Жаңалықтар

«Еліміздің IT саласы қарқынды дамып келеді»

IT маман Айболат Құлатаймен сұхбат
«Еліміздің IT саласы қарқынды дамып келеді»
Фото: baribar.kz 27.10.2022 20:12 4707

Бүгінде ақпараттық технологияның қарыштап дамуына байланысты цифрлық сауаттылық заман талабына айналып отыр. Әлемді жайлаған пандемиядан кейін оның маңызы одан сайын арта түсті. Себебі барлық қызмет түрі онлайнға көшті. Өз кезегінде бұл адамдардың цифрлық тұрғыдан сауатты болуын талап етіп отыр.

Заманауи адамның өмір сүру сапасы да оның интернеттегі іздеу дағдыларын білуіне, жалған ақпаратты ажарырата алуына, сонымен бірге жеке деректерін қорғай алуына тікелей байланысты. Статистикаға сүйенсек, өткен жылы қазақстандықтардың цифрлық сауаттылық деңгейі 87 пайызды құраған. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 84 пайыздан сәл асқан еді. Демек, сауатты азаматтар қатары жыл санап артып келеді. Дегенмен жеке деректерін қорғау, таныс емес сілтемелерге өту, «банктенбіз» деп хабарласқандарға алданып қалып жатқандар саны да аз емес. Оны айналамызда күнде естіп, көріп жүрміз. Сондықтан да цифрлық сауаттылық неліктен маңызды, азаматтар алаяқтарға алданып қалмасы үшін қандай дағдыларды игеру керек, сауаттылық деңгейін арттыру үшін не істеу қажет, сонымен бірге саладағы проблемалар жөнінде IT маман Айболат Құлатаймен сұхбаттасуды жөн санадық. Ол әңгіме барысында интернеттегі алаяқтықтың түрлері, еліміздегі IT саласының дамуы мен салаға қатысты жоғары оқу орны мен мектептегі проблемалар жөнінде айтып берді.

- Айболат, алғашқы сауалымды цифрлық сауатты болу неліктен маңызды деген сұрақтан бастағым келіп отыр. Жалпы цифрлық сауаттылық деген не, не үшін маңыз? Осыған қысқаша тоқталып өтіңізші.

- Цифрлық сауаттылық дегеніміз – қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік таптардың, адамдардың, қарапайым халықтың технологияларды пайдалана білуі. Адамдар технология деген кезде тек IT секілді салаларды ғана елестетеді, бірақ ақпараттық технология (АТ) қазір барлық саланы қамтып отыр. АТ медицинада да, инженерияда да, педагогикада да, ауыл шаруашылығы саласында да, яғни барлық салада кеңінен қолданылып жүр. Қазіргі заманда технологиясыз белгілі бір жұмысты тиімді жасау, бір нәтижеге тез әрі сапалы түрде жету мүмкін емес деп айтар едім. Сол үшін де цифрлық сауаттылық деңгейін көтеру өте маңызды. Бұл осындай кәсіби саладан бөлек, алаяқтарға алданып қалмау, жеке ақпараттарды қорғау дегенді түсіну керек. Өйткені адамдар қазір түрлі қосымшаларды пайдаланады, оны қолдану үшін жеке ақпараттарын жазу арқылы тіркеледі, оны қорғау үшін құпиясөз қояды, мәселен. Көбі «алаяқ» дегенді тек ақшамен алдайды деп түсінеді, бірақ жеке деректерді қорғау, құпиясөзді ауыстырып отыру секілді мәселелер де цифрлық тұрғыдан сауаттылықты қажет етеді.

- Қазақстандықтардың цифрлық сауаттылық деңгейіне қандай баға бересіз? Мәселен, 2021 жылғы дерек бойынша, тұрғындардың 87 пайызы цифрлық тұрғыдан сауатты екені анықталып отыр. Сіздіңше, шынымен де халықтың 87 пайызы сауатты ма?

- Жалпы «халықтың 87 пайызы цифрлық тұрғыдан сауатты» деген ақпарат сенімсіздеу. Менің естуім бойынша, алдыңғы жылдары 78 пайызды құраған еді. Тіпті мұның өзі шындықтан алыс секілді. Өйткені бұл шын мәніндегі рас көрсеткіш болған болса, біз күнделікті ақпарат құралдарынан «алаяқтарға алданып қалды», «әлеуметтік желідегі парақшаларынан айырылып қалыпты», «қомақты қаржысынан айырылып қалған» деген сияқты ақапараттарды оқымас едік. Сондықтан да мұндай статистикаға күмәнмен қараймын. Өйткені мен мұндай деректердің есептелу алгоритмінен бейхабармын.

Бұл енді жекелеген адамдарға байланысты ғой. Ал мемлекеттік деңгейде қауіпсіздік деңгейі өте жоғары деп ойлаймын. Себебі біз бұған дейін жаңалықтардан «мемлекеттік ақпарат қолды болды» не болмаса «мемлекеттің қаражаты ұрланды» дегендей мәліметтерді көрмедік, естімедік. Ол жерде жоғары деңгейде жұмыс істейтін мамандар жетерлік. Сондықтан да бұл жағдай бақылауда деп ойлаймын.

Ал жеке адамдардың жеке деректерін ұрлау, оны пайдалану көп жағдайда олардың өздерінің цифрлық сауаттылығына, яғни қаншалықты өзі жайлы ақпаратты, жеке деректерін қорғай алады, соған тікелей байланысты.

- Жыл басынан бері Қазақстанда 11 763 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Мұның цифрлық сауаттылықпен қандай да бір байланысы бар ма? Интернет-алаяқтық фактісін азайту үшін не істеу керек? Мәселен, сауаттылық деңгейін арттыру керек шығар?

- Жалпы интернет алаяқтың бірнеше түрі бар, адамдарға түсінікті болу үшін кең таралған түрлеріне тоқатала кетейін. Мысалы, «фишинг», «DDoS атака» деген түрлері бар. Соңғысы ірі компанияларға жасалады. Мәселен, бір жобаны көп адам бір мезетте қолданған кезде, ол істемей қалады. Ал «DDoS атака» деген бір мезетте көп адам қолданбай, оны арнайы мамандар қасақана сайтты «құлатуын» айтады. Ал «фишинг» туралы айтсақ, ол кезде электронды почтаға сілтемелер келеді, сол сілтемеге өтсеңіз, жеке ақпараттарыңызды алып алды деген сөз. Сондықтан да таныс емес сілтемелерді ашпаған жөн. Сонымен бірге «sql инъекция» деген түрі бар, бұл жеке компаниялардың ақпараттық жүйелеріне, яғни мәліметтер базасындағы «әлсіз» жерлерді іздеп, шабуыл жасайды. Сол себепті мәліметтер базасына, оның қауіпсіздігіне баса назар аудару керек.

Енді сіз айтып отырған интернет алаяқтыққа келсек, бұны «әлеуметтік инженерия» деп атайды. Оның да түрі аз емес. Мәселен, сізге банк қызметкері ретінде хабарласып, картаның артындағы үш санды сұрап, сіздің атыңыздан несие алып жіберуі мүмкін. Сондықтан банк қызметкерлеріне мұндай мәліметтердің мүлдем қажет емес екенін есте ұстау керек. Адамдар өздерінің цифрлық сауаты аз болғандықтан, картаға қатысты деректі айта салады да, бар қаржысынан айырылып қалып жатады. Сонымен қатар «Olx» секілді жобаларда да алаяқтар өте көп. Олар сізге хабарласып не жазып, алдын ала төлем жасауды, тауарды кейін жеткізіп беретінін айтады. Міне, осы секілді жобаларда алаяқтардың көп екенін де ескерген жөн. Бұдан бөлек кейбір алаяқтар үлкен кісілерді алдайды, яғни балаңыз не немереңіз қиын жағдайға ұшырап қалды, сізге соны естірту үшін хабарласып тұрғанын жеткізеді. Белгілі бір соманы айтып, соны аударса, қай жерде екененін немесе соған қатысты басқа да ақпараттарды беретінін айтады. Сонымен қоса тағы бір түрі, сіздің электронды поштаңызға «Сіз осындай жүлде қорын ұтып алдыңыз, кездейсоқ сізді таңдадық, осынша ақша не тауар сізге бұйырып тұр» дегендей хат жібереді. Енді сізге салығын, тауар болса жеткізу бағасын төлеу керек дегендей айтады. Бұған да алданбау керек. Бірақ өкінішке қарай, алданып жатқан азаматтар саны көп. Сол себепті қайталап айтам, таныс емес сілтемелерге, сайттарға кірмеген жөн. Қазір неше түрлі вирустар бар. Мәселен, сіздің жекеңізге таныс емес сілтеме келуі мүмкін, ол бір қарағанда банктің сайтымен бірдей көрінеді, бірақ анықтап, дұрыстап қарасаңыз, басқшалау екенін байқайсыз. Кейде тіпті дизайны да ұқсап тұрады, сондықтан соған алданып, картаның нөмірі секілді жеке ақпараттарды айта салады. Осылайша, ақшасынан айырылып жатқандар саны аз емес.

Бұл «әлеуметтік инженерия» деген түрі қазір ең көп тараған түрі болып саналады. Ал енді азаматтар цифрлық жағынан сауатты болса, мұндай мәселелер туындамас еді. Сол үшін де сауаттылық деңгейін арттыру керек.

- Жалпы бұл тек Қазақстан үшін емес, әлем үшін де үлкен мәселе. Өйткені цифрлық сауаттылық дағдыларының жетіспеуі жалған ақпараттың таралуына әкеп соғады. Сондықтан мемлекет сауаттылық деңгейін арттыру қандай жобалар қолға алыну тиіс?

- Негізі салыстырмалы түрде айтсақ, Қазақстандағы IT саласының дамуы, даму қарқыны жаман емес. Мәселен, «егов» секілді мемлекеттік қызмет көрсету жобаларын қолдану жағынан Еуропа мемлекеттерін де артта қалдырамыз. Шетелдің азаматтары кейде таң қалып та жатады. Өйткені төлемді QR арқылы жасаймыз, қосымша арқылы басқа адамға, шетелге ақша аудара аламыз, азаматтар билетті онлайн сатып ала алады, тағы сол сияқты. Сатып алу деңгейі өсті, бұл IT жобалардың дамуына жақсы әсер етеді. Мысалы, осыдан бес жыл бұрын адамдар онлайн билет сатып алуға қорқатын еді, ал қазір қалыпты жағдайға айналып үлгерді. Қазір концерт, театр, ұшақ, кино билеттерін оп-оңай қосымша арқылы сатып алады. Банк жүйелерін қолдануда да ілгерілеушілік бар. Мұның барлығы IT жобаларды қолдану аясы кеңейгендігін білдіреді. Бұл қуантарлық жайт.

Мен айтатын бір мәселе – өңірлердегі жағдайды жақсартуды ұсынар едім. Мәселен, техникалық жоғары оқу орындарын бітірген мамандар педагог ретінде мектептерде сабақ бере алмайды. Сондықтан IT мамандарының жалақысын көтеріп, олардың педагогика саласында, яғни мектептерде сабақ беруіне мүмкіндік берілсе деймін. Егер оларға белгілі бір деңгейде мүмкіндік беріліп, өңірлердегі мектептерде информатика пәнін оқытатын болса, онда азаматтар мектеп жасынан хабардар болар еді. Бізде аталған пән барлық мектепте оқытылғанымен, кей аймақтарда компьютер саны жетіспейді немесе сабақ беретін мамандары бағдарламалауды білмейді. Сондықтан да осы мәселені қолға алу керек. Қазір ауыл не қала баласы деген жоқ, бәрі онлайнға көшті, интернет пен компьютер болса, оның үстіне жақсы маман болса, екеуінің де мүмкіндіктері бірдей деп айтар едім.

Қазіргі таңда IT саласына көптеп гранттар бөлініп, мамандар қатарын көбейтуге күш салынып жатыр. Сол себепті өңірлерге барып жұмыс істегісі келетін мамандарға жағдай жасалса, дұрыс болатын еді. Жоғарыда мектептердің жайын айтып өттім, енді біздегі жоғары оқу орындарындағы IT саласы бойынша кадр мәселесі де дұрыс жолға қойылмаған. Техникалық білімі төмен, өзі бағдарламалауды жетік білмейтін мамандар сабақ беріп жүр. Сондықтан осы бағытта жұмыс істейтін компаниялармен бірлесіп, жұмыс істесе, дұрыс болушы еді.

Жақында бас қаламызда өткен Digital Forum-ға барып қайттым, IT саласын бес жыл бұрынғы деңгеймен салыстыру мүмкін емес, арасы жер мен көктей дер едім. Қазір көп жағдайда IT жобаларды қолға алып, жүзеге асырып жатқан кәсіби мамандар емес. Медицина, педагогика және тағы басқа салалардың мамандары. Өйткені өз саласын жетік білетін мамандар ондағы мәселерден де хабардар. Сондықтан сол проблеманы IT жобалар арқылы шешуге тырысып жатыр. Менің ойымша, алдағы бес жыл ішінде бір үлкен серпіліс болады.

Қазір көпшілік IT саласына балаларын беруге қорқады. Олардың кейбірі балаларының әкімшілікте не құқық қорғау органдарында жұмыс істегенін қалайды. Өйткені IT саласының мүмкіндіктері көп екенін, оның бүгінгі таңда сұранысқа ие мамандық екенін көпшілік біле бермейді. Тіпті бұл саланы бітіргендердің айлығы да жоғары. Міне, IT саласы дамыған сайын, азаматтардың қызығушылығы артып, көбі балаларын осы мамандықты игеруге бере бастайды деп ойлаймын.

- Азаматтарға цифрлы сауаттылығын арттыру үшін қандай кеңес берер едіңіз?

- Қазіргі кезде цифрлық сауаттылық қаржылық сауаттылық, математикалық сауаттылық секілді әр адам білуге міндетті бір базалық салаға айналды. «Оны меңгеру қиын», «ол менің қолым емес» деп, одан қашудың қажеті жоқ. Қазіргі таңда адамдардың IT жобаларды жасауға деген құлшынысының артқаны қуантады. Өйткені еліміздегі жобалардың көпшілігі шетелдік. Дегенмен халықтың цифрлық сауаттылығы да медицина саласындағы алғашқы көмек көрсетумен пара-пар дер едім. Қарапайым Word, Excel секілді бағдарламаларды қолдануды үйреніп, gmail.com поштасымен жұмыс істеуді меңгерген дұрыс. Қазір кей адамдар әлі күнге mail.ru-ды қолданып жүр. Әлеуметтік желіні қолдану кезінде де қауіпсіздік мәселесіне баса назар аудару керек.

Сұхбатыңызға рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға