Еліміздегі Алжир Елшісі дипломатиялық миссиясын аяқтады

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Қазақстандағы миссиясының аяқталуына орай Алжир Халық Демократиялық Республикасының Елшісі Камаль Финништі қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың оң динамикасын атап өтіп, екі ел арасындағы өзара тиімді серіктестікті одан әрі тереңдетуге ортақ мүдделілік бар екенін растаған.
Елші Қазақстанда іске асырылып жатқан жүйелі саяси реформаларды атап өтті. Оның айтуынша, бұл өзгерістер Қазақстан халқының әділетті, ашық әрі тұрақты мемлекет құруға деген ұмтылысын көрсетеді. Өз кезегінде, министрдің орынбасары Астана мен Алжир арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға алжирлік дипломаттың қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Қазақ дипломаты Алжирдың Елшісіне алдағы кәсіби қызметіне табыс тілеп, Қазақстан мен Алжир арасындағы достық қарым-қатынастардың бұдан әрі де табысты дамитынына сенім білдірді.
Кездесу соңында Алжир дипломатына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің атынан алғыс хат пен естелік кәдесый табысталды.
