Жаңалықтар

Еліміздегі су қоймаларының қазіргі жағдайы қандай

Еліміздегі су қоймаларының қазіргі жағдайы қандай
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі 25.04.2024 05:31 984

Ресей Федерациясының Иреклі су қоймасынан жіберілген су еліміздің аумағы арқылы өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі  Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Тасқын суының үлкен көлемі Жайық өзенінің арнасы бойынша Орал қаласы арқылы өтеді. Өңірде су тасқыны жалғасуда.

«Қазсушар» мекемесінің Батыс Қазақстан филиалының мамандары тасқын суын қауіпсіз өткізу іс-шараларын атқаруда. Аймақтағы су қоймалары үлкен көлемде су қабылдауға дайын. Орал-Көшім суару-суландыру жүйесінің 4 су қоймасы белсенді су жинап жатыр. Қазір оларда 224 миллион текше метр су жиналды, бұл жалпы көлемнің 86 пайызын құрайды. 

Үлкен және Кіші Өзен өзендеріндегі су тасқыны аяқталды. Орал қаласындағы Жайық өзенінің деңгейі 863 см, ол бір тәулікте 1 см-ге төмендеді. Тасқын суды ұтымды пайдалану және лимандарға, табиғи шабындықтар мен көлдерге жіберу үшін «Қазсушар» мекемесінің Батыс Қазақстан филиалының мамандары Орал-Көшім суару-суландыру жүйесін механикалық тазарту жұмысын жүргізеді. Сондай-ақ каналдардың сумен шайылған учаскелерінде және су қоймалары каскадының гидротехникалық құрылыстарында жедел қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

«Қазсушар» мамандары Ресей Федерациясының Орынбор және Саратов облыстарының су қызметтерімен үнемі ақпарат алмасады. БҚО-дағы су тасқыны жағдайы - тұрақты күрделі деңгейде. 

Ақмола облысында Астана және Сілеті су қоймалары 100%-ға толы. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр.

Өңірде «Альва» және «Кеңбидайық» лиманды суару жүйелері 100%-ға толды. Сондай-ақ, Целиноград ауданының Қозыкөш, Мұқыр және Қарасу өзендерінің арналары суға толды. Қорғалыжын қорығының Теңіз көліне 1,5 млрд текше метр су жіберілді.

Солтүстік Қазақстан облысында 2 ірі су қоймасы 100%-ға толы, аймақта су тасқыны жалғасуда. Сергеев су қоймасы бөгетінің жотасы арқылы судың асып кету биіктігі 337 см-ге дейін төмендеді.

Су тасқыны кезінде «Қазсушар» мекемесінің Солтүстік Қазақстан филиалының мамандары Сергеев су торабының жағалауын нығайту жұмысын жүргізді. 82 тоннадан астам кесек тастар, 15 темірбетон плита, 25 темірбетон блок және басқа материалдар төселді.

Осы сағатқа Петропавл қаласы шегіндегі Есіл өзенінің деңгейі - 1279 см. Өңірдегі жағдай шиеленісті болып қала береді.

Ақтөбе облысындағы екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 97%. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істейді.

Ақтөбе облысы бойынша филиал ірі су қоймалары мен бірнеше лиманның жұмысын бақылайды. Нысандарда қауіпті жағдай байқалмайды.

Шығыс Қазақстан облысындағы екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші шамамен 82%.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Қазсушар» филиалының қызметкерлері ауа температурасының жоғарылауы мен қардың қарқынды еруінен туындаған су торабының шайылу қаупінің алдын алды. Бұл ШҚО Марқакөл ауданы Қалжыр өзені деңгейінің көтерілуіне де әсер етті. Қазір «Қазсушар» мамандары өзен жағасын нығайту жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстарға арнайы техника тартылған.

Абай облысында Шүлбі су қоймасы 57%-ға толды. Өңірде су тасқыны жалғасуда. Шүлбі су қоймасына бүйірлік ағындардың ұлғаюына байланысты су жіберіліп жатыр. Ертіс каскадының су қоймалары штаттық режимде жұмыс істейді.

Абай облысының Үржар ауданында Қаракөл су қоймасының құрылыстары мен Көкпекті ауданында Үлкен Бөкен өзеніндегі су торабы тазартылды.

Қарағанды облысында 3 ірі су қоймасы 98,5%-ға толы. Олардың барлығы да штаттық режимде жұмыс істейді.

«Қазсушар» Қарағанды филиалы Жартас су қоймасындағы Жартас және Малокомспай магистральдық каналдары учаскелерінің бетон беткейлері мен түбіне жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Арналарды лай мен өсімдіктерден тазарту да басталды. 5 гидротехникалық құрылыста жергілікті дабыл жүйелері орнатылуда.

Қостанай облысындағы екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 92%. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істейді және ұзақ уақыт бойы аймақ тұрғындарын қажетті мөлшерде сумен қамтамасыз ете алады.

ШҚО мен БҚО-дан басқа барлық өңірлерде су тасқынының белсенді кезеңі өтті. Су қоймаларында тәулік бойы кезекшілік және су шаруашылығы жағдайының мониторингі жалғасуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға