Жаңалықтар

Еліміздің 5 өңірінде 400-ге жуық үйдің құрылысы басталды

Еліміздің 5 өңірінде 400-ге жуық үйдің құрылысы басталды
Фото: ОКҚ 02.05.2024 18:12 546

Зардап шеккендер үшін тұрғын үйді қалпына келтірудің үш механизмі бар: жаңа тұрғын үй құрылысы, қолданыстағы тұрғын үйді жөндеу, қайталама нарықта дайын тұрғын үйді сатып алу, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Барлық өтініштер eGov порталы арқылы, оның ішінде eGov-mobile мобильді қосымшасы арқылы қабылданады. Келесі кезекте әкімдіктер техникалық байқау және залалды бағалау жұмыстарын ұйымдастырады, содан кейін объектілер жергілікті атқарушы органның өңірлік комиссиясының қарауына беріледі. Әкімдік комиссиясы әрбір нысан бойынша шешім қабылдайды, одан кейін барлық объектілер пайдалануға, бақылауға алынып, мониторинг жүйесіне енгізіледі. Жер учаскесі берілген сәттен бастап тұрғын үй пайдалануға берілгенге дейін әрбір нысан бойынша мониторинг жүргізіледі, - деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми өкілі Меруерт Ибраева ОКҚ алаңында өткен брифингте.

Жергілікті атқарушы органдардың алдын ала деректері бойынша 8 097 дайын жер учаскесі бар.

5 өңірде (Ақтөбе, БҚО, Қарағанды, Павлодар, СҚО) 34 мердігер компания 398 үй салуға кірісті. Сонымен қатар, Қостанай облысында әкімдік 31 пәтер сатып алып, зардап шеккен отбасыларға берді, - деді Меруерт Ибраева.

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің әкімдіктері тұрғын үйлерді қалпына келтіру үшін мердігерлерді қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда.

Жергілікті атқарушы органдардың жедел ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда 5 678 тұрғын үй су астында қалып отыр, оның ішінде 5 607-сы жеке тұрғын үйлер және 71-і көп пәтерлі тұрғын үйлер, сондай-ақ 17 907-і саяжай үйлері. Бүгінгі таңда су тасқынынан зардап шеккен 11 865 тұрғын үй бар, оның ішінде жеке тұрғын үй – 11 794 және көпқабатты тұрғын үй – 71, сондай-ақ 24 368 саяжай объектілері. Бұл ретте 2 947 тұрғын үй нысаны бойынша техникалық тексеру жүргізілді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға