Жаңалықтар

Еліміздегі қазіргі экономикалық ахуал қандай: Экономиспен сұхбат

Еліміздегі қазіргі экономикалық ахуал қандай: Экономиспен сұхбат
Фото: gov.kz 16.03.2023 22:00 2493

Еліміздегі қазіргі экономикалық ахуал қандай? Оған әлемдегі, оның ішінде Америкада басталған экономикалық кризистің әсері қаншалықты болмақ дегендей сауалдарға жауап алу мақсатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Экономикалық зерттеулер орталығының директоры, PhD доктор Шалқар Аманжолұлы Болысбаевпен болған шағын онлайн-сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

- Шалқар, еліміздегі қазіргі экономикалық жағдай қандай деңгейде. Оған әлемдегі экономикалық жағдай тұрақсыздығының әсері қаншалықты? Әңгімемізді осы сауалдан бастағым келіп отыр.

- Еліміздегі қазіргі экономикалық ахуалдың сипаттамасын бір сұрақтың жауабы ретінде беруге болмайды. Жалпы алғанда, бір сөзбен күрделі деп айтуға болады. Өткен жылғы 20%-дан жоғары инфляция халықтың нақты табысының кемуіне алып келді. Өндірістік, логистикалық және сауда байланыстарының бұзылуы орын алды. Бұл өз кезегінде іскерлік белсенділіктің төмендеуіне және тауарлар мен қызметтерге бағаның айтарлықтай өсуіне әсер етті. Бірқатар жағымсыз факторлар экономикалық өсу қарқынының төмендеуіне себеп болды. 2022 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің нақты көлемінің өсу қарқыны Ұлттық экономика министрлігінің бағалауы бойынша 3,1%-ды  құрады, ал 2021 жылы оның өсуі 4 пайыз деңгейінде болған еді.

Әлемдік экономикалық жағдайдың тұрақсыз болуы қалыпты. Жалпы экономикалық циклдер тербелістерінің жиілігін, геосаяси жағдайды, халықаралық нарықтардағы өзгерістерді, адамдардың тұтынушылық мінез-құлық ерекшеліктерін ескерсек алдағы 30-40 жылда да тұрақсыздық кезеңдері жиі болады деп сенуге болады. Оған қоса, осыған дейін дәстүрлі экономикалық салалардың орнына мүлде жаңа салалардың дамуы әр түрлі аймақтарда тек экономикалық емес, әлеуметтік, саяси жағдайға да ықпал етпек. Ал қазіргі кездегі әлемдегі экономикалық тұрақсыз жағдайдың ең басты себептерінің біріне COVID-19 пандемиясы және әлемдік геосаяси жағдайды жатқызуға болады.

- Америкада басталған экономикалық тоқырауға тоқтала кетсек. Бұл 2008 жылдағы кезеңге кері кету ме. Мұның біздің елге әсері қандай болмақ?

- АҚШ-тың экономикалық жағдайын дағдарыс деп айтуға әлі ерте. Иә, экономикада үлкен мәселелер бар. Әсіресе 2022 жылғы инфляцияның рекордты жоғары деңгейі елдің барлық салаларына ықпал етуде. Инфляцияның мұндай жоғары болуы COVID-19 пандемиясымен байланысты карантин кезіндегі мемлекет тарапынан берілген көмектің салдарынан деп қарастыруға болады. Оған қоса, 2022 жылы басталған Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс та өз ықпалын тигізді. Америкалық Федералды резервтік жүйесінің инфляцияға қарсы шарасы ретінде пайыздық қойылымдарды жоғарлатуы Silicon Valley Bank және Signature Bank бірдей банкрот болуына өз ықпал тигізді десе де болады. Бұл банк саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесі құралдарының жеткіліксіз екенін көрсетті. Қазіргі жағдайды 2008 жылға оралу деп айтуға келмейді. Әр кезеңнің өзіндік ерекшеліктері бар.

- Америкалық қаржы кризисі қазақстандық банктердің жұмысына қалай әсер етеді?

- Америка Құрама Штаттарының экономикасы – ең ірі экономика болғандықтан, әрине ондағы ахуал бізге де әсер етеді. Егерде біздің банктердің тікелей АҚШ-та банкрот болған банктермен байланысы болған жағдайда ғана үлкен салдар туралы айтуға болады. Қазіргі жағдайдағы ықпал, менің ойымша, жанама ғана болмақ.

- Түсінікті, енді доллар мен теңгенің ара қатынасы, еліміздегі инфляцияның деңгейі қандай болмақ?

- Теңгенің бағамына әртүрлі факторлар әсер етеді және сол себепті де біржақты нақты болжам беруге болмайды. Бірақ қазіргі экономикалық ахуалды және екі елдегі инфляция мен мұнай бағасының динамикасын ескерсек, алдағы жақын болашақта теңгенің долларға қатысты 2-3% деңгейінде әлсіреуін күтуге болады.

Жалпы Қазақстандағы инфляцияның себептері мен факторларын  ескере отырып, осы жылдағы инфляция деңгейі  жыл қорытынды бойынша 14-16% шамасында болады деген ойдамын.

- Ұлттық Қорды шетелге заңсыз шығарылған қаражатпен толықтыруға бола ма? Қазіргі кезде жиналған ондай қаражатты мектептер салуға ғана бағыттап отыр, неліктен деп ойлайсың?

- Менің жеке пікірім, Ұлттық қорды шетелге заңсыз шығарылған қаражатпен толықтыруға болмайды. Себебі ол қордың мақсаты және көздері басқа. Әрине, іс-жүзінде жүзеге асыруға болады делік, бірақ ол жағдайда біз не ұтамыз? Негізгі жұмыс шет елге заңсыз шығарылатын қаражаттың болмауына бағытталуы керек қой.

Менің ойымша, ондай қаражатты мектеп салуға бағыттау – нашар нұсқа емес. Керісінше, қазіргі еліміздегі мектеп тапшылығын ескерсек, дұрыс шешім деп ойлаймын. Бірақ мұндай қаржының салыстырмалы түрде жеткіліксіз болатынын ескеруіміз керек, сол себепті басқа мақсаттарға да бөлінуі қажет емес. Алдымен мектеп тапшылығын шешіп алу керек.

- Еліміздің экономикасын көтеруде қандай түйткілді мәселелер бар, жалпы не кедергі болып отыр?

- Жалпы бір сұрақ шеңберінде еліміздегі экономикалық мәселелердің барлығын қамту мүмкін емес және экономикалық мәселелер экономикалық емес мәселелерге де тәуелді екенін ескеру керек. Мысалы: білім сапасы, халық денсаулығы, мәдениет пен философияның, елдегі демократиялық институттардың дамуы, заңдардың дұрыс жұмыс істеуі, ішкі және сыртқы саясат және тағы басқа.

Қазақстан экономикасын көтерудегі негізгі мәселелерге келесілерді қосуға болады: біріншіден, жаңа салаларды дамытуға бағытталған жаңа экономикалық стратегия қажет. Екіншіден, ауыл шаруашылығын дамытуға жаңа көзқарас керек, қолданыстағы субсидиялау және қолдау тетіктерінен бас тарту қажеттілігі бар. Үшіншіден, жасыл энергетиканың жаңашылдығы мен дамуына жағдай жасау керек. Төртіншіден, су, электр энергиясын және басқа да табиғи ресурстарды тұтынудың экологиялық үлгілерін дамыту жөніндегі бастамаларды жан-жақты қолдау тетіктерін енгізу. Бесіншіден, өңірлерде экономикалық өсудің жаңа нүктелерін құру бойынша кешенді жұмыстар атқарылуы керек.

- Шалқар Аманжолұлы, уақыт тауып сұхбат бергеніңе көп рахмет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға