Жаңалықтар

Еліміздегі жылу энергетикалық кәсіпорындарға 36,8 млн тонна көмір жөнелтілді

Еліміздегі жылу энергетикалық кәсіпорындарға 36,8 млн тонна көмір жөнелтілді
Фото: © Pixabay.com 22.08.2023 13:43 820

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Ілияс Оспанов алдағы жылу беру маусымына көмір қорын дайындауға байланысты қолға алынған жұмыстар туралы айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР ИИДМ мәліметінше, халықты және бюджеттік ұйымдарды көмірмен қамтамасыз ету үшін министрлік нақты мерзімді айқындай отырып, арнайы іс-шаралар жоспарын әзірледі. Қажетті индикаторлар өңірлердегі барлық жергілікті атқарушы органға жіберілді.

 Ілияс Оспановтың айтуынша, биылғы жылу беру кезеңінде көмірге деген қажеттілік – 9,1 млн тонна. Оның ішінде коммуналды-тұрмыстық мақсаттарға 2,4 млн тонна және халықты 6,7 млн тонна көлемінде қатты отынмен қамтамасыз ету керек.

Тұтастай алғанда, биылғы 7 айда елімізде шамамен 62 млн тонна көмір өндіріліп, оның 4 млн тоннасы коммуналды-тұрмыстық бағыт пен халыққа жөнелтілді. Бұған қоса жылу энергиясын өндіретін кәсіпорындарға 36,8 млн тоннаны көмір жіберілді. Өнеркәсіп кәсіпорындарына 2,7 млн тонна қатты отын жеткізілді.

Әлеуметтік көмірдің қайталама саудасын тежеу мақсатында ведомство отынның осы түрін автокөлікпен әкетуді тыйым салатын шараларды қолға алды. Мәселен, 2023 жылдың 26 мамырында Қазақстаннан көмірді автокөлікпен шығаруға 6 айға дейін шектейтін бұйрық шықты.

Біз еліміздегі маңызды нысандардың көмірмен сапалы қамтамасыз ету мәселесіне басымдық беріп келеміз. Бұл міндет министрліктің ерекше бақылауында. Күн сайын арнайы талдау жүргізіледі. Көмір өнімдеріне қажеттілік жоспары мен осы бағыттағы іс-қимыл алгоритмі әзірленіп, өңірлерге, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктеріне жіберілді, - деді І.Оспанов.

Бұдан басқа министрліктің тарапынан коммуналды-тұрмыстық көмірдің экспортына жол бермеу үшін арнайы шаралар әзірленіп жатыр.

Сонымен қатар І.Оспанов  жергілікті атқарушы органдарға жылу беру кезеңіне дайындықты күшейту қажет екенін жеткізді. Бұған дейін әкімдіктерге осы бағыттағы жұмыстарға монополияға қарсы ведомствоның аумақтық бөлімшелерін жұмылдырып, мобильді қосымшалар арқылы көмірдің құнын төмендетуді пысықтау қажеттігі туралы айтылған болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға