Елімізде соңғы 3 жылда 12 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды

Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов мемлекет басшысының жерді қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы 2022 жылғы қыркүйектегі Жолдауында 10 млн гектар пайдаланылмаған немесе заңсыз бөлінген жерлерді қайтару міндетін қойған болатын. Бүгінгі күні мемлекеттік қорға 12,1 млн гектар жер қайтарылды. Сонымен қатар, 9,4 млн гектар аумақта 4 731 жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
Спикердің айтуынша, жердің деградациясы маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Қазіргі таңда шамамен 30 млн гектар жер эрозия және басқа да теріс процестердің салдарынан тозған. Осыған байланысты бірыңғай топырақ кластерлік қызметі құрылды.
205 млн гектар аумақты қамтитын цифрлық ауыл шаруашылығы карталары жасалып, жұмыс аяқталды. Сонымен қатар, 2024 жылы Парламентке топырақты қорғау туралы заң жобасы енгізілді. Бұл құжат жер сапасын сақтау және оның тозуын болдырмау жөніндегі мемлекеттік саясаттың негіздерін белгілейді.
Мұрат Теміржанов үш жыл ішінде жер ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілгенін атап өтті. Заңнамалық шаралар қабылданып, топырақ және геоботаникалық зерттеулер аяқталды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы алқаптарының цифрлық дерекқоры құрылды.
Жердің деградациясына қарсы күрес, көміртекті шаруашылықты дамыту, инновациялық технологияларды енгізу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту – алдағы басым міндеттердің қатарында қала бермек.
