Жаңалықтар

Елімізде су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда

Үкіметте су тасқынына қарсы іс-шаралар қаралды
Елімізде су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда
Фото: primeminister.kz 25.03.2023 15:00 747

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы жөніндегі үйлестіру штабы су тасқыны кезеңіне қатысты ахуалды қарады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Үкіметке сілтеме жасап. 

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин алдын алу шараларына қарамастан, еріген және тасқын сулар салдарынан Абай, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Түркістан және Павлодар облыстарында 163 тұрғын үй мен үш ғимаратты су басқанын айтты. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында 13 үй, Атырау облысында бір тұрғын үй су астында қалып отыр.

Су басу салдарын жою үшін 3,5 мыңнан астам адам, 500-ден астам техника, 300 жүзу және 300-ге жуық су бұру құралдары тартылған. Республикалық және облыстық жедел штабтар шұғыл қызметтер мен ұйымдардың қатысуымен су тасқыны бойынша ахуалды бақылайды.

Алдын ала талдауға сәйкес, елді мекендердегі тұрғын үйлерді су басу себептері – өзендердегі су деңгейінің көтерілуі, қорғаныс бөгеттерінің қирауы, азаматтардың жеке учаскелерінен қардың уақытылы шығарылмауы және жол астындағы су өткізу құрылыстарының өткізу қабілетінің төмен болуы.

Премьер-Министр су тасқыны проблемасын бекітілген су тасқынына қарсы іс-шараларды және тиісті Жол картасын іске асыру, сондай-ақ мемлекеттік органдар арасындағы тиімді өзара іс-қимыл арқылы кешенді түрде шешу қажеттігін атап өтті.

Қазір еліміздің солтүстік өңірлерінде ауа температурасы жоғарылап келеді, бұл қалың қарды ерітіп, жаңа тәуекелдердің пайда болуына әкеледі. Осыған байланысты Әлихан Смайылов аса қауіпті учаскелердің маңында арнайы техника мен инертті материалдар қорларын шоғырландырып, өзендердегі мұз жару жұмыстарын жалғастыру және көлік қатынасы тоқтап қалуы мүмкін елді мекендерді алдын ала анықтау қажеттігін атап өтті.

Премьер-Министр елді мекендерге қауіп төнгенде немесе су басқан кезде, сондай-ақ қауіпті аймақтардан көшіру кезінде не істеу керектігі туралы халықты хабардар ету жұмыстарын күшейту керектігін айтты.

«Халықпен нақты кері байланыс орнатып, олардың көмек беру туралы өтініштеріне дереу жауап беру қажет», — деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысының айтуынша, келесі су тасқыны кезеңіне дайындықты қазірден бастау керек: елді мекендердің маңына бөгеттер тұрғызып, су өткізу құрылыстары мен арықтарды дер кезінде тазарту, сондай-ақ су бұру каналдарын дайындау қажет. Сонымен бірге гидротехникалық құрылыстардың, бөгеттердің жағдайын тексеріп, қажет болса, оларды жөндеу бойынша шаралар қабылдау керек.

«Әкімдіктер жолдар мен көпірлердің, электр желілерінің қираған учаскелерін қалпына келтіріп қана қоймай, орын алған жағдайға талдау жүргізіп, келесі су тасқыны кезінде болуы мүмкін қауіп-қатерлерді ескерулері қажет. ТЖМ алдағы жылдарға арналған елді мекендерді су тасқынынан қорғау жөніндегі іс-шаралар кешенін толықтыруы тиіс», — деді Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар Премьер-Министр жылу беру маусымы мәселесіне тоқталды. Үкімет басшысы қыста Екібастұзда, Рудныйда және Риддерде болған жағдайды еске салды, онда туындаған мәселелерді сол бетте шешуге тура келген еді.

«Сөз жоқ, өткен қыс мезгілі жылу энергетикасында, әсіресе, жылу желілері мен жылу станцияларында, қазандықтарда проблемалардың жинақталып қалғанын көрсетті. Кейбір өңірлерде көмірді уақытылы жеткізу мен қамтамасыз ету бойынша проблемалар да туындады. Бұл – жүйелі түрде жүретін жыл сайынғы жұмыс. Онда ешқандай іркілістер мен кемшіліктер болмауы тиіс еді», — деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысының айтуынша, жабдықтардың техникалық жағдайын тұрақты, кешенді және объективті бағалау жүргізілмеген. Осыған байланысты биыл Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар жабдықтар мен желілерді жөндеу бойынша тиісті жобаларды басым тәртіппен қаржыландыруды қамтамасыз ету керек.

Әлихан Смайыловтың сөзінше, биылдан бастап энергетикалық бақылау жұмысы күшейтілмек, оның штат саны 75 адамға ұлғайтылады, сондай-ақ заң жүзінде энергия объектілеріне жоспардан тыс тексерулер жүргізу құқығы берілетін болады. 

«Коммуналдық меншіктегі желілер мен Жылу электр орталықтарын жергілікті атқарушы органдар қаржыландыруға тиіс. Ал жеке меншіктегі Жылу орталықтарын реконструкциялауды меншік иесінің қаражаты есебінен жүргізу керек», — деді Премьер-Министр.

Жалпы, Үкімет басшысының пікірінше, инженерлік желілердің жай-күйін және жөндеу жұмыстарын жүргізуді бақылауды күшейту, сондай-ақ энергия объектілері иелерінің жауапкершілігін арттыру керек – осылардың барлығы шарттарда жазылуы қажет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға