Жаңалықтар

Еліміздің бірқатар өңірінде жаңа білім беру нысандары ашылды

Еліміздің бірқатар өңірінде жаңа білім беру нысандары ашылды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі 29.10.2024 00:17 389

Қостанай, Түркістан, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларында бірқатар білім беру нысаны пайдалануға берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Қостанай облысының Әулиекөл, Мичурино ауылдарында және Рудный қаласында үш балабақша ашылды. Бұл нысандарда балалардың үйлесімді дамуы үшін барлық жағдай жасалған: ойын және жатын бөлмелері, музыка, спорт залдары, медициналық, сондай-ақ қосымша сабақтарға арналған кабинеттер қарастырылған. Енді 600-ге жуық мектеп жасына дейінгі балалар заманауи және жайлы балабақшаларға барады.

Түркістан облысында бірден екі жаңа мектеп ашылды, оның бірі 2 мың оқушыға арналған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған және 600 орындық №35 мектеп. Қазір Түркістанда тағы төрт мектептің құрылысы жүруде. Ақмола облысында 280 орындық балабақша ашылды. Ал Ақтөбе облысының орталығында және Мұғалжар, Ырғыз, Қобда аудандарында мереке қарсаңында тағы бес білім беру ұйымы ашылды, - делінген мәліметте.

Сондай-ақ Шымкент қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған 1200 және 2000 оқушыға арналған 2 мектеп өз есігін айқара ашты. Олар жаңа модификация кабинеттерімен, STEM-зертханалармен, коворкинг, демалыс аймақтарымен, ойын және спорт алаңдарымен, асхана, кітапхана және хореографиялық залмен жабдықталған.

Одан басқа Алматы қаласында 800 орындық №138 мектептің күрделі жөндеуі аяқталды. Ал Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында тағы бір білім беру нысаны ашылды.

Айта кетейік, 2024-2025 оқу жылының басынан бері барлығы 500-ге жуық білім беру ұйымы ашылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға