Жаңалықтар

Елімізде заң шығару процедурасы өзгертілді

Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі мәлім етті
Елімізде заң шығару процедурасы өзгертілді
Фото: senate.kz 12.01.2023 12:28 1508

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар Мемлекет басшысының тиісті ұсынуымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын қызметтерінен босату туралы мәселені қарады. Сондай-ақ сенаторлар Парламент Палаталарының бірлескен отырысында конституциялық заң жобасын қарау үшін Палаталардың бірлескен комиссиясының мүшелерін сайлады, бірқатар заңды мақұлдады және депутаттық сауалдарын жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Депутаттар қабылдаған шешімге сәйкес Вячеслав Салий, Асан Ескендіров және Айгүл Қыдырбаева Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босатылды. Ұсынылған кандидатуралар алдын-ала Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде талқыланды.

Отырыс барысында Сенат Төрағасы 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Палата жұмысына қатысты өзгерістерге тоқталды.

«Конституциялық реформаға сәйкес 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап заң шығару процедурасы өзгертілді. Енді Сенат Мәжіліс қабылдаған заңды мақұлдау немесе мақұлдамау туралы шешім қабылдайды. Қажет жағдайда Сенат белгілі бір баптарды өзгерту жөнінде ұсыныс енгізе алады. Тағы бір ерекшелік, Палата отырысында заң бойынша баяндаманы бас комитет уәкілеттік берген Сенат депутаты жасайды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенаторлар отырыс кезінде «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Конфедерациясының Федералдық Кеңесі арасындағы бағалы металдардан жасалған бұйымдардағы сынамалық таңбаны өзара тану жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады. Бұл келісімнің мақсаты – екі мемлекет арасындағы бағалы металдардан жасалған бұйымдардың айналымын оңтайландыру. Заң екі мемлекеттің экономикалық өзара іс-қимылын дамытуды және отандық зергерлік өнеркәсіпті қолдауды көздейді.

Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады. Заң екі елдің азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға арналған. Осы құжат арқылы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздеу және құтқару мәселелері реттеледі. Келісімді ратификациялау екі елдің азаматтық ұшақтарды іздеу және құтқару кезіндегі бірлескен іс-қимылдарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Конституциялық өзгерістерге сәйкес Конституциялық заң жобалары Парламент Палаталарының бірлескен отырыстарында қаралатыны белгілі. Алдағы бірлескен отырыста «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күші жойылды деп тану туралы» Конституциялық заңның жобасы қаралады. Соған байланысты Сенат депутаттары бірлескен комиссияның мүшелерін сайлады. Нәтижесінде сенаторлар Владимир Волков, Сұлтанбек Мәкежанов және Дүйсенғазы Мусин аталған комиссияның құрамына енді.

Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.

Бақытжан Байахметов алдағы уақытта дизель отынының тапшылығы болуы мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Соған байланысты депутат елімізде мұнай өнімдері өндірісінің өсуін ынталандыру жөнінде кешенді шаралар қабылдау қажеттігін тілге тиек етті.

Мұрат Бақтиярұлы Үкіметті ономастика саласындағы мемлекеттік саясатты қайта қарауға шақырды.

Әли Бектаев Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы шаруалардың мәселесін көтеріп, жылыжай бизнесімен айналысатын азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді арттыруды ұсынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға