Жаңалықтар

Елімізде құрылыс материалдары 50 пайызға қымбаттаған

Қазақстанда жоғары өңделген өнім шығаратын кәсіпорындар жеткіліксіз
Елімізде құрылыс материалдары 50 пайызға қымбаттаған
Фото: archi.ru 25.11.2022 14:46 1450

Сенат депутаты Серік Шайдаров құрылыс материалдарының барлық түрі іс жүзінде 50 пайызға қымбаттағанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Есеп комитетінің мәліметі бойынша, құрылыс нысандарының сметалық құжаттамасында тұрғын үй құнының 65 пайызын құрылыс материалдары құрайды. Сондықтан нарықтағы кез келген ауытқу, құрылыс саласының дамуы құрылыстың құнына ғана емес, тұрғын үй құрылысының қарқынына да тікелей әсер етеді», деді Серік Шайдаров Сенатта өткен Үкімет сағатында.

Сенатордың айтуынша, Қазақстанда жоғары өңделген өнім шығаратын кәсіпорындар жеткіліксіз.

«Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 18 негізгі құрылыс материалдары бойынша импорт үлесі 50%-дан асады. Ішкі нарыққа құрылыс материалдарының импорты 2022 жылғы қаңтар-тамызда 3%-ға жуық өсіп, 799,5 млн долларға жетті. Осы кезеңде Қазақстанда қаптама керамикалық кірпіш, бетон бұйымдары, силикат және қож кірпіш, портландцемент, құрама құрылыс конструкциялары, дайын бетон өндірісі физикалық түрде төмендеді», деді депутат.

Серік Шайдаров 2025 жылға дейінгі құрылыс индустриясы жобаларын егжей-тегжейлі жүзеге асыру бойынша Жол картасын бекіткендерін еске салды. 157 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

«Енді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әкімдіктермен бірлесе отырып, жоспарланған барлық жобаларды қисынды қорытындыға жеткізіп қана қоймай, сонымен қатар өңірлер мен облыстар деңгейінде құрылыс материалдарына деген қажеттілікті толық қамтуды қамтамасыз ету маңызды», деді Шайдаров.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға