Елімізде құны 5 млрд теңге болатын жаңа құс фабрикасы іске қосылды
Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданында қуаттылығы жылына 5 мың тонна тауық етін өндіретін құс фабрикасы ашылды, деп хабарлайды El.kz Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кәсіпорын Big Dutchmen, Szlachet-Stal және Vagner компанияларының заманауи еуропалық жабдықтарымен жабдықталған, ол болашақта жылына 20 мың тоннаға дейін құс етін өндіруге мүмкіндік береді. Құс фабрикасы 165 адамды жұмыспен қамтыды. Жобаның құны 5 млрд теңге, оның ішінде СҚО-ны дамытудың кешенді жоспары шеңберінде ӘКК арқылы жеңілдетілген қарыз есебінен қаржыландырылды. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау аясында кәсіпорынға тиісті инфрақұрылым тартылды, - деп атап өтті министрліктің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысының соңғы екі жылында ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыруға 35 млрд теңге бөлінді. 10 айдың қорытындысы бойынша өңірде 1 трлн теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді.
Жалпы, Қазақстанда 65 құс фабрикасы бар. 2022 жылы құс етін өндіруді 2,9% - ға, 239,6 мың тоннаға дейін ұлғайтуға қол жеткізілді. Тағамдық жұмыртқа шығару 4,9% - ға артып, 4,2 млрд данаға жетті.
Ағымдағы жылы құс шаруашылығын қолдауға 8,1 млрд теңге бөлінді, оның ішінде асыл тұқымды тәуліктік төлді сатып алуға 617,5 млн теңге, ал жұмыртқа өндіру құнын арзандатуға - 7,5 млрд теңге бағытталды.
Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында қазақстандық нарықтың меншікті тағамдық жұмыртқамен қамтамасыз етілуі 101% құрайды. Құс еті бойынша қамтамасыз ету көрсеткіші 50% - дан 65% - ға дейін өсті. Осылайша, 2025 жылға қарай жаңа құс фабрикаларын салу және жұмыс істеп тұрған құс фабрикаларын жаңғырту есебінен құс еті бойынша импортты толық алмастыруды іске асыру жоспарланып отыр.