Еліміздің колледждері мамандықтар бойынша лицензиялауға көшті

Елімізде техникалық және кәсіптік білім беру саласында 200-ден астам ұйым жаңа жүйе бойынша лицензия алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін лицензиялау тек жеке біліктіліктерге қатысты берілетін болса, енді лицензиялар мамандықтар бойынша берілетін болады. Бұл шара колледждерге экономикадағы өзгерістерге тез бейімделуге, еңбек нарығының қажеттіліктеріне жедел жауап беруге және мамандар даярлау мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасамақ.
Енді колледждер лицензияланған мамандықтар аясында жаңа біліктіліктерді қосу үшін бюрократиялық рәсімдерден алшақтап, тек материалдық-техникалық базасы мен кадр құрамының сәйкестігін растаса жеткілікті. Сонымен қатар, модульдік білім беру бағдарламалары студенттерге бір мамандық аясында бірнеше біліктілікті меңгеруге мүмкіндік береді. Бұл олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Қазіргі уақытта ҚР Оқу-ағарту министрлігінің аймақтық департаменттері колледждер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ресми ресурстарда ақпараттар жариялап, лицензияларды қайта рәсімдеу кестесін әзірледі. Бұл процесті 2025 жылдың 1 наурызына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
