Елімізде жұмыссыздық деңгейі 4,7% құрады
2023 жылғы IV тоқсанда Қазақстандағы Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша есептелген жұмыссыздық деңгейі 4,7% құрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Республика экономикасының әртүрлі салаларында 9 042,3 мың адам жұмыспен қамтылды, олардың 6 906,3 мыңы (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 76,4%) жалдамалы қызметкер болса, 2 136 мың адам (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 23,6%) – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. 15 және одан жоғары жастағы халыққа шаққандағы жұмыспен қамту деңгейі 65,1% құрады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылдың сәйкес тоқсанымен салыстырғанда жалпы жұмыспен қамтылғандар 76,7 мың адамға өсті, негізінен жалдамалы жұмыспен қамтылғандар есебінен 75,4 мың адамға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар есебінен 1,3 мың адамға өскен.
Жұмыспен қамтылған халық санының ең көп өсімі ақпарат және байланыс, кәсіби және ғылыми қызмет, өнер, ойын-сауық және демалыс салаларында байқалды.
15-34 жастағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,4% құрады. Жұмыс істемейтін және біліммен немесе кәсіптік оқумен айналыспайтын NEET жастарының үлесі 7,1% (379,37 мың адам) құрады.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2024 жылғы қаңтар айының соңына 264,5 мың жұмыссыз ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздардың үлесі жұмыс күшінің 2,8%-ын құрады.