Жаңалықтар

Елімізде тек қыз-келіншектерге арналған автомектеп ашылды

Елімізде тек қыз-келіншектерге арналған автомектеп ашылды
Фото: Жеке мұрағат 28.11.2023 08:25 750

Елімізге белгілі психолог Ұлдана Әділханқызы тек қана қыз-келіншектерге арналған автомектептің ашылу салтанатын өткізді. Ұлдана елімізде нәзік жандыларға арналған алғашқы автомектептің негізін қалаушы, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұлдананың мұндай қадамға баруына біраз нәрсе түрткі болған. Көлік жүргізетін әйелдерге деген ер адамдардың жағымсыз көзқарасы, әйелдерді көлікті дұрыс жүргізбегені үшін келеке етіп, кемсіту сынды жайттардан бөлек, қазақтың қыз-келіншектерінің дорба арқалап, автобуста артынып-тартынып жүруі де кейіпкерімізге қатты есер еткен.

«Негізі, бұл автомектепті ашуды көптен мақсат етіп жүрдім. Оның үстіне, мамандығымның артықшылығын да пайдаланғым келді. Өзім психолог болғандықтан, рульге жаңа отырған қыз-келіншектердің қорқынышын жеңуге көмектескім келді. Осы ойымды жаздан бастап жүзеге асырып, автомектептің жұмысын бастап кеттім. Бүгінде екі жүзден аса қыз-келіншек білім алып үлгерді. Жақында сегіз қатысушымыз ешқандай тамыр-таныссыз, өз білімімен көлік жүргізу құжатын алды», - дейді ол.

Ұлдана Әділханқызы 8-сыныптан бастап көлік жүргізіп, үйренген. Ал өзінің ресми түрле рульге отырғанына 9 жыл толыпты. Осы аралықта ол бірде-бір рет жол ережесін бұзбаған.

«Әйелдердің көлік тізгіндеуі – заман талабы. Одан басқаша астар іздеудің қажеті жоқ. Таңертең бала-шағасын мектепке таситын, оларды қайтадан үйге ап келетін, жұмыстың, үйдің шаруасымен әрі-бері шапқылайтын кім? Әрине, әйел адам. Сондықтан, әрбір қазақстандық қыз-келіншектің темір тұлпарды жүргізіп үйренгені дұрыс. Әрине, көпшілігінде қорқыныш бар. Мұның болуы да заңды. Тек сол қорқынышты жеңудің жолдарын дұрыстап үйренсе болғаны... Қазір айналамызда көлік жүргізетін нәзік жандылар көбейіп келе жатыр. Әрбір әйел, әрбір ана көлік жүргізіп үйренсе деген тілегім бар», - дейді Ұлдана.

Қазіргі таңда Алматыдағы автомектеп ресми түрде ашылды. Енді жақын арада тек қыздарға арналған автомектеп Тараз қаласында жұмысын бастамақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға