Жаңалықтар

Елімізде соңғы бес жылда 40 мыңға жуық жер сілкінісі болды – сейсмолог

Елімізде соңғы бес жылда 40 мыңға жуық жер сілкінісі болды – сейсмолог
Фото: ukr.net 06.03.2023 16:30 1621

Түркия мен Сириядағы секілді үлкен жер сілкінісі біздің елімізде де болуы мүмкін деген болжамдар айтылып жүр. Себебі, еліміздің бір бөлігі Орталық Азиядағы сейсмикалық қауіпті жерлердің бірі болып саналады. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар Министрлігі «Сейсмология институты» ЖШС-нің директоры Дәулет Сәрсенбаевтың өзінен сұрап білген едік.  

Жақында Түркия мен Сирияда болған қайғылы оқиға барша адамзатқа ауыр тиді. Мұндай жағдай біздің еліміздің бірнеше өңірінде қайталану қаупі бар екендігі айтылады. Осы тұста еліміз мұндай апаттарға қаншалықты төтеп бере алады деген сұрақ туындайды?

Шығыс Қазақстан облысынан бастап, Қызылорда облысына дейін жерасты дүмпулері жеті-тоғыз баллға дейін жетуі мүмкін сейсмикалық қауіпті жерлер бар. Әсіресе, Алматы облысы бұл жағынан Орталық Азиядағы өте қауіпті аймақта орналасқан. Бұрын бұл жерде күшті жойқын жер сілкінісі бірнеше рет болған. Мәселен, 1887 жылғы Верный жер сілкінісін және 1911 жылғы Кемин жер сілкінісін айтуға болады.

Қазақстандық сейсмолог ғалымдар еліміздегі сейсмикалық қауіптілік бойынша тұрақты түрде жұмыс істеп, жалпы сейсмикалық аудандау, аймақтарға бөлу деп аталатын карталарды әзірлеуде. Мұнда сейсмикалық қауіпті, сейсмикалық белсенді аймақтардың сейсмикалық әлеуетінің көрсеткіші  де көрсетілген. Сонымен қатар, басқа карталар да құрастырылған, оның ішінде елді мекендер үшін жасалған карталар бар. Мысалы, Алматы қаласы  үшін  сейсмикалық микроаймақтандыру картасы әзірленді.

Соңғы бес жылда Қазақстан аумағында сейсмикалық аспаптармен 40 мыңға жуық жер сілкінісі тіркелді. Атап айтқанда, 2018  жылы – 8500, 2019  жылы – 7800, 2020 – 9500, 2021 жылы – 6700, ал, 2022 жылы  6900 рет болған сілкініс тіркелді. Бұл геологиялық аймақтың сейсмикалық көріністегі өмірі. Яғни, аппаратуралар болмаса, адамзат баласының бәрі бірдей сезе бермейтін өте нәзік сілкіністер деп айтуға болады. Көпшілік  халық  мейлінше сезінген жер сіліністері де болды. Соңғы бес жылда Қазақстан аумағында осындай 66 сейсмикалық оқиға тіркелді. 2018 – 20, 2019 – 11, 2020 – 15, 2021 – 11, 2022 – 9. Алматыда айқын сезілген  жер сілкінісі  2022 жылдың 28 желтоқсанында Алматыдан 190 шақырым жерде Қырғызстан мен Қытайдың  шекаралас жерінде болды.

Сейсмологиялық жағдайды бағалау үшін Сейсмология институтының қызметкерлері әртүрлі өзектілік бойынша болжамды бағалаулар жасайды. Айталық,орта мерзімді болжам және қысқа мерзімді болжамдар бар. Орта мерзімді жоспар жылына екі рет – жылдың  басында және ортасында нақтылаумен құрастырылады. Күні кеше ғана біз Алматы полигоны аумағындағы жер сілкінісінің орташа мерзімді болжамы бойынша қорытынды әзірлеп, уәкілетті органдарға тапсырдық. Бұл тұжырымға сәйкес, 2023 жылы Алматы полигоны аумағында жеті баллдан  және одан жоғары жер сілкінісі күтілмейді. Ғылыми зерттеулер бойынша апта сайын қысқа мерзімді қорытынды жасалады, ол 200-ден астам болжамдық параметрлерді талдау негізінде құрастырылады.

Елімізде сейсмологиялық апаттардың алдын алуға қандайда бір жобалар іске асырылып жатыр ма?  

Қазіргі таңда Алматы қаласының ТЖД-мен бірлесіп, күшті жер сілкіністері туралы ерте хабарлау жүйесін орнату жобасы бойынша жұмыс жүргізілуде. Жаңа жүйе автоматты режимде жойқын сейсмикалық толқынның қалаға жақындағаны туралы дабылды қолыңыздағы мобильді қосымшаның көмегімен алдын ала хабарлауға арналған. Сейсмостанциялар Алматы сейсмикалық полигонының аумағында, сейсмология институтының қолданыстағы станцияларының базасында, сондай-ақ, Алматы облысының жекелеген жер учаскелерінде орналасатын болады. Бұл қатты жер сілкінісі толқындарын тіркейді. «Darmen» жүйесі төтенше жағдайлар қаупі туралы халықты дереу хабардар етуге мүмкіндік беретін бірден бір құрал. Мысалы, магнитудасы 4 балл және одан жоғары жер сілкінісі кезінде сейсмодатчиктер іске қосылғанда азаматтардың смартфондарына хабарламалар автоматты түрде жіберіледі. Зілзала туралы ескерту жүйесін AppStore немесе PlayMarket платформаларынан тегін жүктеуге болады. Қала айналасында қауіптің жақындағаны туралы бірнеше ондаған секунд ішінде ескертуге мүмкіндік беретін сейсмикалық датчиктер орнатылған. 2025 жылға дейін ерте хабарлау жүйесінің 28 сейсмикалық станциясын орнатуды жоспарлап отырмыз.

Еліміздің қауіпті өңірлерінде орналасқан сейсмологиялық станцияларды техникалық жарақтандыру қазіргі заманғы талаптарға сай келмейтіні анықталды. Біз жабдықтың саны бойынша да, оның сапасы бойынша да артта қалып отырмыз.

Жер сілкінуі сыңды апаттардың алдын алу мүмкін бе? Мұндай жағдай тәжірибе жүзінде орын алды ма? 

Жер сілкінісін болжау мәселесін шешуде бірқатар қиындықтар бар. Біріншіден, жер сілкінісін тудыратын физика-химиялық процестер Жер қойнауының тереңінде жүреді, олар тау жыныстарының көп шақырымдық қалыңдығын бақылаудан жасырылады. Екіншіден, жер сілкінісіне әкелетін геологиялық процестер өте баяу жүреді. Жер астындағы мүндай құбылыстар жүздеген және мыңдаған жылдар бойы қарқын алып, жер бетіне үлкен күшпен шыққанша жүздеген және мыңдаған шақырымдық кеңістікті қамтуы мүмкін.

Жер сілкінісін болжау дәлдігін арттыру бүгінгі таңда Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өзекті мәселе болып табылады.

Жалпы Қазақстан тарихындағы сейсмикалық орын алған апаттар туралы айтып өтсеңіз? Ең жоғары баллды жердің сілкінуі қашан және қайда тіркелді? Салдары қандай болды?   

Күшті жер сілкіністері, әдетте, әртүрлі дәрежедегі блоктардың шекараларына сәйкес келеді және әртүрлі бағыттағы сызықты ұзартылған аймақтарды құрайды. Алматы аймағы Іле-Күнгей сейсмикалық белсенді аймағына жатады. 1887 жылдан 1911 жылға дейін бұл аймақта 17-18 энергетикалық класы бар үлкен жер сілкінісі болды. Алматы мен Алматы облысының аумағы, әсіресе оның оңтүстік аудандары сейсмикалық белсенділіктің жоғары деңгейімен сипатталады. Дәл осы жерде бұрын белгілі болған сейсмикалық апаттар болды. 1887 жылы 9-10 баллдық Верный жер сілкінісі, 1889 жылы 10 баллдық Шелек жер сілкінісі, 1911 жылы 10-11 баллдық Кемін жер сілкінісі. Бұл әлемдегі ірі жойқын  жер сілкіністерінің қатарынан орын алады. Верный қаласы екі рет қирады. Мұндағы қазіргі сейсмикалық белсенділік те жоғары, бұған соңғы жылдары болған 7-8 баллдық жер сілкінісі дәлел.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға