Жаңалықтар

Елімізде құқық бұзғандарды видеоға түсірген куәгерлер ақшалай сыйақы алады

Елімізде құқық бұзғандарды видеоға түсірген куәгерлер ақшалай сыйақы алады
Фото: pixabay.com 18.09.2024 13:16 397

Ішкі істер министрлігі құқық бұзғандарды дер кезінде видео түсірген азаматтарды марапаттауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

ІІМ «Ашық НҚА» порталында «Құқық бұзушылықтар профилактикасы туралы» заң жобасын әзірлеп, жариялады.

Заң жобасы аясында азаматтарға «қоғамдық көмекші» болуға және тәртіпті сақтауға қатысуға мүмкіндік беру жоспарланған. Жобада құқықбұзушылықтың алдын алып, жолын кесіп немесе бейнежазбаға түсірген әлеуметтік жауапкершілігі бар азаматтарды ынталандыру да қарастырылған.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы бейнежазбаны уәкілетті органдарға жіберген азаматтар құқық бұзушыдан өндірілген айыппұл сомасынан ақшалай сыйақымен марапатталады немесе жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша жеңілдіктер (қоғамдық көлікте тегін жүру, тегін автотұраққа немесе басқа жеңілдіктер) қарастырылады, - делінген заң жобасында.

Сыйақы мөлшерін арнайы комиссия белгілейді. Егер бір бұзушылықты бірнеше адам хабарласа, бірінші ақпарат берген адамға сыйақы тағайындалады. Мәселен, Қазақстан тұрғыны жол қозғалысы ережесінің бұзылуына куә болса, заңбұзушылықты видеоға түсіріп, жазбаны құқық қорғау органдарына тапсырса, сыйақы алуы мүмкін.

Заң жобасы қоғамдық талқылау 10 қазанға дейін жалғасады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға