Жаңалықтар

Еліміздегі көлік және коммуникация қызметі қалай қарқын алып келеді?

Еліміздегі көлік және коммуникация қызметі қалай қарқын алып келеді?
Фото: © Unplash 04.08.2024 11:25 624

Қазақстанда тамыз айының әрбір бірінші жексенбісі Көлік және коммуникация қызметкерлері күнін атап өтеді. Биыл атаулы күн 4 тамызға тұспа-тұс келіп отыр, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстанның көлік және коммуникация кешенін теміржол, су көлігі, әуе көлігі, автомобиль көлігі, құбыр көлігі және телекоммуникация құрайды.

Көлік кешені – отандық экономиканың басты стратегиялық маңызды сегменттерінің бірі. Ол елдің өнеркәсіптік және технологиялық әлеуетін нығайтуда, өңіраралық және халықаралық байланыстарды дамытуда үлкен рөл атқарады. Әрине, адамдардың өмір сүру сапасы көбінесе оның сенімді, үздіксіз жұмыс істеуіне байланысты. Бүгінгі таңда көлік кешені қуатты өндірістік, ғылыми-техникалық және кадрлық әлеуетке ие.

Теміржол-көлік кешені

Қазақстандағы жетекші көлік түрі – теміржол. Себебі теміржол еліміздегі жүк айналымының негізгі рөлін алып отыр.

Биыл елімізде 140 жаңа жолаушылар вагоны пайдалануға беріледі. Бүгінгі таңда оның 50 вагоны жеткізілген. Қалғандары жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында теміржол саласында шикізаттық емес жүктердің экспорты артты. 6 айдағы деректер бойынша экспорт көлемі 10 млн тоннаға жетті. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7% - ға артық ( 6 ай 2023 жылдың 6 айында – 9,2 млн. тонна). Атап айтқанда, химиялық және минералды тыңайтқыштар сияқты жүктердің 11% - ға, түсті металдар 9% - ға, қара металдар 15% - ға және басқалары 11% - ға (бидай ұны, тұз, өсімдік майы, құрама жем және басқалар) өсуі байқалады, - деп мәлімдеді Көлік министрлігі.  

Сонымен қатар, Қытай Халық Республикасы бағытында жалпы экспорттың өсуі белсенді қарқынмен жүруде. Мәселен, соңғы жарты жылда өсім 19% немесе 6,8 млн тоннаны құраған. (2023 жылдың 6 айында – 5,5 млн.тонна).

Су көлігі саласы

Өзен көлігі маусымдық көлік түрі болып саналады. Себебі қараша айынан сәуір айына дейін өзендер қатып жатады.

Қазақстанда өзен көлігін дамытуға қажетті ірі өзендер аз, көбі еліміздің шекарасынан тыс аймақтар арқылы ағып өтеді. Қазақстанның өзен көлігінде жетекші орынды Ертіс өзені алады. Ертіс өзенімен пайдалы қазба кендері, құрылыс материалдары тасымалданады. Автомобиль көлігі жақын қашықтыққа жүк және жолаушы тасымалдауға ыңғайлы көлік түрі болып саналады.

Ақтау, Құрық және Баутино теңіз порттары Каспий теңізінің қазақстандық секторында бірнеше халықаралық көлік дәліздерінің қиылысу нүктесінде орналасқан.

Қазақстанда су көлігі дамыған Каспий теңізінің жағалауында екі ірі теңіз порты – Ақтау және Баутино бар. Мұнда Ресей, Әзірбайжан және Ираннан жолаушылар кемелері келеді. Қазақстанның ашық кеме арналарының ұзындығы 3982 шақырымды құрайды. Қазақстанда кеме қатынасы Ертіс, Сырдария, Жайық, Қиғаш, Іле, Есір өзендері сияқты өзендер арқылы жүзеге асырылады.

Автомобиль саласы

Автокөлік саласындағы жүк тасымалы бойынша Қазақстан 42 елмен серіктесе жұмыс істейді.

2024 жылғы бірінші тоқсанда халықаралық қатынаста автомобиль көлігімен жүктерді экспорттық-импорттық тасымалдау көлемі 1,9 млн. тоннаны құрады. Бұл 2023 жылғы ұқсас кезеңмен (1,5 млн.тонна) салыстырғанда 27% - ға артық.

2024 жылдың бірінші тоқсанында автомобиль көлігімен жүктерді транзиттік тасымалдау көлемі 1,2 млн. тоннаны құрады. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35% - ға артық (888,4 мың тонна).

Халықаралық автомобиль тасымалдары саласындағы ҚХР-мен үкіметаралық келісім ратификацияланды (ред – ҚХР-мен келісім ратификацияланғаннан кейін қазақстандық тасымалдаушылар Қытайдың өнеркәсіптік және порт қалаларына жүктерді тасымалдауды жүзеге асыра алады және елдердің аумақтары бойынша транзитпен өте алады).

ҚР Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қойылды (келісім ратификацияланғаннан кейін 3 елдің жүктерін тасымалдауға рұқсат беру жүйесі енгізіледі, сондай-ақ ҚР тасымалдаушылары үшін жол және экологиялық алымдарды төлеу оңтайландырылады).

Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылды (келісім ратификацияланғаннан кейін Қазақстан Республикасының шекарасындағы «Кеген-Қарқара» өткізу пунктінің жұмыс кестесі және Қырғыз Республикасы күндізгі сағаттан 24 сағатқа ауысады).

42 елмен 231 мың рұқсат бланкілері алмасты.

Жолаушыларды республикаішілік автомобильмен тасымалдау:

2024 жылдың 5 айында автокөлікпен 123 млн. тонна жүк және 686 млн. жолаушы тасымалданды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда тиісінше 15,2% және 9,4%-ға артық (106,8 млн. тонна және 627,3 млн. жолаушы).

Еліміздің автобус паркі 2868 автобуспен жаңартылды, соның негізінде автобус парктерінің жалпы тозуы 33%-ға дейін төмендеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға (2022 жылы 46%) азайды. Осы жылы автобус паркін 10%-ға дейін жаңарту жоспарлануда. Әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялауға бөлінген 215,9 млрд.теңге, бұл 2022 жылмен салыстырғанда (130 млрд.теңге) 66%-ға артық. Осы жылы шамамен 242 млрд. теңге бөлінді. Парламенттің қарауында автотасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды ӨӨРҰ-ға (тұрақты халықаралық, облысаралық және тұрақты емес автобус тасымалдарын, такси тасымалдарын және олардың диспетчерлік қызметтерін ұйымдастыру) беру мәселелері жөніндегі заң жобасы қаралуда. Заң ағымдағы жылдың соңына дейін қабылданады деп жоспарлануда, - деп мәлімдеді Көлік министрлігі.

Азаматтық авиация саласы

Бүгінде елімізде әуе көлігі саласының қарқыны жаман емес. Мәселен, соңғы  6 айда қазақстандық авиакомпаниялар 6,8 млн жолаушыны тасымалдады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңінен 15%-ға артық (5,9 млн. жолаушы). Отандық әуежайлар қызмет көрсеткен жолаушылар саны қаңтар-мамыр айларында 11,3 млн адамды құраған. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңінен 21,5% - ға артық (9,3 млн.жолаушы).

Ішкі авиатасымалдауды 6 авиакомпания (Эйр Астана, FlyArystan, SCAT, Qazaq Air, Южное небо, Жетісу) аптасына 640 рейс жиілігімен 53 бағытта орындайды. Авиакомпаниялармен бірлесіп ұшақтар паркін толықтыру жоспары қабылданған. Мәселен, жыл басынан бастап отандық авиакомпаниялардың ӘК паркі 5 бірлікке толықтырылды (FlyArystan – 4 бірлік А320, Эйр Астана – 1 бірлік А321).

Әлеуметтік маңызы бар бағыттардың көліктік қолжетімділігі және ішкі туризмді дамыту мақсатында 9 облыста (Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Абай, Жетісу, Павлодар, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ұлытау) 6,6 млрд теңгеге 19 ішкі авиамаршрут субсидияланады. Бүгінгі күнде Қазақстаннан ұшу географиясын кеңейту, оның ішінде еліміздің қалаларынан шет мемлекеттерге тікелей әуе қатынасын ашу және жаңарту бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізіліп жатыр, - деп мәлімдеді Көлік министрлігі баспасөз орталығының өкілі.

Бүгінгі күні Қазақстан 33 елмен аптасына 760 рейс жиілігімен 132 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасын орнатты. Олар: Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Ұлыбритания, Вьетнам, Германия, Грузия, Египет, Үндістан, Иран, Италия, Катар, Қытай, Кувейт, Қырғызстан, Малайзия, Чехия, Моңғолия, Нидерланды, БАӘ, Польша, РФ, Сауд Арабиясы, Тәжікстан Тайланд, Түркия, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Оман, Мальдивы, Бахрейн, Черногория, Греция.

Қазір елімізде осы маңызды әрі жауапкершілігі мол салада еңбек ететін қызметкерлердің саны 670 мыңға жуықтады. Сондай-ақ, қазіргі уақытта еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінде көлік саласындағы жаңа мамандарды даярлау үшін 60 мыңға жуық студент білім алуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға