Еліміздің 3 қаласына ерекше мәртебе беріледі

ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында Астана, Алматы, Қарағанды «1941-1945 жж. Еңбек даңқы қаласы» құрметті атағын беру туралы шешім келісілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше кездесуде Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ТМД ұйымын одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар ұсынысты ортаға салды. Осы тұрғыда Қазақстан бастамаларын жүзеге асыруда Достастық бойынша серіктестердің қолдауы ерекше аталып өтті.
«Еліміздің ұсынысы бойынша бүгінгі таңда Волонтёрлер форумы, Достастық жәрмеңкесі, ТМД Академиялық астанасы және басқа да көптеген жоба бірлескен күш-жігердің арқасында іске асырылып жатыр немесе жақын болашақта өткізуге жоспарланған», – деп мәлімдеді сыртқы істер министрі.
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ТМД елдерінің бірқатар қаласына, соның ішінде Астана, Алматы, Қарағанды және басқа да қалаларға «1941-1945 жж. Еңбек даңқы қаласы» құрметті атағын беру туралы шешім келісілді.
Сыртқы істер министрлері кеңесінің келесі отырысы 2025 жылғы қазан айында ТМД Мемлекет басшылары саммиті қарсаңында Душанбе қаласында өтеді.
