Жаңалықтар

Еліміздегі ауқымды жоба «Жайлы мектептер» оқу жылына дайын ба?

Еліміздегі ауқымды жоба «Жайлы мектептер» оқу жылына дайын ба?
Фото: gov.kz 31.08.2024 20:20 150

Ертең жаңа оқу жылы басталып, Білім күні тойланып, мектептерде алғашқы қоңырау соғылмақ. Мектеп табалдырығын аттайын деп отырған оқушылар Президенттің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектептерге» бара ала ма, осы уақытқа дейін құрылыс қарқыны қалай және жобаның болашағы қандай болмақ? Осы және басқа да сұрақтарға  El.kz тілшісі жауап беріп көрді.

Мәселенің әлқисассы

Қазақстанда жыл сайын халық саны қарқынды артып келеді. Халық санының күрт артуы экономикалық, қоғамдық және әлеумттік тұрғыдан көп пайдасы болғанымен, кез келген инфрақұрылымға үлкен салмақ түсіреді. Халық санының артуы өз кезегінде еліміздегі бала туу көрсеткішіне тікелей әсер етті.

Қазіргі қазақ отбасында кем дегенде 3 баладан бар екенін ескерсек, бұл бірінші кезекте білім беру саласына салмақ болып түсті. Мысалы биылғы оқу жылында 1-сыныпқа қабылданған бала саны 351 мыңнан асты. Бұл Астана, Алматы және Шымкен қалалары мен облыстардағы онсыз да толып қалған мектептерге ауыртпалық әкелмек.

Әр мектепке түсетін жүктемені елестетіп көру үшін тағы бір дерек келтіре кетейік. Мәселен 2023-2024 оқу жылында еліміздегі мектептерде 3,9 милилон оқушы білім алған. Биыл бұл сан артпаса, азаймайды. Сондықтан Қазақстанда әлі күнге дейін 3 аусымда білім беретін мектептер бар.

Мәселені қолға алып, дер кезінде шешу үшін арнайы ұлттық жобаның керек екені айқын еді. Қалалар мен өңірлердегі мектеп тапшылығын жойып, 3 аусымды мектептерді толығымен жойып, білім ошақтарын тым болмағанда 2 аусымға ауыстыру Үкімет алдында тұрған басты мәселенің бірі еді.

Осыған орай Президенттің жеке бастамасымен «Жайлы мектеп» жобасы өмірге келді. Алғашқыда пилот ретінде басталған бұл жоба қазір қарқын алып, ұлттық деңгейге жетті. Жобаның жемісті жұмысын, ертең, 1 қыркүйектегі алғашқы қоңырау кезінде еліміздің түкпір-түкпірінде есігін айқара ашатын мектептерден көруге болады.

Ұлттық жоба

Осыдан дәл екі жыл бұрын, яғни 2022 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы кезінде пилоттық жоба ретінде «Жайлы мектеп» атты ұлттық жобаны әзірлеуді тапсырған болатын.

Президент тапсырмасына сай, әу баста жобаның басты мақсаты орта білім беру саласындағы 3 негізгі мәселені шешуге бағытталған еді. Яғни қордаланған мәселелер қатарында апатты мектептер мен 3 ауысымды оқытуды жою, сондай-ақ оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу болды.

Осыған орай ұлттық жоба аясында 2023-2025 жылдар аралығында Қазақстанның барлық аймағында 369 мектеп салу жоспары қойылды. Осылайша мемлекет 2 ауысымда білім беруге мүмкіндік беретін оқу ордаларын ашып, кемінде 740 мың жаңа оқушы орнын құруды мақсат етті.

Жалпы ұлттық жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде 2024 жылдың соңына дейін 208 мектеп салу жоспарланды. Ал екінші кезеңде 2024 жылдан бастап 2025 жылдың соңына дейін қалған 151 мектепті салу көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, Астана және Алматы қалаларында 10 мектеп мемлекеттік-жеке меншік әріптестік ретінде, сонымен қатар дайын мектепті тауар ретінде сатып алу тетіктері арқылы қолданысқа тапсырылады.

Жоспарланған 369 жайлы мектептің 44% ауылдық жерлерде, ал 56% қалаларда салынады.

Ең көп мектеп Түркістан, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау облыстары және Астана, Алматы, Шымкент қалалары сияқты оқушы орындарының тапшылығы қатты сезілетін тығыз қоныстанған өңірлерде салынбақ.

Мектептерді кім және қалай салады?

Еліміздегі ауқымды жобаның басы-қасында болып, басқаруды барынша жылдам әрі өнімді ету үшін «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы таңдалды. Аталмыш компания ұлттық жобаның бірыңғай дирекция ретінде бекітілді. Яғни олар мектептерді жобалауға, салуға және толық жарақтандыруға жауапты. Қолданысқа тапсырылғаннан кейін дайын мектептер жергілікті әкімдіктердің балансына өтіп, солардың басқаруына беріледі.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының тағы бір мақсаты - отандық өндірушілерді қолдау. Мысалы мектептерге арналған жиһаз тек «Самұрық-Қазына» қорының тауар өндірушілері қатарынан және «Атамекен» ҰКП отандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген қазақстандық компаниялардан сатып алынатын болады.

Сондай-ақ мердігер ұйымдар ай сайын елішілік құндылық үлесінің көрсеткіштері, яғни Қазақстанда өндірілген материалдар мен тауарларын пайдалану бойынша есеп беріп отыруы тиіс.

Ал енді «Жайлы мектеп» жобасына бөлінетін қаржыға тоқталсақ. Жобаға республикалық бюджет пен Ұлттық қордан 2,38 трлн теңге бағытталды. Оның ішінде 2023 жылы 499,9 млрд теңге, 2024 жылы 976,7 млрд теңге және 2025 жылы 909,4 млрд теңге қарастырылған.

Жайлы мектеп қаншалықты «жайлы»?

Мектептердің құрылысына жауап беретін компания оқушылар үшін барлық жағдай жасалатынын бас айтады. Осы орайда 400-ге жуық мектептің артықшылығына тоқтала кетсек.

Мәселен жайлы мектептердің ауданы қарапайым білім ошақтарына қарағанда 15-20% кеңірек, ал техникалық жабдықталуы 4 есе артық болады. Осыған қоса жаңа мектептерде 3-4 спорт залы болады. Бұрынғы мектептерде мұндай болмаған еді.

Әр мектептің аумағында спортпен шұғылдануға және басқа да іс-шараларға арналған алаңдар жасалмақ. Сондай-ақ ерекше балалар үшін кедергісіз орта қамтамасыз етіледі. Білім ошақтарында пандустар, лифттер, арнайы дәретханалар және инклюзивті білім беру кабинеті ашылады.

Әрбір сыныпта заманауи компьютерлер мен интерактивті тақталар орнатылады. Ал бейнебақылау және кіріп-шығуды бақылау жүйелерін орнату арқылы мектеп аумағы мен ішіндегі қауіпсіздік қамтамасыз етіледі.

Құрылысы аяқталған соң жайлы мектептер жергілікті атқарушы органдардың балансына беріледі. Білім ошақтарында оқыту тегін болады.

Мектептерді уақытылы салып үлгермейсіңдер деп күмән келтіріп жатқандар бар. Айтайын дегенім, егер жобалық-сметалық құжат сапалы әзірленсе, 2-3 қабатты ғимаратты салу техникалық тұрғыда қиын емес. Ал жоба сапасыз болса, жұмыс барысында түзетулер енгізіліп, құрылыс ұзаққа созылады. Осыны ескере отырып, біз мектептерді жобалауға баса мән беріп жатырмыз. Жобалық-сметалық құжаттама толық, егжей-тегжейлі және барлық жағынан ойластырылған болуы керек. Жеке өзім жобалаушы мамандармен күн сайын жиналыс өткізіп, процесті үздіксіз қадағалап отырмын, - деді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов.
.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға