Жаңалықтар

Елімізде үстел теннисі қалай дамып келе жатыр?

Бұл спорттың адам ағзасына тигізер пайдасы көп
Елімізде үстел теннисі қалай дамып келе жатыр?
29.03.2022 19:16 11830

Үстел теннисі – әлемде кең тараған спорт түрі. Шапшаңдық пен ептілікті қажет ететін үстел теннисі 1988 жылы Сеулде өткен Олимпиада ойындары бағдарламасына енген. Ал Паралимпиадалық ойындарға 1960 жылы-ақ кіргізілген еді. Қазақстан үстел теннис федерациясы 1993 жылы құрылды. Осы жылы ел теннисшілері Швецияда өткен халықаралық жарысқа қатысты.

Үстел теннисінің тарихы

Үстел теннисі алдымен «флим-флим», «виф-ваф», «госсим» деп аталып жүрген. Одан кейін ресми түрде «пинг-понг» атауы енді. Оны американдық Джон Джаквес енгізді. «Пинг» - ракеткамен допты ұрған кезде шығатын дыбыс болса, «понг» - доп үстелге тигенде шығатын дыбыс.

Елімізде үстел теннисі қалай дамып келе жатыр?

Қазақстанда алғаш рет 1952 жылы Өскемен қаласында пайда болып, әуесқойлар арасында алғашқы турнирлер өткізілген. Бұл спорт түрі 1955 жылы әуесқой спортшы, мықты ұйымдастырушылардың бірі Анатолий Харитонович Алматыға келген кезде қарқынды түрде дами бастады. Ал 1993 жылдан бері үстел теннисінен Қазақстан Республикасының чемпионаты үздіксіз өткізіліп келеді. 2017 жылы ТМД елдерінен алғаш болып елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы әлемнің ең үздік 16 спортшысы арасында өткен үстел теннисінен «2017 ITTF World Tour Grand Finals» финалдық турнирін қабылдады. Бұл турнир халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болды. Үстел теннисінің белсенді дамуы Қасым-Жомарт Тоқаев Федерация президенті болып сайланғаннан кейін байқалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Ұлттық үстел теннисі федерациясын 13 жылдан аса басқарған уақытта елімізде бұл спорт айтарлықтай деңгейге көтерілді. Бүгінгі күні федерацияны Әбілғазин Данияр Рүстемұлы басқарып келеді. Қазақстан үстел теннисі федерациясының президенті еліміздің барлық өңірлерінде үстел теннисін кеңінен насихаттауға ерекше көңіл бөліп жүр.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Қазақстанда үстел теннисімен 160 мың адам айналысады. Оның ішінде жеті мыңға жуығы тұрақты түрде шұғылданады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оқушы кезінде үстел теннисінен спорт шеберлігіне үміткер атанған. Кейін екі жылдай республикалық федерацияны басқарып, спортшыларымыздың әлемдік рейтингте үздіктердің қатарынан көрінуіне үлес қосты. АҚШ-тың бұрынғы Президенті Барак Обама үстел теннисінің нағыз шебері болған. Бұл тізімде әлемдік футбол ойынының жарық жұлдызы Криштиану Роналдудың да есімі бар. Тіпті кәсіби боксшылардың өзі осы ойын арқылы шапшаң қимылдау тәсілдерін жетілдіріп отырады екен. Үстел теннисінің адам ағзасына жағымды әсері мол. Әсіресе Қытай халқы шағын тақтадағы жарыстың жай ғана ойын емес, жылдам ойлау сайысы екенін жақсы түсінген. Сондықтан бұл спортты мектеп бағдарламасына енгізген. Үстел теннисімен шұғылданған баланың дені сау болып, сабақ үлгерімі жақсарады, әрі өзін сергек сезінеді. Бұл ойынды бұқаралық мақсатта дамытқан Қытай елінің денсаулық пен спортта қаншалықты алға кеткені белгілі. Олар үстел теннисі арқылы ұлт саулығын нығайтуға болады деп ойлайды.

Үстел теннисі жаттықтырушысы Ержан Сәлімұлы қазіргі уақытта кәсіби спортшылардан бөлек, үстел теннисінен ардагерлер арасында да халықаралық жарыстар ұйымдастыралатынын айтады. «Жасөспірімнен бастап қарияға дейін ойнайтын ойын бүгінде жалпы халықтық спортқа айналды» - дейді ол.

Елімізде үстел теннисі қалай дамып келе жатыр?

– Үстел теннисін адамдар үйде, кішігірім алаңқайларда уақыт өткізу үшін ойлап тапқан еді, кейіннен бұл спортқа қызығушылар көбейіп, кәсіби спорт түріне айналды. Ойын бәсекелесетін екі ойыншыдан тұрады, олар үстелдің екі жағында тұрып, тартылған тордан допты қарсылас жағына түсіру керек. Негізінен, үстел теннисі көп энергияны қажет ететін спорт түрі. Мысалы бір партияның өзінде әрбір ойыншы жеті шақырым жаяу жүргендей күш жұмсайды екен. Тіпті әуесқойлардың өзі минутына жүзге жуық соққы жасап үлгереді. Бұл әрине көру қабілетін жақсартып қана қоймай, ептілікті еселеп, шыдамдылық пен шеберлікті шыңдай түсетіні анық, - дейді Е. Сәлімұлы.

Қазақ танымын кеңейтіп, мергендік өнерге баулитын асық ұлттық ойынымыздың бірі болса, француз халқын теннис арқылы танып білуге болады. Үстел теннисі бастауын бірі Азиядан алады десе, енді бірі Еуропа елдерінің төл ойыны деген пікірлер айтады. Қалай болғанда да көпшілік қызығушылық танытқан спорттың салауатты өмір салтын ұстанамын деген жанға берері көп.

– Үстел теннисі шапшаң қозғалысқа құрылған спорт түрі. Бұл спорттың халықаралық федерациясына екі жүзден астам мемлекет мүше және белсенді түрде көптеген жарыстарға қатысып тұрады. Ойынның артықшылығы жылдам шешім қабылдауға және жедел қимылдауға дағдыландырады. Ойнай алмаймын деп тартыншақтау үстел теннисіне келушілерге тән емес. Себебі барлығы да еркін. Тек ойнау тәртібін меңгеріп алса болды.

Сергек болу үшін кез келген спорт түрімен айналысуға болады. Ал жылдам шешім қабылдауды үйренуге үстел теннисінің тигізер пайдасы көп. Ержан мырзаның пайымдауынша, үстел теннисі қызықты, әрі жан-жақты спорт түрі. Ең бастысы адамға пайдалы, ойлау қабілетін жылдам дамытады.

– Енді үйреніп келе жатқан спортшыға алдымен қимыл қозғалысын дұрыстап қойып алу керек. Оңнан солға, солдан оңға қарай соққы жасағанда өзін қалай ұстау керектігін әбден түсініп алған дұрыс. Осы жаттығуларды жиі қайталай берсе, санасында сақталып қалады да, екі-үш аптадан соң, қарсыласпен алғашқы ойынды өткізуге болады. Кейде келушілерді баптау үшін, белгілі бір қалыпқа тұрғызып, 200-300 шарды соққанша жаттықтыра беремін. Үстел теннисін меңгерген адам, үлкен теннисті де ойнай береді. Себебі соққы жасау әдіс-тәсілдері бір. Қол мен аяқ жылдам жаттығуға икемделген соң, үлкен аренаға шыға беруге болады.

Жасыңыз ұлғайса да, қартайдым деп қаймықпай, ауруға шалдықпай жүрудің тиімді жолы спорт. Жетпісті алқымдап қалса да, Нұрғазы Бауыржанұлы әр адам салауатты өмір салтын ұстанса болғаны дейді. Үстел теннисімен белсенді түрде айналысып жүрген Нұрғазы Бауыржанұлы жаттығуды себепсіз қалдырып көрмепті.

 – Үстел теннисін кішкентай баладан еңкейген қарияға дейін ойнауға болады. Мен өзім алпыстан ассам да,  теннис жаттығуын қалдырмай барамын. Кезінде спортпен айналысқан соң, қазір үйде отыра алмаймын. Салауатты өмір салтын ұстану өзіме жақсы, - дейді қарт спортшы.

Үстел теннисінің адам денсаулығына пайдасы

Үстел теннисін ойнау – отбасымен және достарымен қызықты және белсенді уақыт өткізудің тамаша тәсілі. Сондай-ақ, бұл отбасылық демалысты әртараптандыруға көмектеседі, себебі теннисте жас шектеулері жоқ. Сонымен қатар, үстел теннисі адам ағзасына оң әсер етеді.

Үстел теннисі аса шапшаң шахмат деп бекер айтылмаған. Себебі ойын тактикалық стратегияны дамытып, ақыл-ой қабілетін арттырып, қол мен көздің кординациясын жақсартады.

 – Тұрақты түрде шұғылданған адам буын ауруларының алдын алады. Қан қысымынан да қалыпта ұстайды. Сонымен қатар, үстел теннисі ең қауіпсіз спорт түрі. Оны кез келген адам ойнай алады. Тіпті теннис ракеткасын енді ұстаған жандар да аталған спортқа тез бейімделеді. Шағын тақтадағы ойын болғанымен адам ағзасына тигізер пайдасы көп. Үстел теннисі әсіресе білек пен иық бұлшық еттерін шынықтырады. Сонымен қатар, тірек-қимыл жүйесіне жағымды әсер етеді. Қолжетімді спорт болғандықтан, салауатты өмір салтын ұстанатындарға нағыз керек ойын түрі деп айтуға болады, - дейді спорт дәрігері Бауыржан Құсайынов.

Спорт дәрігері алаңдағы үздіксіз қимыл кезінде адам ойы тек теннисте болады дейді. Ұпай алғанда спортшы эмоцияны шығарып, бойдағы бөтен ойдан арылады.

– Ойыннан кейін тұтас денеге түскен жүктеменің жағымды әсерін сезесіз. Себебі жаттығудан соң, ағзада эндорфин пайда болады. Яғни, адам шаттыққа кеңеліп, бақыт гормондары белсенді жұмыс істейді. Жаттығудан кейін де көтеріңкі көңіл күйде жүресіз. Ұйқы дұрысталады. Әрі қатып қалған буындарды босатады, - дейді Б.Құсайынов.

Терімен бірге адам ағзасындағы тұз сыртқа шығады. Бірақ тұрақты жаттығумен ас мәзіріне мән бергенде ғана, теннистің оң әсері болуы мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі, бұл спортта жарақат аз.

Елімізде үстел теннисі қалай дамып келе жатыр?

Үстел теннисін ойнаудың 10 артықшылығы

Олар:

1. Ойынның орташа қарқынымен бір сағат бойы қатысушы үш шақырымдай жүргендей сезінеді. Ал көп жағдайда мұндай жаттығудан кейін ойыншы шаршауды байқамайды.

2. Үстел теннисін ойнау дене шынықтыруға көп көмектеседі, өйткені бұл керемет кардио жаттығуы.

3. Үстел теннисін ойнауды бастау үшін арнайы физикалық дайындық немесе дағдылар қажет емес.

4. Теннис – жанжалсыз спорт түрлерінің бірі. Ойын барысында көбінесе достық атмосфера болады.

5. Үстел теннисі мидың әртүрлі бөліктерін белсенді түрде қамтиды. Сіз әрқашан көзден басқа қашықтықта болатын допты қадағалап, қолыңызбен қозғалыстар жасап, допты ракеткамен ұруыңыз керек. Қатысушы қарсыластың допты қайда жіберетінін, қандай күшпен, мұның барлығы секундтың жүзден бір бөлігінде болатынын «сезуі» керек.

6. Әрбір жаңа ойын арқылы сіз өзіңіздің дағдыларыңыздың қалай жақсарғанын сезінесіз. Қозғалыстар жылдамырақ және қызықтырақ болады, реакция өткір болады, ал қозғалыстар ойлы болады.

7. Үстел теннисі қымбат спорт түрі емес. Теннис ойнайтын үстелдер елорданың көптеген саябақтары мен спорт алаңдарында бар. Кейбір әлеуметтік орталықтарда тегін ойын үйірмелері бар.

8. Теннис ойыны көру өткірлігін арттырады, көрнекі гимнастикаға ықпал етеді.

9. Көптеген жандар күйзелістен құтылу және қазіргі проблемаларды ойламау үшін үстел теннисін ойнайды. Шынында да, бұл ойын кезінде жұмыста немесе жеке өмірде орын алған кейбір жағымсыз оқиғаға назар аудару мүмкін емес. Ал жиын біткен кезде эмоционалдық күй ауыстырылған физикалық белсенділіктің арқасында жақсарады.

10. Кез келген белсенді және мобильді спорт сияқты, үстел теннисі бұлшықеттерді тамаша жаттықтырады және нығайтады, икемділікті жақсартады және төзімділікті дамытады. Үстел теннисі тек қызықты ғана емес, сонымен қатар пайдалы ойын. Бұл физикалық денсаулықты жақсартуға ғана емес, сонымен қатар зейін, реакция уақытты, үйлестіру сияқты психикалық процестерді жақсартуға көмектеседі, ойыншылардың қарым-қатынас дағдыларын жақсартады.

(Суреттер ашық ғаламтор көздерінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға