Елімізден Грузия мен Қытайға жаңа рейстер ашылады

Көлік министрлігінің жаңа халықаралық рейстерді ашу бойынша жүргізіп жатқан жұмысы шеңберінде қазақстандық әуекомпаниялар Грузия мен Қытайға бағыттар бойынша жаңа рейстерді іске қосады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Көлік министрлігінің мәліметінше, 27 мамырдан бастап Air Astana әуекомпаниясы Атыраудан Тбилисиге тікелей рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр. Рейстер аптасына 3 рет сейсенбі, жұма және жексенбі күндері Airbus типті әуе кемелерінде орындалады. Бүгінгі таңда Тбилисиге рейстер Алматы және Ақтау қалаларынан орындалады.
Биылғы 28 мамырдан бастап SCAT әуекомпаниясы Шымкент қаласынан Сианға тікелей рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр. Рейстер сәрсенбі және сенбі күндері орындалады. Қазіргі уақытта Сианьға тікелей рейстерді Қытай әуекомпаниялары Алматы мен Астанадан орындайды, - делінген мәліметте.
Жаңа бағыттардың ашылуы елдер арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.
