Елімізде «Ынтымақ», «Бірлік», «Достық» есімді қанша азамат бар?

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Бір шаңырақ астында жүз отыздан астам этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатқан бұл елде халықтар достығы мен өзара құрмет – мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуының басты негіздерінің бірі. Осы орайда, Қазақстанда жыл сайын атап өтілетін ерекше күндердің бірі – 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл мереке – еліміздегі этностар арасындағы бейбіт өмір мен ынтымақты, халықтар арасындағы өзара келісім мен сыйластықты дәріптейтін маңызды мейрам. Бүгін аталмыш күннің қоғамдағы рөлі мен маңызы, сондай-ақ бірлік пен татулықты айшықтайтын ұлттық есімдер туралы айтамыз.
1 мамыр мерекесі қалай тойлана бастады?
Қазақстанда жыл сайын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні ретінде кең көлемде атап өтіледі. Бұл – мемлекетіміздің негізгі құндылықтарының бірі саналатын ұлтаралық татулық пен бірлікті ұлықтайтын мереке. 1995 жылы ресми түрде бекітіліп, 1996 жылдан бастап мемлекеттік деңгейде тойланып келеді. ҚР «Мерекелер туралы» Заңына сәйкес бұл күн – ресми демалыс күні болып саналады.
Мерекенің маңызы ел халқының этникалық құрамының көптүрлілігімен тығыз байланысты. ХХ ғасырдың басынан бастап Қазақстанға түрлі тарихи оқиғалар мен саяси шешімдерге байланысты өзге ұлт өкілдері қоныс аудара бастады. Олардың қатарында поляктар, немістер, украиндар, корейлер, кавказ халықтары және басқа да ұлттар болды. Тың игеру жылдары да көптеген этностардың Қазақстанға келуіне себеп болды. Бұл үдеріс ел халқының құрылымына елеулі әсер етіп, қазақтардың үлесі бір кезеңде 30%-дан төмендеген кездер де болды.
КСРО ыдырағаннан кейінгі кезеңде көптеген этностар тарихи Отандарына оралғанымен, көптеген ұлт өкілдері Қазақстанды өз елі деп танып, осында тұрақтап қалды. Бүгінде қазақтар ел халқының негізгі этникалық тобын құрайды, дегенмен елде жүзден аса ұлт пен ұлыс өкілдері бейбіт және татулықта өмір сүріп жатыр.
1 мамыр – барлық этностардың бейбіт өмір сүруіне, мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтап, еркін дамуына мүмкіндік берген Қазақстан мемлекетінің сындарлы саясатының жемісі ретінде тойланатын мереке. Бұл күн – патриотизм мен елге деген адалдықтың, достық пен келісімнің жарқын көрінісі. Этносаралық татулық пен қоғамдық келісім – тәуелсіз Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі.
Есімі бірлікпен байланысты қазақстандық азаматтар
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, Қазақстан халқы арасында бірлік пен татулықты білдіретін есімдерге деген құрмет ерекше. Елімізде «Бірлік» есімді 484 адам бар, оның 458-і – қазақ. Бұл есімді иеленген бір жасқа да толмаған 8 нәресте бар. Ал «Ынтымақ» есімді 541 адамның 500-і – қазақ. Жас сәбилер арасында да бұл есім танымал – 13 бала бір жасқа толмаған. «Достық» есімді 23 адам тіркелген, оның 22-сі – қазақ ұлтынан. Бұл есімді иеленген ең жас адам – 9 жаста.
Бұл көрсеткіштер – халықтың ел бірлігі мен татулығына деген құрметін, бейбіт өмір мен ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиенің жалғасып келе жатқанын көрсетеді.
Есімдердің мағынасы қандай?
Бірлік – біртұтастық, ауызбіршілік, ынтымақ, келісім деген мағыналарды білдіреді. Бұл сөз көбінесе қоғамның, отбасының, елдің тату-тәтті, бір бағытта өмір сүруін сипаттайды.
«Бірлік» есімі баланың болашағы берекелі, тату, ұйымшыл, елге қамқор азамат болсын деген ізгі ниетпен қойылады. Сонымен қатар, бұл есім отбасы немесе туған-туыстар арасындағы бірлікті сақтауды немесе белгілі бір тарихи оқиға байланысты да қойылуы мүмкін.
Ынтымақ – бірлік, татулық, ауызбіршілік дегенді білдіреді. Адамдардың өзара түсінісіп, тату-тәтті өмір сүруін, бір мүддеге жұмылып әрекет етуін білдіретін ұғым.
Бұл есім балаға бейбіт, бірлікшіл, тату жан болсын деген тілекпен қойылады. Қазақ мәдениетінде ынтымақ – өте жоғары бағаланады, сондықтан бұл есімнің мағынасы да терең.
Достық есімі «адал қарым-қатынас», «татулық» деген мағынаны білдіреді. Бұл есім бала ашық-жарқын, көпшіл, адамдармен тез тіл табысатын, сенімді де тату жан болсын деген ниетпен беріледі. Достық сөзі қазақ мәдениетінде бағалы ұғымдардың бірі ретінде достар арасындағы сенімділік пен өзара сыйластықты білдіреді. Сондай-ақ ол мейірімділік пен адамгершілікті дәріптейді.
Мерекеде қандай сыйлық беруге болады?
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні – дәстүрлі түрде сыйлық берілетін мейрамдардың қатарына жатпайды. Дегенмен, бұл мерекенің мағынасы – адамдар арасындағы достық пен сыйластықты дәріптеу. Сондықтан мерекеде кішкентай болса да көңілге жылу ұялататын символдық сыйлықтар тарту ету орынды болады.
Мерекеде сыйлық беру арқылы «біргеміз» деген ұғымды жеткізуге болады. Мәселен, ұлттық тәттілерден жасалған шағын бокс – мерекелік дастарханның сәнін келтіреді. Шай үстінде ортақ тарихты, ұқсас тағдырды бөліскен халықтардың достығы жайлы сыр шертілсе, керемет болары анық.
Сондай-ақ, этникалық өрнектермен көмкерілген қойын дәптер, жеңіл шоппер сөмке немесе тоңазытқышқа арналған шағын магнит – кәдесый ғана емес, жүрекке жылы тиер естелік бола алады. Мұндай сыйлықтар мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, әр ұлттың мәдениетін құрметтеудің көрінісіне айналады.
Кейде бір күлімсіреу, жылы лебіз немесе шын жүректен айтылған тілек – ең құнды тарту. 1 мамыр – дәл сондай шынайы қарым-қатынастың күні. Бұл күні сыйлықтың көлемі емес, оның артындағы ниет маңызды. Татулық пен түсіністікті ту еткен елдің әр азаматы үшін бұл – жүректен шыққан жылылықпен бөлісетін мереке.
