Елімізде қашықтан оқыту енгізілмейді
Бұл туралы Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлімдеді
Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова өңір «қызыл» аймаққа кірген жағдайда білім беру саласында енгізілетін шектеулер жайында айтты, – деп хабарлайды El.kz.
– Біріншіден – бұл санитариялық-зарарсыздандыруды күшейту, тазалық жүргізу жиілігін арттыру, кабинеттерді желдету, ауаны зарарсыздандыру. Сонымен қатар кіре берісте сүзгі орнатып, педагогтер мен қызметкерлердің дене қызуын өлшеу қолға алынады, – деді Айжан Есмағамбетов 24kz телеарнасы берген сұхбатында.
Оның атап өтуінше, қашықтан оқыту форматы енгізілмейді. Дегенмен, «қызыл» аймаққа түскен өңірлерде мәдени, тәрбие іс-шараларын, сынып және ата-аналар жиналыстарын өткізуге тыйым салынады.
– Балабақшаларда топтарды біріктіру арқылы өткізілетін іс-шараларға тыйым енгізіледі. Мектептерде жоғары, орта және төменгі сынып оқушыларын бөлектеу жүргізілуі мүмкін. Бұл оларды мүмкіндігінше бір-бірімен кездеспеуі үшін жасалады. Естеріңізде болса, бастауыш және жоғары сыныптар үшін бөлек кіре беріс ұйымдастырған едік, – деді бас санитар дәрігер.
