп тапшылады сарапшы.

Naryk.kz ақпараттық агенттігінің бас редакторы Бауыржан Мұқанов қосымша құн салығын 16%-ға көтеру мәселесі екі жыл бұрын Президент жолдауында айтылғанын алға тартты. Жолдауда шетелден келген тауарларды қымбаттатып, орнына кәсіпкерлікті дамыту мақсаты қойылды. Жарты жыл талқыланып, нәтижесінде 12% деңгейінде қалдыратын болды.

Негізі 16%-ға көтеруге болады дегенді құп көрмеймін. Қосымша құн салығын көтерсе, Қытайдан келетін киім, Түркиядан келетін мата, Ресейден жіберілетін тамақ қымбаттайды. Оның орнына отандық кәсіпкерлер бизнес бастап, арзан тауар жасап бермейтіні хақ.  Бәрібір шетелден қымбатқа аламыз. Ештеңе өзгермейді. Импорт сол қалпы қалады. Тек қымбатқа келеді,-деді Бауыржан Мұқанов.

Ол «12% қалдыру - биліктің өз қатесін өзі түсінуі» деп топшылап отыр. Сарапшы пікірінше, салық берешегі бойынша кәсіпкердердің шоты бұғатталмағаны дұрыс. Өйткені экономикалық бұзушылықтардың барлығын жеңілдету туралы тапсырма бар. Ал экономикалық қылмыстарды, заң бұзушылықтарды қылмыстық кодекстен әкімшілік кодекске ауыстыру – ауқымды шаруа.

Жаңа салық кодексінде әртүрлі детальдар бар. Соның бәрін пазлға жинап, жалпылама қарағанда, бұл ірі бизнеске салықты көбейтіп, жеке кәсіпкерлердің салықтарын кей жағдайларда азайтып, енді бірде қарапайымдатуға негізделгенін аңғаруға болады. Үкіметтің бастамаларын сөзсіз мақтай бермеймін. Бірақ жаңа салық кодексінде позитив өзгерістер көп деуге болады. Мысалы жаңа салық кодексінде геологиялық барлаушыларға жеңілдік бар. Бүгінде КСРО заманынан келе жатқан мұнай кен орындары жаңадан ашылып жатқан жоқ. Пайдаланып жатқанымызды барлығы - кеңестік кездегі кен орындары. Оны бітірген кезде не істейміз? Сол себепті геологиялық барлау жұмыстары керек,-деп ашынып айтты сарапшы.

Жаңа кодексте кәсіпкерлер үшін қосымша құн салығын 500 млн теңгеге дейін көтеру қарастырылған. Бұл ҚҚС төлейтін кәсіпкерлердің саны азаяды дегенге саяды. Бұрын ұсақ-түйек кәсіпкерлерге дейін қосымша құн салығын төлесе, бүгінде 500 млн айналымы барлар ғана міндеттелді. Бұл - шағын кәсіпкерлер үшін жақсы жаңалық. 

Қазақстандағы ең тиімді бизнес - банк секторы. Таяуда ғана халықаралық валюта қоры өкілдері мұны растады. Басқа салалар жылына 12% табыс әкелсе, банктердің табысы 20%-ға дейін жетеді. Сол себепті банктердің салығы көбейіп, оларға қосымша салық қосылады.

Ең үлкен өзгерістің бірі – сән-салтанат салығы. Құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік пен 70 млн теңгеден қымбат автокөлікке 10 пайыздық салығы енгізіледі. Оның ішінде яхта, ұшақ та бар. Зейнетақы қорындағы қаражаттан да ендігі ретте салық алынбайды. Мәселен, бұрын жалақыңыз 100 мың теңге болса, оның бірінші 10  мың теңгесін зейнетақыға қалдырасыз, қалған 90 мыңнан 10% салық төлейтін едіңіз. Оны төлемей тұрып, аударып тастайсыз. Сол себепті зейнетақы қорына салық салынатын еді. Ал оны шешіп алғанда 10% ұстап қалатын. Кейін төлеймін деп қоятын едіңіз. Енді ол мүлдем алынып тасталуы мүмкін. Бұл халыққа пайдалы болғанымен, бюджетке пайдасы жоқ,- деді Бауыржан Мұқанов.

Айта кету керек, жаңа заңнамалық құжатта ескі көліктерге салықты төмендету қарастырылған. Спикер бұл жаңалыққа қарсылығын жасырмады. Оның пайымдауынша, өркениетті елдерде көлік ескірген сайын салық көбейеді. Өйткені көлік ескі болса, одан бөлінетін зияны да көп.

Бұл кодекс бұрынғыға қарағанда өркениетті, прогрессивті құжат деп есептеймін,-деп ойын қорытындылады Мұқанов.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың ақпан айында Үкіметтің жаңа құрамы бас қосқан отырыста президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа салық кодексін жасақтауға жауаптыларды сынға алған болатын. Мемлекет басшысы салықты жай көбейтуге болмайтынын, оларды жинау жүйесін жетілдіру және көлеңкелі экономиканы азайту үшін жұмыс істеу керектігін атап өткен еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға