Жаңалықтар

Еліміздің 15 өңірінде дауылды ескерту жарияланды

Еліміздің 15 өңірінде дауылды ескерту жарияланды
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 05.01.2024 02:06 2814

«Қазгидромет» РМК 5 қаңтарға арналған ауа райы болжамын ұсынып, еліміздің 15 облысында дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Синоптиктердің болжамынша, 5 қаңтарда Ақмола облысының батысында, солтүстігінде шығысында жаяу бұрқасын, көктайғақ күтіледі. Облыстың оңтүстігінде тұман түсіп, оңтүстік-батыстан жел соғады. Өңірдің батысында, солтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с дейін жететін жел соғуы ықтимал. Өңір орталығы Көкшетау қаласында түнде жаяу бұрқасын тұрады. Жолдарда көктайғақ болып, оңтүстік-батыстан жел соғады. Күндіз желдің екпіні 15-20 м/с жетеді деп болжануда.

Қарағанды облысының батысында, солтүстігінде, шығысында жаяу бұрқасын, ал өңірдің оңтүстігінде тұман түседі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, облыстың шығысында желдің екпіні 18 м/с дейін жетеді күтілуде.

Солтүстік Қазақстан облысының басым бөлігінде қар жауады деп болжанып отыр. Түнде облыстың басым бөлігінде, күндіз облыстың солтүстігінде, шығысында бұрқасын болады. Күндіз облыстың солтүстігінде, шығысында көктайғақ болуы ықтимал. Оңтүстік-батыстан жел соғады, облыстың оңтүстік-батысында, солтүстігінде, шығысында желдің екпіні - 15-20 м/с, күндіз - 23 м/с. Облыс орталығы Петропавл қаласында  5 қаңтарда бұрқасын, күндіз көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, екпіні - 15-20 м/с.

Қостанай облысының батысында, шығысында жаяу бұрқасын тұрады деп болжанып отыр. Облыстың оңтүстігінде тұман, көктайғақ, оңтүстік-батыстан жел соғады. Өңірдің батысында, шығысында екпіні 15-20 м/с дейін жел соғуы ықтимал.

5 қаңтарда Ұлытау облысының солтүстігінде, шығысында жаяу бұрқасын тұрады деп болжанып отыр. Облыстың оңтүстігінде, орталығында тұман түседі. Оңтүстік-батыстан жел соғады. Облыстың шығысында желдің екпіні 18 м/с дейін жетеді деген болжам бар. Аймақ орталығы  Жезқазған қаласында бұл күні тұман түседі.

Шығыс Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде жаяу бұрқасын, көктайғақ болады деп болжануда. Жел шығыстан, оңтүстік-шығыстан соғады. Облыстың солтүстігінде, орталығында желдің екпіні - 15-20 м/с. Өңір орталығы Өскемен қаласында  күндіз жаяу бұрқасын, көктайғақ күтіледі. Жел оңтүстік-шығыстан соғады, екпіні - 15-20 м/с.

5 қаңтарда Маңғыстау облысының батысында, солтүстігінде көктайғақ, облыстың батысында, солтүстік-шығысында тұман түсуі ықтимал. Аймақ орталығы Ақтау қаласында таңертең және күндіз кей уақыттарда тұман түседі деп күтілуде.

Батыс Қазақстан облысының батысында, оңтүстігінде, күндіз облыстың басым бөлігінде жаяу бұрқасын тұрып, көктайғақ болжануда. Облыстың батысында, солтүстігінде тұман түсуі ықтимал. Орал қаласында күндіз жаяу бұрқасын, көктайғақ күтілуде.

Атырау облысының батысында, оңтүстігінде, шығысында тұман түсіп, көктайғақ болады деп болжанып отыр. Атырау қаласында кей уақыттарда тұман, көктайғақ болуы ықтимал.

Ақтөбе облысының батысында, оңтүстігінде тұман түсіп, көктайғақ күтіледі.

Оқи отырыңыз: 

5 қаңтарда күндіз Абай облысының батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде жаяу бұрқасын түрып, көктайғақ болжануда. Жел оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен соғады. Облыстың батысында, солтүстігінде, орталығында желдің екпіні - 23-28 м/с. Семей қаласында да  жел оңтүстік-шығыстан соғады, екпіні - 15-20 м/с.

Жетісу облысының Алакөл көлдері ауданында оңтүстік-шығыстан жел соғады. Екпіні күндіз -  15-20 м/с, түнде - 25 м/с.

Түркістан облысының солтүстігінде, батысында тұман түсуі ықтимал. Оңтүстік-батыстан жел соғады. Облыстың тау асуларында екпіні 15-20 м/с дейін жел соғады. Түркістан қаласында түнде және таңертең тұман күтіледі.

Қызылорда облысының орталығында, оңтүстігінде тұман түседі деген болжам бар. Күндіз облыстың солтүстігінде, батысында көктайғақ болады. Қызылорда қаласында кей уақытта тұман түсуі ықтимал.

5-7 қаңтарда Жамбыл облысының оңтүстігінде, таулы аудандарында тұман түседі деп болжанып отыр. Бұл күндері оңтүстік-батыстан жел соғады. Облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, таулы аудандарында желдің екпіні - 15-20 м/с, 5 қаңтарда тәулік бойы, 7 қаңтарда күндіз екпіні 23-28 м/с дейін жел күтіледі. Тараз қаласында 6-7 қаңтарда түнде және таңертең тұман түсуі ықтимал. 5 қаңтарда тәулік бойы, 7 қаңтарда күндіз оңтүстік-батыстан жел соғады. Екпіні -  15-20 м/с, кей уақытта 23 м/с дейін жетеді деп болжануда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға