Жаңалықтар

Елімізде қант қызылшасын жинау науқаны аяқталды

Елімізде қант қызылшасын жинау науқаны аяқталды
Фото: ©Pixabay.com 21.12.2024 05:30 113

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте қант қызылшасын жинау нәтижелері қарастырылды. Елімізде қант қызылшасының орташа өнімділігі гектарынан 535,5 центнерді құрап, шамамен 1,3 млн тонна жиналды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

АШМ мәліметінше, 20 желтоқсандағы жағдай бойынша қазақстандық қант зауыттары өңдеуге 988,6 мың тонна  өнім қабылдады: «Ақсу қант» зауыты – 351,7 мың тонна (оның ішінде Жамбыл облысынан – 39,3 мың тонна); Көксу қант зауыты – 252,6 мың тонна; Меркі қант зауыты – 384,3 мың тонна. Қалған өнім өңдеуге дейін фермерлердің қант қызылшасы үйінділерінде сақтаулы.

Жалпы өнімнің жартысы – 640 мың тонна Жамбыл облысында жиналды. Бұл аймақта қант қызылшасын тек Меркі қант зауыты өңдейді. Қолданыстағы қуаттылықтарға сәйкес, Меркі зауыты 450 мың тонна, Жетісу облысындағы Ақсу зауыты 100 мың тонна қабылдайды, ал қалған 90 мың тонна қант қызылшасы Қырғызстанның қант зауыттарына жөнелтіледі, - делінген мәліметте.

Мұндай шешім жиналған өнімнің барлығын толық өңдеуді қамтамасыз ету мақсатында қабылданды. Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасында қант қызылшасын үздіксіз қабылдау, өңдеу және дайын қантты кері жеткізу бойынша келісімдер бекітілген.

Сонымен қатар фермерлерге қант қызылшасын қай зауытқа тапсырғанына қарамастан, қолданыстағы тәртіп бойынша әкімдіктер мен қант зауыттары тарапынан субсидиялар төленеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға