Еліміздегі футбол мәселесі Ұлттық құрылтайда талқыланды

Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайдағы IV Ұлттық құрылтайда елдегі футболдың даму деңгейіне тоқталды. Клубтардың қаржылық тұрақтылығы туралы маңызды мәселе көтерген президен футбол клубтары табыс таба білуі керектігін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Құрылтайда мемлекет басшысы Қазақстандағы клубтық футболды коммерцияландыру қажеттігін және облыстық бюджеттерге тәуелді клубтар өздігінен табыс табуды үйренуі керек екенін атап өтті.
Клубтар тек облыстық бюджетке қарап отырмауы керек. Әлемнің түкпір-түкпірінде футбол бұл табыс әкелетін сала. Біз де осы бағытқа бет бұруымыз керек, – деді президент.
Сондай-ақ, президент бұл салада жекешелендірусіз өзгеріс болмайтынын айтып, кәсіпкерлерді футболды бизнес ретінде қарастыруға шақырды.
Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, жекешелендірусіз ешқандай өзгеріс болмайды. Егер клубтар жеке меншікке өтсе, олар шетелдік ойыншыларды да өз еркімен шақыра алады, – деп атап өтті мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев профильді министрлікке, Қазақстан футбол федерациясына, жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпкерлерге клубтық футболды коммерцияландыру процесін бастауға және жеке инвестиция тартудың тетіктерін әзірлеуге тапсырма берді.
Футбол функционері Болат Есмағамбетовтың айтуынша, президенттің сөзінен кейін клуб басшылары мен бизнесмендер ойлануы керек.
Жақында Бурабайда Ұлттық құрылтай өтті. Президент футболды дамыту керектігін айтты. Енді осыдан кейін әкім мен клуб басшылары және бизнесмендер ойланатын шығар. Бүкіл әлемде кәсіби спортқа салық жеңілдіктері немесе инфрақұрылымға инвестиция бар. Осыны ескеріп туризм және спорт министрлігі бұл жобаны заңнамалық деңгейде әзірлеуі керек. Өзбекстан, Қырғызстан сияқты көрші елдер футбол туралы заң қабылдап, екі жылдың ішінде көптеген футбол нысандарын салды. Жақында Бішкекте 45 мың орындық заманауи стадионның құрылысы аяқталады. Футбол клубтарын тікелей қаржыландыруға қатысты айтар болсам, биыл жазда елімізде Қазақстан азаматтығы жоқ спортшыларды бюджет қаражатынан қаржыландыруға тыйым салатын заң қабылданатын шығар. Сонда клуб жетекшілері бюджет ақшасын таратушы емес, іс жүзінде менеджер болуы керек. Мұнда ескеру керек көптеген нюанстар бар. Басты мақсат – ақшаны жасөспірімдер футболын дамытуға бағыттау тиіс. Жақында Қазақстан футболының ардагерлері ҚФФ-ның жаңадан сайланған президенті Марат Омаровпен кездесті. Футболымыздың жағдайын жақсарту үшін көптеген тілектер айтылып, ұсыныс жеткізілді. Кездесу жақсы деңгейде өтті. Олардың Талғар қаласындағы ұлттық құрама базасындағы кешенді жаңғыртып, бірнеше жас тобындағы командалар үшін академия құрғалы жатқаны мені қуантты. Бұл еліміздің түкпір-түкпірінен болашақта құраманың негізін құрайтын болашағы зор жастарды жинауға мүмкіндік бар деген сөз, – деді Болат Есмағамбетов.
Айта кетейік, биылдан бастап легионерлердің жалақысын жергілікті бюджеттен төлеуге тиым салатын заң қарастырылуда. Жаңа заңнама ҚР Парламенті мен Сенатының талқылауы мен мемлекет басшысының құптауынан өткен соң өз күшіне енбек.
