Жаңалықтар

Елімізде табиғи өнімдер шығарсақ, олар әлемде алтынмен пара-пар болады – профессор

Елімізде табиғи өнімдер шығарсақ, олар әлемде алтынмен пара-пар болады – профессор
Фото: ©El.kz/Амангүл ТІЛЕЙ 09.06.2023 14:56 3009

Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің тамақ және қайта өңдеу өндірістері технологиясы кафедрасының профессоры Сағымбек Әлтайұлы бүгін өтіп жатқан форумға қатысу үшін арнайы келген екен. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі сарапшыдан форум жайлы қандай ойда екенін сұрады.

Форум қазақ еліне экономикалық тұрғыда пікір алмасуға және ой-пікірімізді ортаға салып, тәжірибе алмасуға өте қажетті іс-шара болып отыр. Форумның берері көп. Әртүрлі саланы, әсіресе жаһандануды, цифрлық технологияны, цифрлық трансформацияны, жасыл экономиканы дамытуға көп септігін тигізеді. Мәселен, өзіміздің өсімдіктерден пайдалы затты алу, оны энергияға айналдыру, күннің қуатын пайдалану, жасанды интеллект шығару сияқты көптеген адамға көмек беретін дүниелерді ойлап табудың жолдарын қарастырып жатыр, – дейді профессор.

Спикердің сөзінше, Қазақстан аумағы өте үлкен және 6 мыңнан астам өсімдік өседі. Ол сол өсімдіктерден адамның денсаулығына пайдалы өнім алуға болатынын айтады. Бұл бағытта форум аясында нақты пікірлер мен ұсыныстар жасалып жатқанын тілге тиек етті.

Президент өз сөзінде еліміздің өнімдерін экспорттау 30 пайызға ұлғайғанын айтты. Егер біз өз шекарамызды шартты түрде жауып, сырттан келетін өнімдерге тосқауыл қойып, өзіміздің табиғи өнімдерді шығаратын болсақ, бұл өнімдер әлемде алтынмен пара-пар болады. Қазақстан табиғи органикалық затты көп шығарады. Сол себепті әлемнің назары бізде болады, – деді.

Яғни бұл тұрғыда Қазақстанның әлеуеті өте жоғары екенін айтты. Еліміздің аумағында бос жатқан жерлер көп. Сол бос жатқан жерлерді пайдаланып өнім өндіретін болсақ, біраз дүние өзгереді деп есептейді.

Десе де қазір өз-өзімізді қамтамасыз ететін жағдайға жетіп отырмыз. Қытай мен Ресейге елден өндірілетін табиғи өнімдерді алтынмен пара-пар бағамен сататын болсақ, олар алады. Өйткені табиғи өнімге қызығушылық көп. Қарап отырмай, жаһандану заманында әр мемлекеттен идея алу арқылы ойымызды іске асыруымыз керек, – дейді Сағымбай Әлтайұлы.

Форум осы идеяны іске асыруға үлесін қосады. Жастар бұл бағытта жұмыс істеп, мамандықты игеруі қажет. Әсіресе білімге көңіл бөлген дұрыс. Білім арқылы олар жаңа технологияны игеріп, еліміздің өндірісін дамытуға өз үлесін қосады деп санайды.

Ол үшін біз жастарды шетелге жіберуіміз керек. Жастар жаһандану заманында жаңа технологияны игеріп, елімізде оны іс жүзінде жүзеге асыруы керек. Сондай-ақ бізге құрал-жабдық, техникалар жетіспейді. Оны сырт елден алып келгеннің өзінде сол құралды игеретін маман жоқ. Сондықтан дамыған елдерден технологияны алып келіп, оны игеріп, өнім шығаратын болсақ, бұдан да көп жетістікке жетеміз. Сол үшін бізге білім және ғылымды дамытқан дұрыс, – деді ол.

Қорытынды сөзінде сарапшы форумның пайдасы өте зор екенін және әр адам қатысып, өз ойын ортаға салу арқылы жақсысын алып, елімізге пайдасын тигізер дүниеге қол жеткізуге болатынын айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға