Жаңалықтар

Елімізде саяхатшыларға арналған жаңа сақтандыру жүйесі іске қосылмақ

Елімізде саяхатшыларға арналған жаңа сақтандыру жүйесі іске қосылмақ
Фото: pixabay.com 08.04.2025 16:38 1269

Ендігі ретте билетті сатып алу кезінде бірден сақтандыруды рәсімдеп, кестеде өзгерістер болса, өтемақы алуға болады. Осы ретте El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі жаңа сақтандыру жүйесіндегі артықшылықтарға тоқталды.

2025 жылғы мамыр айынан бастап, Қазақстан азаматтары ұшақ рейстерінің кешігуінен сақтандыруды рәсімдей алады. Бұл сақтандыру саяхатшыларға рейсінің статусы өзгерсе, өтемақы алуға мүмкіндік ұсынады. Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, аталмыш жобаны іске асыру мақсатында жұмыс қарқынды жүргізілуде. Жоба жолаушыларға рейстің кешігуі жағдайына байланысты өтемақы алуға жағдай жасайды.  

Бұл шара жолаушылардың құқықтарын қорғауға бағытталады. Айта кету керек, басқа елдерде, мәселен, АҚШ пен Еуропалық одақта бұл тәжірибе көптен бері қолданылып келеді.

2024 жылдың тамыз айында көлік министрлігі рейс кешігулеріне қатысты жолаушылардың құқықтарын қорғауды жақсартуға бағытталған заңнамалық өзгерістерді дайындап жатқанын хабарлаған еді. Көлік вице-министрі Талғат Ластаев кешігулерден сақтандыру және шағымдарды цифрлық платформалар арқылы беру сияқты түрлі тәсілдер қарастырылып жатқанын атап өткен болатын.

Сондай-ақ, 2024 жылдың қараша айында әуе компанияларының рейс кешігулері үшін айыппұлдарды арттыру мәселесі талқыланған-тын.

Айыппұл мөлшерін 200 АЕК-тан 400 АЕК-қа дейін (738,4 мың теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін) арттыру ұсынылды. Ал жыл бойы қайталанатын құқықбұзушылықтар үшін айыппұлды 1 мың АЕК-тан 2 мың АЕК-қа дейін (3,7 млн теңгеден 7,4 млн теңгеге дейін) көтеру көзделді.

Рейс кешігулеріне байланысты жағымсыз тосынсыйлардан сақтану үшін:

  1. Сақтандыру шарттарын зерттеңіз

Рейс кешігуінен сақтандыруды сатып алмас бұрын, барлық шартты мұқият зерттеңіз. Не қамтылатынын, кешігудің қанша уақытқа созылуы қажет екенін, өтемақы алу үшін қандай құжаттар керек екенін біліп алыңыз.

  1. Билетті сатып алу кезінде сақтандыруды рәсімдеңіз

Сақтандыруды билетті сатып алған кезде бірден рәсімдеңіз. Бұл ұшу күні артық әуре-сарсаңға салынбай, кешігу жағдайында өтемақы алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

  1. Рейстің статусын қадағалаңыз

Билетті сатып алғаннан кейін рейстің статусын үнемі бақылап отырыңыз. Рейс кешіксе, жаңа ұшу уақытын біліп, өтемақы алу үшін уақытылы өтініш беріңіз.

  1. Жолаушы құқықтарын ұмытпаңыз

Сақтандырудан бөлек, жолаушы ретінде басқа да құқықтарыңыз туралы біліп алыңыз. Елімізде рейс кешіккен жағдайда, тамақтану, тұрақ немесе өтемақы алу сияқты жолаушылардың құқықтарын қорғайтын бірқатар заңнамалық норма бар.

  1. Цифрлық қызметтерді пайдаланыңыз

Мобильді қосымшалар мен онлайн платформаларды өтемақы алу үшін пайдаланған дұрыс. Көптеген елде бұл қызметтер кеңінен қолданылып келеді. Жуырда Қазақстанда да қолжетімді болады.

  1. Өтініштерді уақытында тапсырыңыз

Өтінішті белгіленген мерзімде тапсыру маңызды. Әдетте, рейс кешіккеннен кейін өтемақы төлеуге өтініш беру үшін белгілі бір уақыт беріледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға