Жаңалықтар

Еліміздегі ШОБ саласын цифрландыру мәселесі талқыланды

Еліміздегі ШОБ саласын цифрландыру мәселесі талқыланды
28.06.2022 03:02 1147

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Азиядағы өзара іс-әрекет және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) Іскерлік кеңесінің бесінші пленарлық сессиясының жұмысына қатысты, деп хабарлайды EL.KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуге қатысушылар ұйымға мүше мемлекеттердің шағын және орта кәсіпорындардағы бизнес-процестерді цифрландыру және азық-түлік қауіпсіздігі салаларындағы ынтымақтастығының перспективаларын талқылады.

ҰЭМ басшысы өз сөзінде цифрландыру пандемияға дейін бүкіл адамзат өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын және Қазақстан да бұдан тыс қалмағанын атап өтті.

2019 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда орта есеппен интернет желісіне қолжетімділігі бар ұйымдардың үлесі 76,3%-ды құрады. Ең «цифрлық» ұйымдар Нұр-Сұлтан (97,6%), Шымкент (97,3%) және Қарағанды (89,5%) қалаларында шоғырланған, - деп хабарлады министр.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деректері бойынша, 2020 жылғы желтоқсанда 2019 жылмен салыстырғанда ЭЫДҰ елдерінде кең жолақты интернетке тұрақты жазылулар саны 21 млн-ға өсіп, 454 млн-ды құрады.

PwC Kazakhstan жүргізген зерттеулерге сәйкес, еліміздегі электрондық сауда нарығының көлемі 327 млрд теңгеден (2019 жылы) 1 трлн теңгеге дейін (2021 жылы) ұлғайды.

IT-технологияларды дамытуға баса назар аудару көптеген кәсіпорындарға жұмысын сәтті жүргізуге мүмкіндік береді. Қазақстанның экономикалық белсенді халқы қамтылған мобильді интернет, сондай-ақ «орташа деңгейлі» кең жолақты интернет онлайн-маркетинг пен сауданы дамытуға, құжат айналымының қағазсыз технологияларына көшуге, мемлекеттік және қаржылық қызметтерді пайдалануға мүмкіндік береді, - деді министр.

Оның айтуынша, елімізде цифрлық банк секторы мен қаржы технологиялары белсенді дамып келеді, мемлекеттік қызметтер автоматтандырылды.

Мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының цифрлық форматына толық көшуді «Бизнеске арналған үкімет» порталы арқылы іске асыру жоспарланып отыр. «Бір терезе» қағидаты бойынша өзара іс-қимыл ашықтықты қамтамасыз етіп, бюрократияның шешім қабылдауға тікелей әсерін азайтады, - деп мәлімдеді ол.

Ә.Қуантыров атап өткендей, технологиялық жаңғырту, цифрлық платформалардың мүмкіндіктері, жасанды интеллект, өндірісті автоматтандыру кадрлар даярлауды трансформациялау және адами капиталды дамытуды талап етеді. Жұмыс істейтін азаматтардың дағдыларын цифрландыруға бейімдеу, олардың цифрлық сауаттылығын арттыру маңызды.

Қазақстанның алдында үлкен мақсаттар тұр, 2025 жылға дейін БҰҰ электрондық үкімет рейтингінде кемінде 20-орынға, B2C электрондық коммерция индексі бойынша 50-орынға, АКТ дамыту индексі бойынша 40-орынға қол жеткізу. Үкімет пен бизнес қоғамдастықтың стратегиялық әріптестігін дамыта отырып, осындай өршіл міндеттерге қол жеткізу біздің қолымыздан келеді деп ойлаймыз, - деп түйіндеді Ұлттық экономика министрі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға