Жаңалықтар

Еліміздің жоғары әскери оқу орындары курсанттарды қабылдайды

Биыл әскери қызметшілерді шетелдік әскери оқу орындарында оқытуға іріктеу қағидаларына өзгерістер енгізілді
Еліміздің жоғары әскери оқу орындары курсанттарды қабылдайды
Фото: gov.kz 13.07.2022 09:46 3358

21 шілде мен 8 тамыз аралығында Қазақстан Қорғаныс министрлігінің жоғары әскери оқу орындарына курсанттарды қабылдау өтеді, деп хабарлайды El.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінде еліміздің әскери білім беру жүйесіне Алматыдағы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты мен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты және Ақтөбедегі Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты кіреді.

Жоғары оқу орындарына түсу мерзімі заңмен белгіленген.

Осыған сәйкес, 2022 жылдың бірінші сәуіріне дейін аудандық және қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармалар азаматтардың өтініштерін қабылдауды жүзеге асырады. Бірінші мамырда аяқталған үміткерлерді алдын ала іріктеу рәсімінен кейін шақыру комиссиялары жоғары оқу орнына түсуге үміткерлерді анықтайды.

Жергілікті әскери басқару органдарында алдын ала іріктеуден өткен азаматтар құжаттарын тапсыру үшін 15-20 шілде аралығында оқу орнына келуі қажет.

Әскери институтқа қабылдау төрт кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде кәсіби-психологиялық іріктеу жүзеге асырылады. Келесі кезеңде әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес, түпкілікті медициналық куәландыру жүргізіледі. Үшінші кезеңде дене шынықтыру деңгейі тексеріледі. Соңынан, 5 тамызда конкурстық іріктеу және жоғары оқу орны курсанттарының құрамына қабылдау жүргізіледі.

Қабылдау комиссиясының шешімі 6 тамызда жарияланып, әскери институттың интернет-ресурсына орналастырылады. Апелляцияға өтініштер келесі күні қабылданады. 8 тамыз күні әскери оқу орны бастығының бұйрығымен қабылдау комиссиясының соңғы шешімі бекітіледі.

Биылғы жылы Қазақстан армиясының әскери қызметшілерін шетелдік әскери оқу орындарында оқытуға іріктеу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді жаңа редакцияға сәйкес, шет мемлекеттердің жоғары оқу орындарына түсу үшін іріктеу ҚР Қорғаныс министрлігі әскери оқу орындарының бірінші курсына қабылданған әскери қызметшілер қатарынан жүзеге асырылатын болады.

Курсанттар оқу кезеңінде заттай мүлікпен, тамақпен, казармада тұрумен және ақшалай үлеспен қамтамасыз етіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға